Жерлесіміз «X-Factor» байқауының финалына өтті
Танымал «X-Factor – Қазақстан» телевизиялық ән байқауының тоғызыншы маусымында Шығыс Қазақстан атынан өнер көрсететін Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылының тұрғыны, қарапайым мектеп мұғалімі Мирас Ерболов финалдық кезеңге өтіп, жерлестеріне қуаныш сыйлады.
Тележобаның алғашқы кезеңінде қазылар алқасы Мирастың өнерін жоғары бағалап, барша жерлестерінің мерейін асырған еді. Ақтық кезеңге бір қадам қалғанда жолдамасыз қалған жас әншіге барша жанкүйер болған көрермен қолдау танытып, онлайн дауыс беру нәтижесінде ол басым дауыс жинап, тікелей эфирде өтетін финалдық кезеңге өтті. Мирастың осы бір қуанышты сәтіне баршамыз «Еуразия» арнасынан көрсетілген алғашқы концертте куә болдық. Бір қызығы, алғашқы финалдық концертке қонақ ретінде қатысқан Мирас қатысушылар қатарына іліккенін өзі де білмеді. Оның өткені туралы қуанышты хабарды тікелей эфир барысында шоу жүргізушісі Арнұр Ыстыбаев жария етті.
Жалпы, аталмыш халықаралық тележобаның негізін 2004 жылы ағылшын продюсері Саймон Ковел қалаған. Сол уақыттан бері бұл жоба әлем бойыша кең танымал болып, қазірге дейін көптеген мемлекеттерде өткізіліп жүр.
Елімізде «X-Factor» жобасы 2011 жылы бастау алды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен талантты әншілерді іздестіріп, олардың өнерін қалың көпшілікке танытуға бағытталған телевизиялық жобаға он жылдан астам уақыт ішінде мыңдаған өнерлі жан қатысып, отандық сахнада бағын сынап, жұлдыз атануға мүмкіндік алды. Тележобаның барлық маусымын «Еуразия» арнасы көрсетіп келеді.
Тоғызыншы маусымда «X-Factor» тележобасы мен «Еуразия» арнасының түсірілім командасы еліміздің 12 қаласында болып, 12 мыңнан астам адамды тыңдап қайтты. Жоба қатысушыларының жас мөлшеріне шек қойылмаған, сондықтан оған жастармен қатар, аға буын өкілдері де белсенді қатысып, өз өнерін көрсетті. Қазылар алқасы өнерлі жандардың әншілік қырымен бірге әртістік қабілеттерін, сахнадағы өзін-өзі ұстау мәдениеті мен өзіндік тартымдылығын да бағалады. Іріктеуден екінші кезеңге небары 100-ден аса адам өтті. Бұл кезеңнен 9 адам ғана іріктеліп алынып, жобаны жалғастыруға мүмкіндік алды. Өнерпаздардың жобадағы ендігі тағдыры тікелей көрермендердің қолында, өйткені үздік әншіні қазылар алқасы емес, дауыс беру арқылы көрермендер таңдайды.
Биылғы маусымда байқау қатысушыларына Ділназ Ахмадиева, Нұрберген Махамбетов пен Ева Бехер сияқты елге танымал өнер адамдары тәлімгерлік етеді. Мирас Ерболов Нұрбергеннің тобына қосылды.
Алғашқы тікелей эфирдің қорытындысы бойынша Мирас Ерболов тыңдармандардан жетерлік дауыс жинап, келесі эфир кешіне жолдама алды. Жоба барысында Мирас 10-шы нөмірмен өнер көрсетпек.
– Ұлымыз бала кезінен әншілікке құмартып өсті. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәтінен бастап мектепішілік, аудандық, кейіннен республикалық түрлі байқауларға қатысып, аудан намысын қорғап жүрді. Жоғары оқу орнына түсіп, қалаған мамандығын меңгеріп жүрген кезінде де әншілікті тастаған жоқ. Ұлымыздың осындай ауқымды байқауға қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсеткені – біздің ғана емес, облыс пен ауданымыздың қуанышы. Баламызға алдағы кезеңдерден сүрінбей өтіп, жеңімпаз атануына тілекшіміз. Бағы жанып, өнерімен өрге жүзсін! – дейді өнерпаздың ата-анасы.
Жерлесіміздің финалдық кезеңде сүрінбей, өнерін жалғастырып, жеңімпаз атануы үшін тындармандар 8 (7273) 45-44-44 нөміріне телефон шалып, 10 санын теріп, немесе Телеграм мессенджерінің @Xfactorkz2022_bot адресіне 10 нөмірін хабарлама етіп жібере алады.
Жеңіс тұғырынан көрініп, өнеріңмен көрерменіңді тамсандыра бер, Мирас! Тек алға!
Тимур Смағұлов
Катонқарағай ауданы.