Жаңалықтар

Желідегі жалған ақпаратқа сенбеңіз

 Коронавирус Қытаймен қоса әлемді әбігерге салды. Әлеуметтік желіде таралған жалған ақпараттар да отқа май құйғанмен бірдей болып тұр.  Көңілге қорқыныш ұялатқан сол сыбыстарға сенсек: “Коронавирусты спиртті ішімдіктермен емдеуге болады. Ал вирустың өзі банан мен AliExpress-тен жіберілген заттар арқылы жұғады екен”.
   Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті желідегі жалған ақпаратқа сенбеуге, тек ресми хабарламаларға құлақ түруге шақырады. Департамент басшысы Нұргүл Құнапиянованың айтуынша, коронавирус инфекциясы ауа тамшысы жолы арқылы тарап, жұғады. Қазақстанда банан мен өзге жемістерді қолданудан жоғарыда аталған вирусты жұқтыру бойынша бірде-бір факті тіркелген жоқ. Бірақ вирус адам немесе жануарлар ағзасынан тыс жерде өмір сүре алмайды.


Қытай елінің  Ухань қаласында  вирус таралған алғашқы күндері AliExpress басшылығы компанияның барлық заты медициналық тұрғыдан таза деп мәлімдеді. Ресей мен Украинаның сарапшылары мен денсаулық сақтау мамандары Қытайдан келетін заттар арқылы инфекциялардың таралуы мүмкін емес десе, дәрігерлер вирустың транзит кезінде өмір сүре алмайды деп отыр. AliExpress арқылы Қытайдан келген тауарлардан әлі күнге дейін бірде-бір рет вирус табылғаны туралы дерек тіркелген жоқ.
“Әкем Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істейді. Бүгін олар шұғыл жиналыс өткізді. Үйге оралғасын анама жасырын түрде коронавируспен күресу туралы үкіметтің арнайы бұйрығын, әйелдер мен балалардан бөлек, барлық ер адам вируспен күресу үшін күн сайын 250 грамм арақ, виски немесе коньяк ішуі керек екенін айтты”.

  Қазір бұл интернет қолданушылар арасында ең көп  таралған мәтін. Алайда мамандардың пікірінше, алкоголь керісінше, иммундық жүйе мен ағзаны әлсіретеді, бұл вируспен күресу процесін нашарлатады. Спирт ішкенше, онымен қолды және тұтынатын заттарды дезинфекциялау керек дейді олар.

30 қаңтар күні таңертеңнен Whatsapp желісінде Семей тұрғынының коронавирус жұқтырғандығы жайлы хабарлама лезде тарап кеткен.   ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының медицина саласындағы төтенше жағдайлар орталығының директоры Альберт Асқаров бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Қазақстанда коронавирус жұқтырған ешкім жоқ. Егер ондай жағдай орын алып жатса,  Денсаулық сақтау министрлігі бірден ресми мәлімдеме жасайды. Сондықтан барлықтарыңызды үрейленбеуге шақырамын», – дейді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус эпидемиясына байланысты тарап жатқан жалған ақпаратпен күресетін жаһандық науқанды бастады.  ДДСҰ ауру туралы фейк жаңалықтардың таралуын болдырмау үшін ірі әлеуметтік желілермен серіктестік орнататынын мәлімдеді.

Көптеген елдер вируспен күресіп жатыр, бірақ оған жаһандық байланыс мен ақпарат алмасу жетіспейді. Зерттеу нәтижелері жаңа штамның мутация нәтижесінде адамға жануардан жұққанын көрсетті.

“Коронавирус адамға жарқанаттан жұқты. Адамда бірден эпидемия туындады. Ол жарқанаттан қалай берілді? Бұл үлкен геномның бөлігіндегі бір протеиндегі жалғыз өзгеріс, бір ғана мутация арқылы болды”, – деді эпидемиолог Массимо Чиккоцци.

Соған қарамастан коронавирустың адамнан адамға жұғу жылдамдығы салыстырмалы түрде жоғары емес.

Дәрігерлердің пікірінше дер кезінде қажетті шараларды жүзеге асырса, эпидемияның таралмауына мүмкіндік бар.

Еске сала кетсек, өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың таралуын жаһандық төтенше жағдай деп жариялады.

Бүгінде облыста аталмыш дерттің алдын алуға бағытталған жедел штаб құрылып, жағдайды бақылауға алған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар әр салада көрініс табуда. Осыдан бірнеше күн бұрын облыс санитарлары мен медициналық қызмет көрсету жасағы Өскемен қаласының әуежайында елімізге вирус жұқтырған адам келген жағдайда қолданылатын шараларды іс жүзінде сынау  үшін оқу-жаттығу өткізді.Қазіргі уақытта коронавирус бірнеше елге жайылды. Біздің шекарадан бері өтуі мүкін деген қауіп бар. Сондықтан да алдын ала қамданып, қызметкерлерді дайындап жатырмыз. Бүгінгі жаттығуда науқасты жедел жәрдем келгенге дейін оқшаулау тәсілдерін үйреттік, – деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті санитариялық-карантин бөлімінің бас маманы Анар Сабырбаева.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button