Білім

Жергілікті өндірушілерге қолдау көрсетіледі

Облыстағы тауар өндірушілер мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тауып келеді. Айталық, тек білім беру мекемелері үшін ғана өңірдегі кәсіпорындардан 100 миллион теңгенің тауары сатып алынған екен.

Өңір басшылығы өнім өндіруші кәсіпорындарды жүйелі қолдау шараларын қолға алып отыр. Мәселен, Өскеменде салынып жатқан үш мектепке қажет жиһаздардың дені облыстағы фирмалардан сатып алыныпты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің кезекті отырысында айтылды.

– Ахмер кентінде салынып жатқан мың орындық мектепке 29 миллион теңгенің, Жаңа Согра кентіндегі №23 мектепке жапсарлас ғимаратқа 23 миллион теңгенің, мың балаға арналған №48 орта мектепке 66 миллион теңгенің жиһаздары мен өзге де құрал-жабдықтары жергілікті кәсіпорындардан алынып отыр. Өзге аудан-қалалардағы 136 мектеп жалпы құны 56 миллион теңгенің тапсырысын берген. Олар да қажетті мүліктерді жергілікті өндірушілерден алмақ, – деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ержан Шорманов.

Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың тауарлар мен қызметтерді өз өңірімізден немесе елімізден сатып алуы – экономиканы дамытуға үлкен сеп.

Қазір мектептердегі асханалар жаңартылып жатыр. Оларға да жиһаздар, ас дайындау техникасы, өзге де құрал-жабдықтар көптеп қажет. Бұл ретте де өңірдегі кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынуға әзір. Сараптама нәтижесінде мектеп асханасына керекті 88 құрал-жабдықтың 33-ін бір ғана өскемендік кәсіпорын өндіре алатын болып шыққан.

– Кейде біз өзімізде де өндірілетін және сапасы жағынан еш кем түспейтін тауарларды шет елдерден немесе өзге өңірлерден сатып алып жатамыз. Мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті үлесті арттыру – Үкімет басшысының және облыс әкімінің тікелей бақылауындағы маңызды мәселе. Барлық аудан-қала әкімдері осы іске жіті назар аударып, әр сала бойынша сараптама жүргізулері тиіс. Жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсеткен жөн, – деп тапсырды осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев.

Жиында сондай-ақ басқарма басшысы көпбалалы және аз қамтылған жанұялардан шыққан балаларды мектеп формасымен қамту үшін биыл облыс қазынасынан 500 миллион теңге қаражаттың бөлінгенін, ал киімдерді жергілікті 16 фирма тіккенін мысал ретінде келтірді.

Ержан Шормановтың айтуынша, енді облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мектеп формасын тігу мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылады. Оқушылар киімін тігуге ниетті кәсіпорындар білім басқармасына өтінім беруі тиіс.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button