Ономастика

ЖЕЛДІӨЗЕКТЕ ЖЕР ҚАЛМАЙ БАРА ЖАТЫР

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Өмір – қайнап жатқан базар іспетті. Біреуді-біреу біліп болмайды. Қайшыласқан адамдар. Біреу тойға, біреу қойға, енді біреулер тағы бір жерлерге дегендей, жұрттың бәрі асығыс. Аялдауды қойып, аяңдауға уақыт жоқ.

Бәріміздің санамызды «ана банкке барып, ала алмай жүрген несиемді ала қойсам. Әнеу бір жерлесіме берем дегенімді беріп қайтсам. Ана шаруамды ыңғайлап, мына бір істің басын қайырып тастасам, әне бір үлкен кісімен жолығып, мәселемді шешіп алсам» деп келетін жүздеген мәселелер жаулап алған. Бір қайран қаларлығы, бұл мәселелер еш уақытта бітіп бермейді ғой. Өліп-талып, табаныңнан таусыла жүріп бірін бітірсең, екіншісінің құлағы қылтиып тұрады. Екіншісін апыл-ғұпыл тындырып тастасаң, үшіншісі жыртиып тұрады. Күнде осы, күнің не, айлап-жылдап бір-біріне жалғасып кете береді, кете береді.

Бейітке барсаң, тәубеңе түсіп қайтасың

Осындай қым-қуыт шабыспен сіңбіруге мұршаң болмай шапқылап жүргеніңде, ойламаған жерден бар шаруаңды ысырып қоя тұрып, міндетті түрде бармасқа болмайтын маңызды науқандар болады. Соның бірі – кісі өлімі.

«Өмір бар жерде, өлім бар» деп аталарымыз текке айтты ма? Біреудің туысы, біреудің құдасы, енді біреуіміздің танысымыз, досымыз дегендей, татар дәм-тұзы таусылғасын, о дүниеге аттанып жатады.

Жасырып-жабары жоқ, жарық дүниеден өткендердің мәңгілік мекеніне айналған «қала сыртындағы қалашыққа» жиі-жиі барып тұруға ешкім де құштар емес. Бірақ бару керек болғасын, амал жоқтықтан барасың. Бейіт – көңіл көтеретін ойын-сауық орыны немесе сауда-саттық жасап қайтатын базар емес. Ол жерге құлазып барып, құлазып қайтасың.

Себебі, ол жерде сені жарық дүниеге әкелген ардақты әкең мен аяулы анаң жатыр. Кеше ғана ойнап-күліп бірге жүрген бала күнгі досың, бірге оқыған сыныптасың, тірлікте «шәй» деспеген құда-жегжатың, әзілі жарасқан бажаң мен жездең дегендей, қысқасы, өлімді қойып, өкпеге қимайтын адамдарың жатыр. Бейіт басына өмірден қайтқан адамға топырақ салып қана барып-қайтпайсың. Дүниеден озған жақындарыңды, қимас достарыңды есіңе алып, мына жалған дүниенің жалған екендігіне тағы бір мәрте көзіңді жеткізіп, аз да болсын тәубеңе түсіп қайтасың.

Біздің қазақ халқының салт-дәстүрінде өлген адамдарға, олардың рухына, басына қойылған мазарына деген құрмет ерекше. Өзіміз де барған сайын зират басына өсіп кеткен арам шөптерді  жұлып, маңында тал-терек немесе өскен гүл болса суарып жатамыз…

Көп бола қойған жоқ, таяуда Желдіөзектегі қалашыққа тағы бардық. Тағы да бір қимас азаматымызды мұсылмандық жолмен соңғы сапарға аттандырып қайттық.

Суық түскелі құрылыс жұмыстары тоқтап, басы көтерілмей қалған жас бейіттерден көзің сүрінеді. Көптігі соншалық, құдды бір соғыс туралы киноларда көрсететіндей, «әлдебір қандықол қарақшылар осыншама халықты қырып тастаған ба?!» деп қаласың. Ал енді бір ғана Өскеменнің Желдіөзек (Самсоновка) зиратындағы өлім-жітімнің қарқынына қарап тұрып, жағаңды ұстамасқа амалың қалмайды екен.

Әсіресе соңғы екі-үш жылдағы (ковид дедік, пандемия дедік, басқа да толып жатқан ауру-сырқаулар бар) адам өлімі сұмдық! Қабір қазушылардың: «Ковидтің кезінде күніне төрт-бес адамға қабір қазғанбыз» дегендерін естіп, шалқамыздан түсе жаздадық. Енді олар өтірік айтпайды ғой…

Бұл қасірет осылайша, жалғасын таба беретін болса, енді бір екі-үш жылда Өскемен қалалық әкімдігінің жарлығымен 2005 жылы қазіргі мұсылман зиратына деп бөлініп, қоршаумен қоршалып тұрған 15 гектар жердің түгесілетін түрі бар. Енді қайтпек керек?

Жалпы, осы Желдіөзектегі мұсылман зиратының қашан ашылып, қанша жер бөлінгендігі, оған кімдердің мұрындық болғандығы жайында «Дидар» газеті бұған дейін де жазған. Сол кездегі бейіттің бас шырақшысы Бауыржан Тоқтарбекұлының айтуынша, қазіргі мұсылман бейітінің иелігіндегі 15 гектар жер әу баста «15-20 жылда толуы мүмкін» деп жобаланған. Өлім-жітімнің тым көбейіп кеткендігіне қарағанда, бұл жер 10 жылға ғана жететін секілді.

Сол жолы шырақшы «Бүгінгі таңда қар суының астында қалып қоймайтын, өзі қаладан қашық емес және күрежолдан қолсозым жерде ғана орналасқан дәл осындай қолайлы жер табу оңай болмайды. Сондықтан сіздердің газеттеріңізді пайдаланып, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мырзаның назарын мынаған аударғым келеді. Қазіргі бейіттің арғы жағындағы 35 гектар жерді мұсылман бейітінің аумағына қосып берсе, ол шамамен 70 жылға жетіп қалуы мүмкін. Мен ол жер Өскемен қаласы әкімдігіне тиесілі болған соң айтып отырмын» –  деген болатын.

Жақсылықтан жақсы хабар күтеміз

Бауыржан Тоқтарбекұлының ол сөзі Жақсылық Омардың құлағына жетті ме, жетпеді ме, бізге белгісіз. Белгілісі сол, Желдіөзектегі мұсылман зираты дәл қазір аузы-мұрнынан шығуға шақ қалып тұр.

Осы мәселенің қазіргі мән-жайын білмек боп баяғы танысымыз, мұсылман зиратының бас шырақшысы Бауыржанға хабарласқан едік. Баукеңнің айтуынша, айына орта есеппен 25-30 адам жерленеді екен. Сонда күніне бір адамнан айырылып отырмыз ғой. Ал төрткүл дүниені дүр сілкіндірген атың өшкір ковидтің кезінде бұл көрсеткіш 60-70-ке дейін жеткен көрінеді. Бір қыста орта есеппен 180-200 адам қаза тапса, ковидтің кезінде бұл көрсеткіш 300-ге дейін көтеріліп кетіпті.

Бір өкініштісі, «Қайтыс боп жатқандардың басым көпшілігі 35 пен 45-тің арасындағы тепсе темір үзетін қазақ азаматтары» дейді сол жердің тазалығына, басы көтерілетін бейіттердің біркелкілігі мен тәртібіне алаңдап жүретін  әрі бірден-бір жауапты шырақшы.

– Мен бұл жер мәселесімен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Мұқашұлының қабылдауында болып, қолдауын да алғам. Бірақ мәселе біз ойлағаннан күрделілеу боп тұр. Қала әкімі өз рұқсатын бергенімен бізде былайғы жұрт көп біле бермейтін неше түрлі мекеме, департамент, басқарма дегендер көп қой. Осында «Иртыш-бассейн» деген сондай бір мекеме бар екен. Рәсімделген құжаттың барлығы соларға барғанда олар: «Бұл жер суға жақын орналасқан» деп келісімдерін бермей қойыпты. Мен білетін Ертіс өзені бұл жерден әлдеқайда әрменде ағып жатыр. Бұлардың айтып отырғандары қайдағы су екендігін біле алмай басым қатты. Болашақта бұл мәселе облыс, қала прокурорларының қадағалауымен қайта қаралатын болады. Әзірге айтарым осы.

Ал біз сұрап отырған жер көлеміне келер болсақ, мұсылман зиратына қолайлы деп жүрген 35 гектар жердің 14 гектары Ұлан ауданы әкімшілігіне тиесілі боп шықты. Сонда бізге бұйыратыны, (бұйырады деп сенейік) 21 гектар жер. Осының өзі үлкен олжа болар еді. Осы 21 гектар жерді мұсылман зиратына беріп, жерін тегістетіп, аумағын қоршатып алсақ жаман болмас еді.

Бауыржан Тоқтарбекұлының айтып отырғаны  – елдің игілігіне бағытталған өте маңызды мәселе. Мұны бір ғана Өскемен қаласының әкім Жақсылық Омардың мойнына артып қоймай, ел боп, жұрт боп үн қосып, дабыл қағуымыз керек. Қажет болса, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының да алдынан өтуіміз керек. Барлығы да мұсылманның балалары емес пе, жағдайды дұрыс түсінер?!

Сондықтан «Бұл мәселе болашақта оң шешімін табады!» деп сенеміз.

Құдай біледі, Баукең ол 21 гектар жерге үй салайын, болмаса егін егейін деп сұрап жүрмеген болар?! Анда-санда топырақ салуға баратын былайғы жұрттың ненің не екендігінен хабары да жоқ. Ол жерлер кімнің иелігінде екендігін де, оны рәсімдеу үшін қай мекеменің рұқсаты мен келісімі керектігін де  және ең бастысы, бүгінгі күні мұсылман зиратында дүниеден озған марқұмдарды жерлейтін қанша орын қалғандығын да білмейді. Білмегесін, білмейтін шаруаға араласып шаруалары қанша? Өз басым осы уақытқа дейін дәл осы бір шетін мәселеге бас қатырып, уайымдап жүрген бір адамды көрмеппін.

Себебі олардың уақыты да жоқ, жұмыс, әне-міне дегендей, асығыс қой бәрі…

Сол асығыс қауымның қақ ортасында өзіміз де жүрміз. Асыға жүріп күндердің күнінде сол Желдіөзек жаққа баратынымызды ішіміз де сезеді…

P.S. Біз білетін Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар басқа-басқа, «Дидар» газетін оқитын басшы. Олай дейтін себебіміз, осыдан екі-үш жыл бұрын Спорт сарайы мен облыстық ІІД аралығындағы Үлбі өзені жағалауының тұрғындарға қолайсыздық тудырып жатқан, адам айтса нанғысыз ахуалын жазған болатынбыз. Қазір сол жағалауда күзден бері өте қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білетіндердің айтуынша болашақта ол жер қала жұртшылығының демалатын тамаша жағалауына айналатын көрінеді.

Егер осы жазбамызды қала басшысы оқып, Желдіөзектегі жер мәселесінің оң шешім табуына мұрындық боп жатса, бұл азаматтығын Өскемен халқы ұмытпай айта жүрері сөзсіз.

 

 

Back to top button