Жемқорлықтан ада жоғары оқу орны
Қазіргі уақытта қоғамда кең етек жайған сыбайлас жемқорлық дертімен күрес қай салада болмасын қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе жастардың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың қоғам дамуындағы маңызы үлкен. Сондай нәтижелі бастамалардың бірі Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың базасындағы «Парасат» студенттерге қызмет көрсету орталығында сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Білім ордасының бас оқу ғимаратының жанындағы №4 және №5 жатақханаларының арасында орналасқан бұл орталықта студенттерге арналған отыздан астам қызмет сапалы түрде көрсетіледі. Атап өтерлігі, жемқорлық тәуекелдеріне жол бермес үшін барлық қызметтер электронды түрде көрсетіледі. Бұрын қажетті құжаттарды, анықтамаларды алу үшін қаланың әр жерінде орналасқан мекемелерге сабылатын студенттер енді бұл қызметтің барлығын бір терезе қағидатымен бір жерден жылдам ала алады.
– «Парасатта» қазіргі уақытта транскрипт беру, кредиттерді, пәндерді қайта сынақтау, академиялық қарыздарды жою, басқа оқу орнына ауыстыру, қабылдау, академиялық демалысты рәсімдеу, оқу орнынан анықтама беру, аттестат, дипломның көшірмесін түсіруге беру, қорытынды немесе мемлекеттік емтихан нәтижелеріне шағымдану, емтихан сессиясын ұзарту, оқудан шығару, қайта оқыту курсына жазу, қорытынды аттестацияға қайта рұқсат беру секілді тек студенттерге қатысты қызметтер үздіксіз көрсетіледі, – дейді «Парасат» студенттерге қызмет көрсету орталығының жетекшісі Мергүл Мұстафина.
Сондай-ақ, оның айтуынша, мұнда адалдық дүкені, адалдық кітапханасы да бар. Аты айтып тұрғандай, бұл жерде ешқандай кітапханашы, ешқандай сатушы жоқ. Студент қажетті кітабын алған соң, тіркеу журналына тіркеп жүре береді, қайта тапсырғанда да солай. Адалдық дүкенінен де студент өзіне сабаққа қажетті қаламы мен қағазын, шөлдесе сусынын сатып алып, ақшасын сол жердегі арнайы қорапқа салып кетеді. Бәрі білім соңында жүрген студенттің ар-ұятына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі мәдениетіне, сана-сезіміне, әлеуметтік жауапкершілігіне байланысты.
Бұл жерде оқытушылардың, студенттердің ар-намыс кодекстері де көрнекті жерлерге ілінген. Агенттіктің сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпараттарды хабарлауға мүмкіндік беретін 1424 call-орталығы және университеттің 54-14-33 сенім телефоны да жазылған. Сонымен бірге, пара алу мен берудің артында қандай қылмыстық жауапкершілік тұрғаны да келушілерге түсіндірілген.
Бұдан бөлек орталықта студенттерге заңдық және психологиялық тұрғыда кеңес беретін «SANALY URPAQ» клубы өз жұмысын жолға қойған. Клубтың бүгінде елуден астам мүшесі бар. Олардың дені университеттегі заң факультетінің 1-4 курс студенттері.
– 2019 жылдың басынан оқу орнында «SANALY URPAQ» фронт-кеңсесі ашылып, жұмысын бастады. Оның негізгі мақсаты – білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Фронт-кеңсенің құрамында парасаттылық мектебі, жемқорлыққа қарсы технологиялардың зертханасы, адалдық алаңы бар. Мұның бәрі жастардың бойында білім алудан бөлек парасаттылықты, адалдықты қалыптастыруды, тәртіпке үйретуді, білім алуға деген құлшынысын арттыруды көздейді. Қазір клубта 52 студент бар. Олар өз еркімен клубқа келер алдында парасаттылық мектебінде дәріс алады, 24 сағаттық курстан өтеді. Басты мақсатымыз – ешкімді мәжбүрлеместен, студенттер арасында жемқорлық көріністерін болдырмау, алдын алу, білім алушыларға жағдай туғызу, сол жолда қандай да бір кедергілердің болмауын қадағалау. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына қолдау білдіру, – дейді «SANALY URPAQ» клубының жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Байыркенова.
«Адалдық кітапшасы» мобильді қосымшасы бар
– Мен былтырдан бері Зайсан ауданынан келіп, білім алудамын. Жемқорлық жайлы бұрын естігеніммен, дәл бетпе-бет кездескен емеспін. Егер ондай жағдай бола қалса, міндетті түрде тойтарыс беріп қарсы тұрамын, осы фронт-офиске хабарласамын, – дейді университеттегі математика мамандығының бірінші курс студенті Айтолқын Серғазина. Оның сөзін қасындағы құрбысы Еңлік Шекертай да қолдады.
Гүлмира Байыркенованың айтуынша, студенттерге тіпті осында келмей-ақ, қажетті қызметтерді «Парасаттың» онлайн порталынан да алуға болады. Ұялы телефонға жүктеп алатын «Адалдық кітапшасы» атты арнайы мобильді қосымшасы да бар. Онда жемқорлыққа қарсы материалдардың, заңдардың, мемлекеттік стратегиялардың бәрі бір жерге жинастырылған.
– Студент үйінен алыстап, үлкен өмірге қадам басқанда, алдынан не түрлі жағдайлар шығады, көптеген адамдар кездеседі. Міне, сол сәтте студентті өзін дұрыс ұстауға, дұрыс жауап беруге тәрбиелейміз. Яғни, студенттің бойында парасаттылық моделін қалыптастырамыз. Мысалы, қазір кез келген студент «Қоғамда жемқорлық көріністері бар ма?» деп сұрасаң, «бар» деп нақты жауап береді. Біздің мақсат – солардың пікірін өзгерту, мемлекеттің осы бағыттағы жүргізіп жатқан жұмыстарын соларға насихаттау. Біздің клубтың мүшелері студенттер арасында осы жұмыстармен айналысады және түрлі форумдар, кездесулер, флеш-мобтар және «таза сессия» акциясын ұйымдастырады, сессия алдында жемқорлыққа қарсы өздері зертханада әзірлеген жаднамалар, әдістемелік материалдар таратады. Студенттерден түскен түрлі ситуациялық сұрақтарға жауап береді, – дейді клуб жетекшісі.
Университет алдына «Таза алақан» орнатылады
Гүлмира Төлеубекқызының айтуынша, бір қуантарлығы, орталық ашылғалы бері университеттегі оқытушылар тарапынан да, студенттер жағынан да ешқандай сыбайластық әрекеттеріне қатысты оқиғалар орын алмаған екен. Атап өтерлігі, оқу ордасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес жұмыс істейді. Алда-жалда заң бұзушылар болса, ісі сол кеңесте қаралатын болады.
Сонымен қатар мұндағы барлық жұмыс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, «Nur Otan» партиясымен өзара меморандум аясында әлеуметтік әріптестікте атқарылады. Атап өтерлігі, жақында өңірімізге арнайы іссапармен келген Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев осы орталықта болып, университеттің бұл бағыттағы жұмысын жоғары бағалаған еді. Өз кезегінде университет студенттері құрметті мейманға өздері жасаған «Таза алақан» статуэткасын сыйға тартқан болатын.
Ал Сәрсен Аманжолов атындағы университет ректоры Мұхтар Төлеген алдағы уақытта «Таза алақанның» үлкен макеті білім ордасының №1 бас оқу ғимаратының алдына орнатылатынын айтады.
– Сыбайлас жемқорлық мәселесіне келсек, бірінші кезекте, кез келген қызметте адамдардың өздері таза болуы керек. Басшыдан бастап қызметкеріне дейін. Бұл біздің оқытушылар мен студенттерге де тікелей қатысты. Өйткені, мемлекетте қандай мықты заң болса да, егер адамдары адал болмаса, ол заңды жүзеге асыру қиын болады. Біздің мақсатымыз да, бағытымыз да – осы. Бұрындары оқу үрдісі барысында сессияларды ақшамен жабу фактілері болғаны, сәнге айналғаны жасырын емес. Оған оқытушы да, студент те қызығушылық танытты. Қуантарлығы, қазір мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының арқасында мұның бәрі тоқтатылды. Себебі қазір жауапкершілік күшейді, адамдардың құқықтық сауаттылығы артты. Былтыр қазан айында студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өткіздік. Университетті жемқорлыққа қатысы бар адамдардан толық тазарттық. «SANALY URPAQ» клубын аштық. Қазір сапалы білім алуға студенттер де, сапалы білім беруге оқытушылар да мүдделі. Олардың жалақысын былтыр 30 пайызға, биыл 20 пайызға көтердік. Біздің мақсат – ШҚМУ-ды парасатты университет ету, жемқорлықтан ада жоғары оқу орны ретінде қалыстаптыру. Осы бағыттағы шаруаны үздіксіз жалғастыру, – дейді Мұхтар Төлеген.
Дәурен Аллабергенұлы