Жемқорлықтан ада қоғам құрамыз
Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі әкімдікпен бірлесіп сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында ағымдағы жылы атқарылған жұмыстың қорытындысына арналған форум өткізді.
Форумға өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Денис Рыпаков, ЖОО ректорлары, қоғамдық ұйымдардың белсенділері, БАҚ өкілдері мен жастар қатысты.
Шараға қатысушыларды Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнімен облыс әкімінің атынан облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Денис Рыпаков құттықтады.
– Біз, жұртшылық және облыстың депутаттық корпусы, алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне қарсы тұруға және бірлесе қызмет атқаруға дайынбыз, – деді Денис Рыпаков.
Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты ұлттық тәжірибе мен озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, қоғамның сұраныстары негізінде үнемі жетілдіріліп келеді. Президенттің Жарлығымен 2022 жылғы 2 ақпанда бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске азаматтық қоғам белсенді түрде қатыстырылып, кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
2022 жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Агенттік сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Онда ашықтықтың жоқтығы және әкімшілік кедергілердің, заңнаманың жетілмегендігінің кесірінен өңірде шешім таба алмай келе жатқан өзекті мәселелер көрсетілген.
– Аталған проблемаларды шешуде жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ қоғам өкілдерінің өз ресурстары мен мүмкіндіктерін біріктіруі өте маңызды. Өз кезегінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қалайда қылмыстық іс қозғауды өзіне мақсат етпейді, ең бастысы – бюджет есебінен салынып жатқан объектілер сапалы тұрғызылып, белгіленген мерзімде тапсырылса, адамдар уақытында ауызсумен қамтамасыз етілсе, сапалы жолмен жүрсе, жаңа пәтерлерге кірсе, сол маңызды, – деп атап өтті облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев.
Форумда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптарға жарияланған түрлі конкурстардың жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында студенттер мен оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздік жоба мен бейнероликке арналған «Парасатты отбасы» байқауы бар.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, «Парасатты отбасы» байқауы төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Байқау отбасылық құндылықтар призмасы арқылы парасаттылық қағидаттарын насихаттауға бағытталған. Конкурстың облыс тұрғындары арасында оң пікірге ие болып, кең қолдау тапқаны байқалады. Биыл байқауға қатысқандардың қарасы бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп болыпты.
– Менің немерем Шерхан – Қалжыр орта мектебінің 7-сынып оқушысы, ол «Парасатты отбасы» байқауында үшінші орынға ие болды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта үш минуттық ролик түсіріп, байқауға жіберді. Оның жұмысын бағалап, атап өткеніне өте қуаныштымын. Мұндай іс-шаралар ауадай қажет. Отан деген отбасынан басталады. Балалар жастайынан сыбайлас жемқорлықтың зияндылығын білуі керек, – дейді Күршім ауданының тұрғыны Бағдагүл Мұқашева.
Шерхан өз сюжетінде құрбыларының әмиянын түсіріп алған апайға затын қайтарып бергенін көрсетіпті.
– Балалар кішкентайынан адал болуы керек, – дейді Шерхан Мұқашев.
Осы байқауда «Қамқоршы отбасы» номинациясы бойынша марапатталған Аяна Рахман – Болғанбаев атындағы Самар мектеп-лицейінің төртінші сынып оқушысы. Ол марапаттауға мұғалімімен келіпті. Анасы дәл сол күні алтыншы сәбиімен перзентханадан шыққан екен. Аяна бейнероликте кішкентай бауырлары, отбасының тәрбиесі жайында баяндапты.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте әсіресе жастардың рөлі маңызды. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Сыбайлас жемқорлықсыз әділ қоғам құрайық!» атты студенттердің форумы өтті. Форумға облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев, жоғары оқу орнының проректорлары мен оқытушылары, студенттері қатысты.
Форум университет студенттерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеялары, жобалары мен тәжірибелері туралы өзара пікір алмасу, сол арқылы сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында өткізілді.
Кәмал Естай