Қоғам

Жердің қадіріне жетіп жүрміз бе?

Жердің қадіріне жетіп жүрміз бе?


Тозғанын тыңайтып, игерусіз қалғанын игілікке жаратудың нақты жүйесі болмаған соң, бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Бірақ айналып өтуге тағы болмайды. Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің төрағалығымен осы мәселеге қатысты жиын өтті.

Салғырт қарағандардың салығы ауырлайды

Салада қордаланған мәселе жетерлік. Әркім бас-басына би болған жеке меншіктік жүйеде өзіне сеніп тапсырылған алқапты «Иран бағына» айналдырғандар да, жұмақтай жайқалған телімді тулақтай тоздырғандар да бар. Өкініштісі сол, соңғыларының қарасы мол.

Жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының дерегіне сүйенсек, өткен бір жылдың ішінде алқапты тиімді пайдаланудың тәртібін бұзған 1102 оқиға тіркеліпті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сәйкесінше, аталмыш жер иелеріне салынған айыппұл құны да еселеп артқан. Бүгінде соның 15,7 млн. теңгесі бюджетке түсіпті. Басқарма басшысы Серікжан Жақаевтың айтуынша, жер заңнамасын бұзған оқиғаның 79 пайызы меншігіндегі телімді жылдар бойы игермеуге қатысты тіркелген. Осылайша, не өзі игермей, не өзгеге игілігін көрсетпей келген 869 жер иесі анықталған. Олардың иелігінде жалпы аумағы 63 мың гектардан астам жер бар. Ал алқапты тиімді пайдаланбай, тозуына жол берген 20 жер иеленуші әшкере болыпты. Өкінішке қарай, олардың иелігіндегі, 2,6 млн. гектардан астам алқап игерілуде. Бұл облыстағы ауылшаруашылық мақсатта пайдаланылатын алқаптың 24,5 пайызына тең.

Осы олқылықты жүйелі түрде жою үшін 2014 жылдан бері алқап иелеріне жер пайдаланудың ішкі шаруашылық жобасын әзірлеу міндеттелген болатын. Ол жоба егіс айналымын, топырақ күтімін, себілетін тыңайтқыш пен дәрмектің көлемі мен түрін реттейтін бірден-бір тиімді тетік ретінде бағаланып отыр. Арада үш жыл өтсе де, бұл талапқа құлақ асқандардың саны көңіл көншітпейді. Аймақтағы 10,6 млн. гектар алқаптың тек 15 пайызы ғана аталған жоба бойынша игерілуде. Көш басында Зырян және Шемонайха аудандары тұрса, ең төменгі сатыға Аягөз, Абай, Тарбағатай аудандары мен Семей қаласы жайғасыпты.

-Бұдан былай мұндай бассыздыққа мемлекет сырттан қарап қана отырмайды. Жерді тиімсіз пайдаланғандарға, игерусіз тоздырғандарға салық мөлшерін он есеге дейін арттыру ережеге енгізілді, – дейді Серікжан Жақаев.

Республикалық сарапшылар соңғы жылдары жердің өнімділігі азайғанын айтып дабыл қағуда. Өнімділік азайды дегені – топырақ тозды деген сөз. Жайлаулық жайылымдар да игерілмей, ондағы инфрақұрылым тып-типыл етіп тоналған.

Алты бірдей су бөгені салынбақ

Биыл Жер кодексі жаңартылып, жайылым туралы заң қабылданады. Бұл құжаттар агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асырудың заңнамалық негізі болмақ. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы жеке тұрғын үй құрылысында жинақталған мәселелерді реттеуі тиіс. Әсіресе, жер кезегін сейілтіп, қала іргесіндегі елді мекендердің біркелкі сәулетке енуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Үкімет жер қатынастарын реттеуді оның жағдайын толық зерделеуден бастамақ. Өйткені, біздегі телімдердің кадастрлық құны сексенінші жылдардың аяғындағы деректер бойынша тағайындалып жүр. Әуелі республика бойынша 33 млн. гектар егіс алқабының топырағына талдау жүргізілмек. Осыған таяу жайылымдық алқапқа геоботаникалық зерттеу де жүргізілуі тиіс. Сол зерттеулер нәтижесінде еліміз бойынша жердің электронды кадастрлық картасы жасалады. Суармалы жерді игеру жүйесін бақылауда ұстау үшін барлық гидротехникалық ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтару шаралары басталып та кетті.

Гидротехника демекші, биыл облыста соңғы 25 жылда тұңғыш рет алты жаңа су бөгені салынбақ. Бұл кеңестік дәуірде де танабына су тимеген алқаптар игеріледі деген сөз.

Біздің облысқа келер болсақ, мемлекеттің қолдауы ауылға сезіле бастады. Оған соңғы бір жылда ғана 108 шаруа қожалығы жаңадан құрылғаны дәлел.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова қожалықтар санының артуымен бірге, егіс пен жайылым алқаптары да кеңейгенін айтады. Атап айтқанда, егіс көлемі 215 мың гектарға, жайылым 200,1 мың гектарға ұлғайған. Суармалы алқаптар 1,3 мың гектарға кеңейген.

Жаңа кодекс бойынша ауылшаруашылық жерлерді 49 жылға жалға алу жүйесі қалатын болды. Алайда, жалға алған жерді тоздырмай, тиімді пайдалану талабы күшеймек. Бақылауды салалық бөліммен қоса, ауылдық коруг әкімі де қатаң қадағалайтыны көрсетілген кодексте.

-Өткен айдың басында бұл заң жобасы Парламент Мәжілісінің талқылауына жіберілді. Енді оны ел арасында түсіндіру жұмыстары басталмақ. Ол үшін облыстарда арнайы жұмыс тобы құрылып, аудан-ауданда кесте бойынша кездесулер өткізуі қажет. Біздегі жұмыс тобы облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің басқаруымен осы айдан бастап ел аралауға шығады, – дейді В.Барсукова.

Жерге қатысты тағы бір маңызды жаңалық, жер иелері мен оны жалға алушылардың құжатына кең ауқымда ревизия жүргізілмек. Бұл – Мемлекет басшысының елдегі жер қорына талдау жасау жөніндегі тапсырмасынан туындап отырған шара. Бұл ревизия осы жылдың сәуірінен 2019 жылдың қарашасына дейін жалғасады. Оны жүзеге асыратын аудандық және облыстық жұмыс топтары құрылған. Осы шарамен қатар 2012-2014 жылдардағы инвентаризация кезінде анықталған игерусіз жерлерді мемлекетке қайтару шараларын ширату көзделіп отыр. Дүйсенғазы Мусин бұл бағыттағы жұмыстарды биыл аяқтауды тапсырды. Жайылым туралы заң да ел талқысына берілгелі біраз болды.

-Біздің облыс тарапынан аталмыш құжатқа ондаған ұсыныстар беріліп отыр. Әсіресе, жайылымдардың жағдайын зерттеу жұмыстарын қаржыландыру, елді мекеннің маңайындағы меншік жерлерді мемлекетке қайтару тетіктерін нақтылай түсу мәселелері әлі де жетілдіруді талап етеді, – дейді Виктория Барсукова. Расымен де, аталмыш заң жобасында жергілікті әкімдіктерге, әсіресе, ауыл әкімдеріне көп міндеттер жүктелген. Сондықтан әр ауданға аталмыш заңнамалық құжатты ел арасында қарқынды түсіндіріп, жергілікті әкімдерге қойылатын талаптарды күшейту қажет болып отыр. Жалпы алғанда, жерге қатысты реформалық өзгерістер басталып кетті. Ең бастысы, оның әрбір қадамы елмен келісіліп, жаппай талқылаудан өтіп қана жүзеге асуда. Жерге деген күтім күшейіп, оның құны артады. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Өйткені, әлемдегі дамыған елдердің барлығы осы жолдан өткен.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Қоғам

Жердің қадіріне жетіп жүрміз бе?

Жердің қадіріне жетіп жүрміз бе?

Ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй-коммерциялық мақсаттағы жерлерді тиімді пайдалану, ұқсатылмай жатқан телімдерді мемлекет иелігіне қайтару, суармалы алқаптарды игеру және осыған қатысты басқа да мәселелер облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин өткізген арнайы жиында қаралды.
Жиыны ашқан облыс әкімінің орынбасары өткен жылы орындалған шаруаларға қысқаша тоқталып, 2016 жылы алда тұрған мақсат-міндеттерді атап көрсетті.
– Биылғы бірінші шілдеден бастап елімізде күшіне енетін жаңа заң бойынша жер телімдері нарықтық айналымға енгізіледі. Соған орай алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бұл – өте маңызды мәселе, – деп сөзін бастаған Дүйсенғазы Мусин жиынға қатысушыларға жаңа заңның өзгертулері мен толықтыруларын ескере отырып, биылғы алғашқы жартыжылдыққа нақты жоспар құруды тапсырды.
Ресми дерек көзіне сүйенсек, қазір аймақта 10,2 млн. га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бар, оның ішінде егістік алқап 1,4 млн., көпжылдық шөптер – 2,3 мың, кен шоғыры – 46,6 мың, шабындық – 455,5 мың, жайылым – 8,3 млн. гектар аумақты алып жатыр.
– Өткен жылы өңірде егіндік алқаптарды айналымға енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде Бородулиха, Зырян, Көкпекті және Күршім аудандарында егістік жерлер көлемі ұлғайса, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарында керісінше кеміген. Жалпы, былтыр жыртылатын жерлердің көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 1,2 мың гектарға азайды, – деген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков негізгі салалардың бірі ауыл шаруашылығы болып табылатын біздің аймақ үшін егістік алқаптар аумағының азаюы жақсы көрсеткіш емес екендігін еске салды.
Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстарға биыл баса маңыз берілмек. Бүгінде жыртылған жерлерді пайдалану көрсеткіші облыста 97%-ды құрайды. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары аудан-қалалардың әкімдеріне игерілмей жатқан егістік жерлерді қайтарып алуды немесе оларды ауыл шаруашылығының өзге түрлеріне пайдалануды шегелеп тұрып тапсырды.
Басқарма басшысының мәліметіне көз жүгіртсек, өңірімізде суармалы егістіктерді пайдалану көрсеткіші 89%-ды құрайды. Суармалы алқаптардың игерілу деңгейі Тарбағатай және Жарма аудандарында, Семей қаласында төмен.
Қазіргі күні күрмеуі шешілмей жүрген тағы бір мәселе бар, ол – жеке және заңды тұлғаларға ұзақ мерзімге жалға берілген телімдердің дұрыс қолданылмауы. Нақтырақ айтсақ, жалға алған иеленуші өзінің жер телімін ауыл шаруашылығына жаратпай, қаңырап бос жатады немесе басқа біреуге қосалқы жалгерлікке береді. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен биыл игерусіз қалған суармалы алқаптарды анықтап, қайтарып алу және оны пайдалануға мүдделі өзге шаруашылықтарға қайтара бөліп беру бойынша жұмыстар мықтап қолға алынған. Айталық, 2015 жылы құс фабрикасын салу үшін Үржар ауданында мемлекет меншігіне 4,6 мың га суармалы алқап қайтарылса, инвестициялық жобаларды іске асыру аясында Тарбағатай ауданында 3,2 мың га, Зайсан ауданында 1,2 мың га, Бесқарағай ауданында 4,2 мың га суармалы жер телімі дайындалған.
Баяндамашы ұсынған ақпараттарға сүйенсек, 2012-2014 жылдары облыста ауыл шаруашылығы айналымындағы жерлерді түгендеу жүргізіліпті. Соның арқасында мамандар 984,3 мың га жер телімінің ұқсатылмай жатқанын анықтаған. Иесіз телімдердің біразы Жарма, Зайсан, Зырян аудандарының үлесінде. Бүгінде бос жатқан аумақтар қайтарылып алынып, өзге жер иеленушілермен игерілуде.
– Аудан әкімдерінің орынбасарлары, жалпы осы салаға жауапты мамандар жергілікті жердің жағдайын, топырақтың құнары мен құрамын, басқа да қасиеттерін жақсы білуі керек. Мәселен, қай ауданның жерін қандай бағытта пайдаланған тиімді екенін білсін. Сол секілді әрбір жалға алушы да иелігіндегі жер телімін қалай игергенде мол өнім алатынын білуі керек. Бізде осы жағы кемшін соғуда, – деді облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин.
Облыс әкімінің орынбасары жерді тиімді пайдалану үшін топырағы құнарсыз, банитеті төмен телімдерді егістік айналымынан шығарып, ауданның маманданған бағытын ескере отырып, жайылымдық немесе шабындық секілді ауыл шаруашылығының өзге түрлеріне ауыстыру қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков ауыл шаруашылығы мақсатындағы және оған жатқызылмайтын жерлерді сату, жалға беру, оларды тиімді пайдалану, жеке тұрғын үйлер салу үшін жерлерді бөлу, аукциондар мен конкурстар өткізу арқылы жерді иеленушілерге беру мәселелеріне тоқталып өтті.
Жиын барысында облыс аумағындағы жерлерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік қадағалаудың нәтижелері, тұрғын үй-коммерциялық мақсаттарға арнап берілген игерусіз жерлерді анықтау жөнінде облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейірхан Әшімханов, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды және нәтижелі пайдаланудың негізі болып табылатын ішкі шаруашылық жобалары туралы «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Владимир Соловьев баяндаса, облыстағы суландыру жүйелерінің бүгінгі жағдайы мен суармалы алқаптарды пайдалану жөнінде «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Мұхамедкәрім Мадиев ақпарат ұсынды.
Сонымен бірге, Аягөз және Жарма аудандарының өкілдері өздерінің өңірде ауыл шаруашылық жерлерін мақсатты игеру мәселелерін қаузады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин барлық аудандар әкімдерінің орынбасарларына, жауапты саланың басшылары мен өкілдеріне 2016 жылы атқарылуы тиіс бірқатар міндеттер жүктеді. Алда келе жатқан көктемгі егіс науқанына осы бастан дайындалуға, оның ішінде тұқымды сараптамадан өткізуге, сапасын арттыруға тапсырма берді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жер қатынастары саласында жемісті еңбек етіп, көзге түскен үздік мамандар құрмет грамоталарымен марапатталды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button