Өнер

Жерлестері жеңімпазды қошеметпен қарсы алды

 Біз қашанда қуанышты жаңалықты бөркін аспанға атып қарсы алатын жұртпыз. Байырғы ғұрыптан бері «баласы түзде бәйгеге шапса, анасы үйде тақымын қысып» отыруды әдетке айналдырған елміз. Шығыс жұрты бұл әдетті тағы бір мәрте жаңғыртып, әнші ұлдарына жаппай дауыс беру арқылы «Х-Ғactor» байқауының сахна төріне көтерген болатын. Күні кеше өздері жеңіс шыңына шығарған жеңімпаз ұлдарын жұрт болып жиналып қарсы алды.

Біз осыған дейін жазғанымыздай жерлесіміз Мирас Ерболов «Х-Ғасtоr» республикалық жастар вокалдық байқауының 9 маусымының жеңімпазы атанған болатын. Әншіге Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылындағы жерлестерімен қатар, еліміздегі өнерсүйер жұрт қолдау көрсетіп, сүрінген кезде сүйеу болған еді. Осыдан кейін ол күш алып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңіспен оралған әнші өзіне қолдау көрсетіп, өнердің биігіне көтерген жұртпен кездесіп, көпшілікке ризашылық білдірді. Ол облыс орталығына орала сала алдымен облыстық жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының арнаулы және әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қонақта болып қайтты.

– Үлкен байқауда ел үмітін ақтап жеңіспен оралған әнші бауырымызға шығармашылық табыс тілеймін! Үлкен сахнада талантын танытып, өнерін дәлелдеп шығу оңай емес. Десе де біздің жерлесіміз бүгін өнердің биік белесін бағындырып келіп отыр. Оған ел болып қуанып жатырмыз. Сонымен қатар біздің тілегімізді орындап, осы орталыққа келгеніңізге рақмет! – деді орталық директоры Ерболат Ошақбаев.

Осылайша жүлделі оралған жеңімпаз әнші жиналған жұртқа әсем әндерімен шашу шашып, алғыс арқалап қайтты. Қолдау көрсетіп қарсы алған жерлестеріне де ризашылық білдіріп, байқау барысын азды-кемді баян етті.

– Маған қолдау көрсетіп, енді міне алдымнан шығып күтіп алып жатқан жерлестеріме рақмет! Мен бұл жолы өзімді халықаралық деңгейдегі эстрадалық, джаз жанрларының әншісі ретінде көрсете алдым деп ойлаймын. Байқау барысында көптеген оқиғалар болды. Мен Игорь Корнелюктің «Город которого нет» әнін орындаудың алдында досымның реанимацияға түсіп қалғанын естідім. Сондықтан  бұл әнді шын толқып, жанарыма жас алып тұрып орындап шықтым. Сол себепті де ән шынайы, әсерлі шықса керек. Өкіншіке қарай, досым бақилық болып кетті. Осыдан кейін конкурсты ұйымдастырушылардың рұқсатымен оның жерлеу рәсіміне қатысып келіп, байқауды ары қарай жалғастырдым. Бұл жолы мені қолдаған адамдар көп болды. Қолдаудың қандай болатынын шын сезіндім деп айта аламын. Отбасымның, туған-туыстарымның, достарымның, әріптестерім мен барша жерлестерімнің қолдауы ерекше болды. Әлеуметтік желіде қаншама пікір жазылып, талай флешмоб ұйымдастырылып, аудан көшелеріне баннерлер мен билбордтар орнатылды. Аудан әкімдігі зор қолдау танытты. Оқушыларым да хабарласып: «Сәттілік, аға! Жеңісіңізді тілейміз!» – деді. Сол үшін баршаңызға шын жүректен рақмет айтқым келеді! – деді Мирас Ерболов.

Осылайша олжалы оралған әнші өнерліге қашанда жол ашық екенін дәлелдеп, өзгеге өзін үлгі етті. Өнерлінің тасы өрге домаласа, елдің мерейі үстем болмақ. Талантты жастардың таныла беруіне ел тілектес.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

Осы айдарда

Back to top button