Мәдениет

«Желтоқсан жаңғырығынан» кейін жұртқа танылды

«Желтоқсан жаңғырығынан» кейін жұртқа танылды


«Қалқам-ай,
Атың қандай, Қайым-Мұнар,
Бақыт қой,
Жан болғаны жайыңды ұғар.
Еліне бір кісідей үлес қосқан,
Жігітсің, өлең-жырға жаның құмар!»
деп ақын Марфуға Айтхожина жырына арқау еткен белгілі қаламгер, жерлесіміз Қайым-Мұнар Табеев ел Тәуелсіздігінің 25, Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығымен қатар алпысқа толып отыр.

Аягөз ауданы, Шолпан ауылында дүниеге келген болашақ қаламгер 1981 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінің аспирантурасын бітірген. Алты кітаптың, көптеген мақалалардың авторы. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты. Желтоқсан көтерілісін зерттеген парламенттік комиссияның сарапшылар тобының мүшесі болған.

Ол өзінің алпыс жылдық ғұмырында республикалық «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім басқарып, Президенттің баспасөз қызметінде жемісті қызмет атқарды. Адам құқын қорғау қоғамдық комиссиясында белсенділігімен ерекшеленді. Желтоқсандық жастарға баспана әперуге ықпал етті.

– Төрт республикалық газетте еңбек етіппін. 1978 жылы «Қазақстан пионері» газетінен бастап, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде тілші болдым, бөлім басқардым. Көптеген баспасөз байқауларының жүлдегері атанып, екі рет Журналистер одағы сыйлығын және Жастар одағы сыйлығын иелендім. Оның арасында бес-алты кітап жаздық. «Мұзда жанған алау», «Қайсар рухты қазақ», «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітаптарым жалпы таралымы 74 мың данамен жарық көрді. «Дайк-пресс» баспасының өтінішімен «Қайсар рухты қазақ» кітабымның қайта басылғанына қарағанда, бұл шығармаларыма сұраныс бар секілді, – дейді мерейтой иесі өзінің шығармашылық жолы жайында.

Журналистика саласына бір кісідей еңбек сіңірген әріптесіміздің желтоқсан оқиғасына байланысты зерттеулері мен желтоқсаншыларға араша тілеп атқарған қызметтері бір төбе. Тіпті, 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Желтоқсан жаңғырығы» деген мақаласы үшін бір апта абақтыға қамалып, одан соң, ұзақ уақыт қудалауға ілінген. Бұл туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде бірге қызмет істеген, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек:

– «Желтоқсан жаңғырығы» мақаласынан кейін Қайым-Мұнар Табеевтің журналист-жазушы ретінде көпшілікке кеңінен танылып, қалың оқырман арасындағы абырой-беделі өсіп, елдің арнайы іздеп келетін, көмек сұрайтын қайраткер қаламгерлердің қатарына қосылды. Ол және білікті заңгер ғой.
Сол заңды жақсы білетіндігінің арқасында өз кітабындағы кейіпкерлерінің тағдырына тікелей араласып, қиын-қыстау кездері қол ұшын берді.
Желтоқсандықтардың абақтыдан босап шығуына, ақталуына айрықша атсалысты. Өз кейіпкерлері үшін шырылдап, ара түсе білетін жандар арамызда көп емес. Ол Желтоқсанда ату жазасына кесілген Мырзағұл Әбдіқұловты өз қаржысымен Ресейге, одан Өскеменге, Қапшағайға іздеп барып, айтысып-тартысып жүріп, түрмеден босаттырып алды. Ал Желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбековтің отбасына 1992 жылы айыптылардан 31 миллион сом құн өндіріп беруі – бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған іс. Бұл қаламгердің күрескерлік рухының биіктігінің дәлелі, қайсарлығы мен қажырлылығының белгісі. Оның «Мұзда жанған алау» кітабы осындай табанды күрестің әсерінен туған, Қазақстанның жаңа тарихы үшін аса құнды, мазмұнды дүние. Бір сөзбен айтқанда, оның бұл кітабы Желтоқсан құрбандарына тұрғызылған мәңгілік ескерткіш! – деп пікірін білдірген.

Бүгінгі таңда мемлекеттік салада қызмет атқарып жүрген Қайым-Мұнар баспасөзден де қол үзіп кеткен жоқ. 1994 жылы Президент әкімшілігіне ауысып, одан кейін Ақпарат министрлігінде, Алматы қалалық әкімшілігінде түрлі жауапты қызметтер атқарып келеді. Қәкеңнің мейлі баспасөз саласы болсын, мейлі мемлекеттік қызмет болсын атқарған жұмыстары тек баспасөз, тіл, ұлт саясатына қатысты екен.

– Өзім араласқан қай қызметте болмасын, қаламның күші ерекше қажет екенін жасырмаймын. Шынымды айтсам, күнделікті тіршілігімді баспасөзсіз елестете алмаймын. Егер өмірді қайта басынан бастап, қандай мамандықты таңдар едіңіз десеңіз, бәрібір осы журналистиканы таңдаған болар едім. Өйткені, журналистика – ең құдіретті әлем, – дейді Қ.Табеев.

Шырайлы Шығыстан түлеп ұшып, қазақтың Қайым-Мұнарына айналған әріптесіміз қазақ баспасөзіне әлі талай олжа саларына бек сенеміз.

Арман Марқа

Осы айдарда

Back to top button