ТОП

Жер учаскелері жаңа тәртіп бойынша беріледі

1 тамыздан бастап еліміздің 88 қаласында елді мекендер шегіндегі жер учаскелері жаңа тәртіп бойынша берілетін болады.

Шығыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникация қызметі алаңында Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Сарманов, Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Талапжан Қауашевтің қатысуымен “Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде жер учаскелерін беру ерекшеліктері” тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат.

ҚР Жер кодексі Республикалық маңызы бар қалалар, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскелеріне құқықтар берудің жаңа, электрондық тәртібін регламенттейтін 44-2-баппен толықтырылды. Атап айтқанда, жер комиссиясы алынып тасталды, сондай-ақ құжаттарды қарау және келісу ұзақтығы қысқартылып отыр.

Жаңа тәртіп жер учаскесіне құқық алуға мүдделі жеке және заңды тұлғалардың «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жария кадастрлық картада сұралып отырған жер учаскесіне бөліп беру схемасын дербес қалыптастыра отырып, өтініш беруін көздейді.

«Жаңа Заңда жер учаскелерін электронды түрде берудің екі тәсілі ғана белгіленген. Бірінші тәсіл, әкімдіктердің Жер кодексінің 48-бабына сәйкес сауда-саттық пен аукцион өткізбей жер учаскелерін беруге рұқсат етілген мақсаттар үшін жеке тұлғаларға, мемлекеттік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жер учаскелерін тікелей беруінен тұрады. Екінші тәсіл, бұл коммерциялық мақсаттар мен бизнесті жүргізу үшін аукциондар мен конкурстар арқылы жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жер беру. Аукциондар мен конкурстар тек қана электрондық түрде, Қаржы министрлігінің www.gosreestr.kz. бірыңғай электрондық сауда алаңында өткізілетін болады», – деді ШҚО Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Сарманов

Цифрландыру жер комиссиясын және рәсімдеу шараларын қысқартуға мүмкіндік береді. Ал құжаттарды өткізу мерзімі 30 күнді құрайды.

Жер учаскесіне құқық алуға өтініш беру EGOV электрондық үкімет порталы арқылы жүргізілетін болады.

Қазіргі сәтте заңға тәуелді нормативтік актілердің болмауына байланысты жер учаскелерін берудің ескі тәртібі 2023 жылғы 1 тамызға дейін қолданылады.

 

Осы айдарда

Back to top button