Тәуелсіздік - 30

Желтоқсан желі ызғарлы…

 Желтоқсан – жантүршігерлік оқиғалардың куәгері іспетті ай. Желтоқсан – тарих пен тағдырға ызғарын тигізген ай. Желтоқсан – біз үшін еркіндіктің тізгінін ел болып қолға алған ай. Сондықтан болар, Желтоқсан десе, жүрегіміз қайғыдан да, қуаныштан да дір ете қалады. 

Жыл айналып желтоқсан айы келген сайын бұл күнді мерекелеп өту – бізге міндет. Осындай игілікті іс-шаралардың бірі Самар ауданында өтті. Желтоқсан көтерілісінің қайғылы оқиғалары мен зардап шеккен қатысушыларына құрмет ретінде Самар аудандық кітапханасында «Желтоқсан желі ызғарлы» атты дөңгелек үстел өтті.

– Біз Желтоқсан оқиғасын, ел үшін құрбан болған батырларды үнемі еске алып, жас ұрпаққа дәріптеп отыруымыз керек. Олар – біздің Тәуелсіздік үшін жанын қиған батырларымыз. Солардың ерлігінің арқасында бүгінгі таңда бейбіт күн кешіп отырмыз, – деді Самар аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Алмас Нұрғалиев.

Сонымен қатар дөңгелек үстелге Самар ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Исенов, Желтоқсан оқиғасына қатысушы  Б. Хасенова және Самар аграрлық-техникалық колледжінің 3 курс студенттері қатысты. Кітапханашылар 1986 жылғы желтоқсандағы қайғылы оқиғалардың себебі мен салдарын тілге тиек етіп, олардың патриоттық сөздері мен әрекеттері біздің жадымызда мәңгі қалатыны туралы айтты. Сонымен қатар деректі фильм көрсетіліп, студенттер оқиға куәгерімен тарихи жағдай туралы сұхбаттасты. Іс-шара барысында келген қонақтар Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – ұлтымыздың қасиетті негізі» атты кітап көрмесін тамашалап, тарихқа тағзым жасады. И.Федосов атындағы мәдениет үйінің талантты әртісі  Д.Ахмадиев «Желтоқсан желі» әнін орындады.

Өткенді білмей, болашаққа анық бағдар құру мүмкін емес. Өткенді сынауға құқымыз жоқ, халқымыз үшін ең бағалы бостандық пен Тәуелсіздік қандай жолмен келгенін білу және ұмытпау керек.

Осылайша жас ұрпақ Тәуелсіздікке тағы бір мәрте тағзым жасап, өткеннің өрнегін еске алды.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button