Экономика

Жел генераторын «EXPO»-ға ұсынады

Жел генераторын «EXPO»-ға ұсынады

«Экспо-2017» көрмесі жақындаған сайын балама қуат көздерін жобалаушы өнертапқыштардың белсенділігі артуда. Бұл істе шығысқазақстандық ғалымдар да әріптестерінен қалысар емес. Өскемендік өнертапқыш Әлмира Жылқашинованың Қазақстан бойынша «Үздік өнертапқыш әйел» атағына лайық деп танылуы соның дәлелі.
Бес жылдың ішінде сегіз патенттің иесі атанған ғалым жел генераторы арқылы энергия алу жобасымен айналысып келеді. Өзі ойлап тапқан генераторға «Желкен» деген ат қойыпты. Идеяның іске асуына жастық дәуренін жұмсаған ғалымның талпынысына таң қалмасқа шара жоқ.
-Алғаш желден қуат өндіру туралы ой келгенде, әлемдегі тәжірибелерді зерттеу қажет екенін түсіндім. Ол үшін ең әуелі ағылшын тілін меңгеру керек еді. Сөйтіп, инновация биігін бағындыруды тіл үйренуден бастадым. Уақыт таңдаған бағытымның дұрыс екенін көп кешікпей-ақ көрсетті, – дейді өнертапқыш.
Ағылшын тілін еркін меңгергендіктен өзінің ғылыми жобаларын халықаралық қорлар ұйымдастыратын түрлі конкурс пен байқауларға ұсынудан жалықпаған Әлмира Жылқашинованың жобасына қызыққан елдер өздеріне тәжірибе алмасуға шақыра бастайды. Мұндай тәжірибе алмасулардың барлығы шақырушы елдердің есебінен ұйымдастырылғанын айтқан жөн. Германия, Австрия, АҚШ, Үндістан елдерінің қолдауымен бүкіл Батыс Еуропаның, Америка құрлығы мен оңтүстік Азияның балама қуат көздерін өндіру жүйесіне қай тәсілмен күш салып отырғанын көріп, баға жетпес тәжірибе жинақтаған.
Бүгінде Әлмира Жылқашинованың жел генераторы өзі жұмыс істейтін С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың №7 ғимаратында орнатулы тұр. Қуаты 5,5 кВт болатын құрылғы желді желкендері арқылы тосып, горизантальды түрде орналасқан білік бойымен айналады. Қапалақты генераторлардың пайдалы әсер коэффициенті 38-40 пайыз болса, желкеннің арқасында бұл көрсеткіш Әлмираның қондырғысында 49 пайызға тең. Осыған сәйкес генератор жел секундына екі метр жылдамдықпен соққан кезде де ток өндіре алады. Желкеннің тағы бір ерекшелігі ток өндіру процесіне маңайындағы ауа ағындарын мейлінше мол үйіре алатынында. Осы қондырғы арқылы оқу ғимаратының екі бөлмесі электр қуатымен қамтылған.
Физика-математика ғылымдары кандидатының бұл жобасына өзге әріптестерінің де көңілі ауып отыр. Бүгінде ғалым әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің мамандарымен бірлесіп, өз жобасын жетілдіру үстінде. Материалтану, электроника, физика және математика, энергетика саласының түрлі мамандарнан жасақталған топ осы жобаны түбегейлі жетілдіріп, «EXPO-2017» көрмесіне балама энергия көзі ретінде Қазақстан атынан ұсынуы тиіс. Сондықтан оны әлемде баламасы жоқ, ерекше етіп жасау міндеті тұр.
– Бұл жоба о баста мемлекеттік грант есебінен жүзеге асырылып келе жатыр. Менің жобам бойынша генератор үш қабатты үйдің биіктігіндей жерде орналасуы керек. Өйткені, біздің өлкеде жел ағыны сол деңгейде мол. Сол сияқты Көкшетаудың, Қарағандының, Алматының өз ерекшеліктері бар. Енді соның бәрін бір арнаға толықтырып, «гибридтелген» генератор шығарамыз, – дейді ғалым.
Ғалымның қолындағы қондырғының үлгісімен қуаты жоғары генераторлар да алуға болады. Өнертапқыш әзірге біздің елде өнертабысты ойлап табудан, оны өмірге кіріктіру қиын екенін айтады. Мысалы, Еуропаға жасаған сапарларында ол Францияда балама электр қуатын пайдалану қарапайым жолмен заңдастырылғанын байқаған. Кез келген франциялық шағын генератор сатып алып, орталық желіге қосыла алатын көрінеді. Осының арқасында қуатты тегін тұтынып қана қоймай, артылғанын электр компанияларына сатады. Бұдан түскен қаржымен қондырғының шығынын біртіндеп ақтауға да болатын көрінеді. Ал Үндістанда жел қуатын пайдалану үшін әуелі алманиялық технологияны патентімен қосып сатып алған да, оған IТ-технология жетістіктерін енгізген. Бүгінде аталған елде тұтынылатын энергияның 30 пайызы жел генераторларына тиесілі.
Ғалым қандай да бір жердің желінен қуат алу үшін кем дегенде бір жыл бойы қасиетін зерттеу керек екенін айтады. Өзі алғаш құрастырған генераторын Сібе көлдерінің аумағына орнатқан кезде оған көзі анық жетіпті.
– Сібенің аумағын алты ай бойы зерттедік те, қондырғымызды орнатып кеттік. Кейін ондағылар генераторды жел талқандап кеткенін хабарлады. Барсақ, қондырғының бөлшектері радиусы бір шақырым аймаққа шашылып қалыпты. Осының барлығын көре жүріп, кемшіліктерден сабақ ала отырып, бүгін қолданыстағы генераторды құрастырдық, – дейді өнертапқыш.
Ғалым біздің балама энергия көздерін игерудегі қадамдарымызды баланың жаңадан аяқ басқан кезеңімен салыстырады.
-Бізде инновациялық идеяларды қаржылай қолдау аздап болса да қолға алынғанымен, оны нақты өмірге кіріктірудің заңнамалық тетіктері реттелмеген. Мысалы, жел генераторын сатып алып, пайдалану үшін ортақ желі мен трансформаторға дейін кабель тарту шығындарын кім көтеретіні нақтыланбаған. Тіпті, үйіңізге тікелей жалғау үшін де арнайы рұқсат керек. Бұл тұрғыдан алғанда электр қуатын өндіріп, таратушы монополистердің мүддесі мықтап қорғалған деуге болады, – дейді өнертапқыш.
Әйтсе де, ол сең қозғалғанына шүкіршілік етеді. Астанада өтетін көрменің арқасында инновация саласына нақты бетбұрыс жасалғанын өз жобасына деген қамқорлықтан көріп отырған жайы бар.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button