Жерлестеріміз мықтылығын дәлелдеді
Осыдан біраз бұрын Ақмола облысының Щучинск қаласында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионаты мәресіне жеткен болатын. Аталмыш жарыста 68 жастағы жерлесіміз, Күршім ауданындағы Ақши ауылының тумасы, белгілі спортшы, жекпе-жек шебері Дәулет Темірханов бас жүлдені жеңіп алған-ды.
Дүбірлі додаға 450-ден астам үміткер қатысып, бірнеше салмақ пен жас дәрежесінде өзара мықтыны анықтаған.
Айта кетейік, биыл 14 пен 19 маусым аралығында Астанада Әлем чемпионаты өтуі тиіс. Ал Щучинск қаласында өткен аталмыш сайыс – сол жаһандық доданың іріктеу сыны деуге болады. Оған Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік барлау басқармасы, ІІМ «Сұңқар» арнаулы жасағы сияқты күш құрылымдары аттандырған кіл мықтылар қатысты. Арасында 75 спорт шебері, 33 халықаралық деңгейдегі спорт шебері және спорт шеберлігіне үміткерлер де болды.
Ал бүгінгі кейіпкерімізге келсек, Дәулет Темірханов – запастағы полиция полковнигі, қоян-қолтық ұрыс пен самбо күресінен оннан астам спорт шебері мен халықаралық деңгейдегі спорт шеберін даярлаған білікті бапкер. Ол жекпе-жектің осы бір түрін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін сан мәрте министрліктің дипломымен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазір Астана қаласында тұрады. Екі ұл тәрбиелеп отыр.
Жалпы, Щучинсктегі жарыста тағы бірнеше жерлесіміз үздіктер қатарынан көрінгенін айту керек.
Турнир аясында әскери қоян-қолтық ұрыстан да сайыс ұйымдастырылған болатын. Осы сында 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирінің орынбасары, полиция капитаны Бейбіт Хамидуллин үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ қоян-қолтық ұрыстан өткен сайыста оқу-жаттығу взводының аға инспекторы, полиция майоры Айбек Саметаев үздік үштіктен көрінді. Салмағы 88 келіден аспайтын спортшылар бәсекесіне қатысқан жерлесіміз қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осы ретте, Бейбіт пен Айбектің еншісінде бірнеше республикалық және халықаралық жарыстың жүлдесі бар екенін де айтқан орынды.
Сәрсен Қабылым