ОномастикаТОП

Республикалық комиссияға ұсыныс жасалды

Кеше облыс әкімдігінің ғимаратында облыстық мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың жаңадан құрылатын Абай облысына, жаңадан құрылатын Ақсуат және Самар аудандарына атау беру бойынша Республикалық ономастикалық комиссияға ұсыныс жасауды қарастырған жария тыңдауы өтті.

Оффлайн және онлайн форматтағы жария тыңдауға облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов қатысты.

Облыстық мәслихат жанындағы бюджет, экономикалық реформалар және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Жасұлан Шаймарданов бұл жария тыңдаудың, жаңа облысқа атау берудің мәдени- тарихи және саяси маңыздылығына тоқталса, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлемісова Шығыста жаңадан құрылатын облысқа хакім Абайдың есімін беру – өте ұтымды да уақытында қабылданған шешім болғандығына нақты деректер келтірді.

– Ағымдағы жылдың 16 наурызындағы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше тарихи маңызды шешімдер мен реформаларды жариялады. Олардың арасында Семей қаласы орталығы болатын Абай облысын құру туралы да айтылды. Семей өңірі – Абай ауданы Шыңғыстау тауының етегінде дүниеге келген ұлы қазақ ойшылы, қазақ жазба әдебиетінің және қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған жері. Ел Президенті “Абайды тану – өзін-өзі тану. Өзін-өзі тану – үнемі өсу, ғылым мен білімді зерттеу – бұл даналық” деп атап өткен болатын, – деді Роза Әшімханқызы.

Жиынның қорытындысында халық қалаулылары күн тәртібіне қойылған мәселеге бірауыздан қолдау білдіріп, Республикалық ономастикалық комиссияға ұсыныс беруді жөн деп тапты.

Мәселен, Семей өңірінен сайланған депутат Серік Байғали Мемлекет басшысы айтқан бұл өзгерістерді Семей өңірінің жұртшылығы алғашқы сәттен-ақ қуанышпен қабылдағанын, қазақтың ұлы ақынының есімін иеленген жаңа облыс құрылғанда, жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары құрылатындығын, халық саны артатынын, бұған дейін тұрғындары қалаға көшіп кеткен алыстағы ауылдардың тамырына қайта қан жүгіретіндігін алға тартты.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы  Жолдауында Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынған болатын. Соған байланысты жоғарыда аталған аудандарды қайта құру қажеттілігі туындады. Жергілікті жұртшылық бұл өзгерістерге қолдау танытуда. Ал 1997 жылы екі облыс қосылғанда біріктірілген өзге де аудандар жайлы әзірге мәселе көтерілген жоқ. 

Қуаныш Сүлейменов, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Абай облысының құрылуы билік пен бизнестің неғұрлым жедел өзара әрекеттесуіне ықпал етері даусыз. Жаңа облыстың құрылуы жергілікті бизнесті дамытуды жеделдетеді. Туризмнің дамуына жаңа серпін беріледі. Өйткені Үржар ауданындағы Алакөл көлі –  республикалық маңызы бар ірі туристік аймақ. Сонымен қатар Абай ауданының тарихи жерлері және киелі орындары келушілерді қызықтырады. Семей қаласының бай тарихи мұрасы да, кешегі Алаш арыстарының ізі де осында жатыр. Мемлекет басшысының тарихи шешімі әкімдерді өз аудандарының даму стратегиясы туралы ойлауға, бизнестің өсуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытуға ынталандырады деген ойдамын.

Дәурен Аллабергенұлы

 

 

Осы айдарда

Back to top button