Мәдениет

Жерлесіміз Димашпен бірге лауреат атанды

Жерлесіміз Димашпен бірге лауреат атанды
Облыстық музей-қорықтың сирек кітаптар және икона жазу бөлімінің ғылыми қызметкері Гүлжан Кашаку «Музей ісі» аталымы бойынша Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты атағын алды.
Ол байқауға «Шығыс Қазақстан облысы ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасының музей-қорықта зерттелуі мен насихатталуы» тақырыбында жобасын ұсынған екен.
Байқауға республиканың түкпір-түкпірінен 127 өтінім түсіпті. Солардың ішінен 18 үміткер комиссияның шешімімен ғылым мен техника, мәдениет пен өнер саласынан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты атанды. Жеңімпаздар қатарында «Астана Операның» маңдайалды әншісі Талғат Мұсабаев пен балет бишісі Мадина Басбаева, талантты жас әнші Димаш Құдайберген бар.
Елбасы қоры сыйлығы 2008 жылдан бері беріліп келеді. Осы уақыт аралығында 160-тан астам қазақстандық жас осы сыйлықтың лауреаты атаныпты.
– Бізге байқау туралы хабарлама кешігіңкіреп жетті. Дегенмен, уақыттың тығыздығына қарамастан, осы конкурсқа қатысуыма жағдай жасағаны үшін музей-қорығымыздың директоры Н.Зайцевқа және директордың ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі орынбасары Ж.Қайырбаеваға өз ризашылығымды білдіремін, – дейді Гүлжан Кашаку.
Елбасы қоры сыйлығының лауреаты атағы өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтқан жеңімпаз жерлесіміз жастарға қолдау көрсеткен қорға алғысын жаудырды. Жеңімпаздар медальдармен қатар жарты миллион теңгелік ақшалай сыйлықты да еншілеріне жазған. Жүлдегер жерлесімізді 8 Наурыз мерекесімен қатар келген қуанышымен құттықтаймыз!

Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button