Қоғам

Желтоқсан. Осыдан 29 жыл бұрын

Желтоқсан. Осыдан 29 жыл бұрын

Жерлесіміз, журналист Болат Абаған Алматы облыстық екі газетінің басын біріктіріп отырған «Өлке тынысы» ЖШС директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүр. Қаламгердің хикаяттары мен шағын әңгімелерін оқырман қауым жылы қабылдайды. Бүгін оқырман назарына «Желтоқсан. Осыдан 29 жыл бұрын» атты хикаятын ұсынып отырмыз.
Редакция.

1986 жылдың 17-желтоқсаны. Біздер – Алматы Үй құрылысы комбинатының № 4 құрылыс-монтаж басқармасындағы мықты құрылысшылардың бірі Анатолий Меновщиков басқаратын балташы-тас құюшылар бригадасы ол кезде «СМУ-15» деп аталатын бүгінгі «Таугүл» ықшамауданында салынып жатқан алғашқы көпқабатты үйлер мен балабақша және мектеп сынды мекемелер үшін электр қуатын қабылдап-тарататын қосалқы стансының құрылысын жүргізіп жатқанбыз. Бригадамыздың бірлігі жақсы болатын. Жалпы басқармадағы құрылысшылардың дені қазақ жастары еді, барлығына жуығы Абай көшесінің Бауман және Розыбақиев көшелері арасындағы орамында орналасқан жатақханаларда тұратын. Біз сияқты ерте үйленгендер Алматының «Татарка», «Малая станица», «Пятилетка» сынды шалғай әрі «тентек» қуыстарында пәтер жалдап өмір сүретін. Мен отбасыммен Баянауыл және Саркандская көшесінің қиылысындағы қосағыммен бірге кілем фабрикасында істейтін орыс әйелдің үйінің жартылай жертөлесін паналайтынмын.
16-желтоқсан күні кешкісін үйдегі «Рассвет» деген кішкене ғана ақ-қара түсте көрсететін теледидардан Қонаевтың орнынан алынып, Колбинның бірінші хатшы болып тағайындалғанын естігенмен, қатты елең ете қоймаған едік. Таңертең жұмысқа барғанда, киім ауыстыруға, түсте тамақтанып, демалуға арналған жылжымалы вагонда осы мәселе біраз әңгіме болғанымен, ешкім мұның соңы билік пен жұрт арасындағы қақтығысқа апарып соғады деп ойламағаны анық. Түске таман сол жердегі үлкен құрылыс алаңында еңбек етіп жүрген бригадалардағы коммунистерді шұғыл жинап, алып кетті. Біздің бригададағы қос коммунистің екеуі де қазақ болатын. Басқармадағы комсомол ұйымының хатшысы да менімен құралыптас қаракөз. Ол да кетті ағаларымен бірге. Түс ауа басқарманың жабдықтаушысы Назараянц келді. Жасы елулерге келіп қалған кекселеу көрінетін кісі.
– Орталық алаңға қазақ жастары жиналып, Орталық комитеттің Колбинды бірінші хатшы етіп тағайындау жөніндегі шешіміне қарсы шығып жатыр. Олардың мұнысы ақымақтық. Бәрібір ол шешім өзгермейді, – деп өзеурей әңгіме соқты.
Біздер елең ете қалдық. 18 адамдық бригададағы сегіз қазақтың үшеуін: екі коммунист пен комсоргты мана алып кетуінің себебін енді түсінгендей болдық. Көңілімізде үлкен алаңдау пайда болды, Қазақстанды қазақ басқаруы қажет екендігін енді сезінгендейміз. Басқа ұлттың өкілдері бізге біртүрлі аянышпен, мүсіркей қарайтындай. Кешкі алтыда үйге қайту үшін 32-ші автобусқа отырдым. Сол жерде жұмыста жүрген әрлеушілер, монтажшылар бригадасының қыз-жігіттері де жатахқанаға қайтудың орнына сол автобусқа екпіндей кіріп, жайғасты. Отыз екінші бағытқа қатынайтын автобус Тимирязев көшесіне шыққаннан кейін, біраз жүргеннен соң бағытын күрт өзгертіп, Мир (қазіргі Желтоқсан) көшесіне жетпестен, Космонавтов (қазіргі Байтұрсынов) көшесімен төменге құлдилады. Сәтпаев көшесіндегі аялдамадан түсіп қалып, алаңға қарай беттедік. Бардық, көзімізбен көрдік. Құрбы-құрдастармен бірге өкімет үйін қорғап тұрғандарға қарай тас пен мұз кесектерін лақтырдық. Екі жақтың да тым ерлеп, алға шығып кеткендері таяққа жығылып, соққының астында қалып жатты. Сол жерде былтыр ҚазМУ-дің дайындық курсында бірге оқыған жігіттерді көрдім. Сағат он-он бірлер кезінде өрт сөндіргіш машиналардың үстіндегі оқпаннан су шаша бастағанда үйге қайттым.
Түннің бір уағына дейін алаңдап, ұйықтай алмадым. Сол жылы қыс та қатты болды ғой. Біз тұратын үйді жылытатын пеш менің отбасым паналайтын жертөледе еді. Таңғы сағат екі-үшке дейін соның отын қағыстырып отырып, ойға баттым. Қазақстанның басшылығындағы өзгерістерді өзімше сараптап, мұның арты жақсылыққа апармайтынын жүрегіммен сезіндім. Бірақ ертең өзімнің де сол аласапыранның құрбандығына айнала жаздайтыным, ғайыптан тайып қана аман қалатыным туралы ой басыма келмеді. Ол кездері Кеңестер Одағында беймарал тірлік сияқты еді. Өзімізше кейбір елдердегі толқулардың, билік пен халықтың қақтығысын теледидардан көріп, газеттен оқитынбыз және солар арқылы ондай келеңсіздіктер Америка сынды іріп-шіріп» кеткен батыстағы капиталистік елдерге ғана тән деп түйсінетінбіз. Сөйтсек, біздің де көресіміз әлі алда екен…
1986 жылдың 18-желтоқсаны. Таңға таман келіншегім мен қызымның мазасын алғым келмегендіктен ауыз үйдегі ескі диванға қисая салған едім. Тоңазып қалыппын. Таңертеңгі шай көңілсіз ішілді. Көңілде қорқыныш аралас, алаңдау бар. Жұмысқа тамақты үйден апаратынбыз. Бірер тілім колбаса мен суға қабығымен пісірілген үш жұмыртқаны, нанымды салған пакетті қолыма ұстатып тұрып: «Байқашы, қызбаланып кетіп бірдеңеге ұрынба, Алла жазса, келер жылы үй алғалы тұрмыз. Қашанда алда жүремін дегеніңнен жақсылық көрген жоқсың ғой. Кімге сенеміз?» деген жарымның жүрегі шынымен бірдеңе сезіпті…
«Саяхат» автовокзалына жетіп, 32-ші бағытта жүретін автобусқа отырдым. Кластасым Қайрат жүргізетін автобусқа тап болыппын. «СМУ-15-ке» жеткенше әңгімелесіп бардық. Өзінің кеше екінші ауысымда болғанын, сонан әлі демалмағанын, кеше түн ортасы ауа қатты таяқ жеген оншақты қыз-жігітті барар жерлеріне дейін жеткізіп тастағанын жылармандай болып айтты. Айналадағы адамдардың бәрі түнеріңкі, Ол жылдары қазақтар саны бүгінгідей көп емес. Тұрғындардың дені славян тектестер. Оларға қарасаң, жүздерінен бізді табалау байқалатындай. Мүмкін біздің ішкі сезіміміз сол кезде барлығын осылайша қабылдаған болар?
Жұмысқа да жеттім. Қызу әңгіме. Кешегі жағдай талқылануда. Құрылысшылар арасында бірлік жақсы ғой. Сондықтан да болар, өзара кінәласу, тұқырту жоқ. Қайта жоғары білім алмаса да, оқып-тоқығандары бір бастарына жетіп артылатын жігіттердің пікірі құлақ түрерліктей.
Кеше алып кеткен коммунистер мен комсорг келмепті. Жамбылдық Мұхтар, семейлік Совет пен павлодарлық Ислам да жоқ. Олардың барлығы жатақханада тұратын еді. Мен де қарап отырмайын деп, бригадаластардың тоқтам салғанына қарамастан, тамақ салған пакетті киім қоятын жердегі ілгішке іле салып, шығып кеттім.
32-ші бағыттағы автобуспен кешегідей Космонавтов пен Сәтпаев көшелерінің қиылысында түсіп қалып, Сәтпаевпен алаңға бет алдық. Жеткенше, қатарымыз толыға берді. Алаңға кіргізбеді. Мир көшесімен Абай көшесіне түсіп, сол жерде келе жатқан қалың топқа қосылып, Фурманов көшесіне жеттік. Сонымен жоғары көтерілдік. Алаңды тәртіп мен милиция мектебінің курсанттары қоршап тұр екен. Гу-гу әңгіме. Түндегі жағдай туралы айтылуда. Арамызда арандатушылар да жүрген сияқты. Кейбіреулер үн-түнсіз өздеріне берілген тапсырманы орындап, шеп құрып тұрған тәртіп сақшыларына тап-тап береді. Қайта-қайта ақ үй жақтан автобус келіп, «өкіметтегілермен сөйлестіреміз» деп тым белсенді, ұйымдастырушы жастарды алып кетеді. Тәжірибенің жоқтығы болар, оларды қайда апарады, не істейді дегенді ойламаппыз да. Алаңды қорғаушылардың алдыңғы сапында ауылда бір жыл бірге оқыған, сол кезде милиция мектебінде білім алатын Бақытбек тұр екен. Амандасып, сөйлестік.
– Болат, қайтып кеткендерің жөн шығар. Түнде ешкімді аяған жоқ. Басқа жақтардан арнаулы әскер әкелді деп естідік. Бүгін де аяушылық болмасын деген бұйрық бар. Біз де қорғай алмаймыз сендерді, – деді.
Бір қарағанда, оның сөзінің жаны бар екенін алаңда шеп құрып тұрғандардың аяздан сұрланып кеткен түстері мен Фурманов көшесінің жоғары жағында су атқылайтын оқпандары оқшырайып, үрей шақырып тұрған өрт сөндіргіш машиналар дәлелдейтіндей. Бірақ енді бірер сағаттан соң нағыз қырғын болатынын ешқайсымыз сезгеніміз жоқ. Ұрандап, Лениннің сөздері, Конституциядан алынған сөз тіркестері жазылған тарспоранттарымызды көтеріп, «Менің Қазақстанымды» шырқап тұрдық…
Сағат таңертеңгі он жарымдар шамасы-ау деймін? Фурманов көшесінің жоғары жағынан ақ және сары жолақты, терезелерінің іші торланған оншақты «ПАЗ» автобусы келді. Көтерілісшілерді бұзып-жарып, алаңның ішіне қарай жүрді. Топ арасынан өткенше терезелерінің шыныларынан түк қалған жоқ. Алаңға жетісімен сол автобустардан секіріп түскен, малақайларының бауын тамақтарының астынан келтіріп байлап, оның үстінен баса каска киген, қолдарында резіңке тоқпақтар мен сапер күректерін ұстаған сұп-сұр солдаттар қатарласып сапқа тұрды да, бір алапат дауыспен бізге қарай лап қойды. Екі арада тұрған милицияның өзі қайда қалғанын білмеді. Фурманов көшесінде ентелеп тұрған топ пен екі араны бөліп тастады да, жанталаса қашқан біздерді соққының астына алды. Жүздеген жан ешқайда бұлтара алмай қалдық. Мені сол жердегі «Океан» деген балық сататын үлкен дүкеннің алдындағы балапан шыршаларға жете бергенде мұрттай ұшырды. Жан дәрменмен бетімді бүркеп жата қалдым. Соққы жауып кетті. Есімнен адасқандай күй кештім. Бір кезде «аға тұрыңыз, жата берсеңіз өлтіреді» деген дауысты естідім. Қарасам, милиция мектебінің курсанты екен. Өзі жылап тұр. Ақырын тұрғызып, алып жүрді. Қашуға шама жоқ. Орыс, қазағы, солдаты, милициясы, жасақшысы аралас жазалаушылардың жанымнан өтіп бара жатқаны бас-көз демей қолындағы сойылымен ұрып кетеді. Автобусқа жеткенше бірнеше рет құлатты. Басым жеті жерден жарылып, оң жақ құлақ шекем көгеріп, құлағымның сырғалығы жырымдалып кетті. Құлап жатып, сонан бір ай бұрын ауылдан тіктіріп алған суыр малақайымды ойлаймын. Ұшып кетсе, еңбектеп жүріп, тауып аламын. Ақыры автобусқа әкелді. Ішіне енгізді, Қып-қызыл ала қан, жарылған бас, сынған қол, ісінген көз, жырылған қабақ…
Сол кезде бірден бес автобусты аузы-мұрнына шыға толтырып, Фурманов көшесімен ала жөнелді. Екі автобус қыздар болса, үшеуінде жігіттер. Қазіргі әл-Фараби даңғылына жетіп, оңға бұрылдық. Сол сәтте, үшінші әлде төртінші автобустың есік-терезесін быт-шыт қылған жігіттер қашты. Біздегі ашынғандар да айқайға басып, құтылуға шақырды. Автобустың алдыңғы және артқы есіктерінде екі-үштен тұрған милициялар да сасқалақтап қалды. Алдыңғы есіктегі түрі қазаққа келіңкіремейтін капитан: «Жігіттер, қызбаланбаңдар, Қазір барлығыңды босатамыз. Бірақ алаңға қайта оралушы болмаңдар», – деді.
Сөзінде тұрды, шамамен алғанда, қазіргі Байтұрсынов көшесімен қиылысатын тұста автобусты тоқтатып, барлығымызды түсірді. Бір жігіттің қалтасынан түсіп қалған студенттік билетін де қолына берді. Бір-бірімізді сүйемелдеп, қалаға қарай жылжыдық. Көшедегілердің барлығы бізге қасқыр көргендей қарайды. Тәлтіректеп жүріп, Сәтпаев көшесіне жете бергенде Абай көшесі жақтан бір топты тапаншаларын тарсылдата, иттерін арсылдата қуып келе жатқандарды көргенде қайда тығыларымды білмегенім есімде. Одан кейін тағы да тас түнек, Бір есімді жисам, Мечников пен Құрманғазы көшесінің қиылысында бағанға сүйеніп тұр екем. Бір такси зыр етіп келіп, қасыма тоқтай қалды. Еңгезердей мұртты қазақ жігіті қолтығымнан демеп отырғызды да, қайда апару керегін сұрап білісімен ызғыта жөнелді. Ақша да сұраған жоқ. Мені қақпадан кіргізді де қайта кетті. Келіншегім жертөленің есігін ашқанда ішке қарай құлап түсіппін. Үстіңгі үйдегі тетя Валя да дереу жетіп келді. Екеулеп жүріп, басымның жарылған жерлерінің шашын қиып, йод жағып, тастай қылып байлап тастады.
Бірнеше күн орнымнан тұра алмадым. Басыма ештеңе симайды. 21-желтоқсанда орталық стадионға жиналып, алаңда қаза болғандарды шығарып салады дегенде, шыдамай тағы шығып кеттім. Ол жаққа ешкімді жолатпады. Жұмысқа келіп, жігіттермен жасырын жолыққан едім. Мені іздеп жатқанын, жиналыс жасап, жаза қолданбақ екенін естідім. 28-желтоқсанда жұмысқа шыққан күні басқарманың басшысы Ким, парткомы Щепетков, кәсіподақ төрағасы Братчиков келіп жиналыс өткізді. Құрылысшылардың ауызбірлігі арқасында қатаң жазадан аман қалдым. Сол жерде «комсомолдан шығарылдың, демалысыңды қыста аласың, пәтер кезегінен кейінге сырғисың» деді. Билетімді күнде қасымды бірге жүрген, басқарма комсоргі Қанатқа тапсырдым. Мені қорғап қалған сол кездегі қалалық кеңестің бірнеше мәрте депутаты, орден-медальдар иегері бригадирім А. Меновщиковтың (қазіргі кезде марқұм), бригададағы екі коммунистің бірі, бірнеше орденнің иегері торғайлық Жангелді Уәлиевтің, басқарма комсоргі, менің бригадаласым Қанат Нұрқасымовтың және басқалардың сындарлы шақта сыр бермегеніне әлі күнге разымын. Солардың арқасында ҚазМУ-дегі сырттай оқуымды жалғастырдым, бірер жылдан соң үй де алдым және жаным қалаған журналистикамен табыстым, басқа да біршама жетістіктерге қол жеткіздім. Бірақ ешқашан «мен желтоқсаншы едім, маған көмек керек» деп ешкімнің алдына бармадым. Жалпы, бізді ол кезде қарапайым халық сатып кетпеді. Сатқындық пен қысастықты ел мақтап жүргендерден, басшылықтағылардан көрдік. Қалай болғанда да, кеудеде сол кезден қалған сыз бар, сенімге түскен сызаттың орны да біте қойған жоқ.

Болат Абаған,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Осы айдарда

Back to top button