Жекпе-жек сарайына Қажымұқанның есімін беру керек
Өскемен қаласы жыл сайын қанатын кеңге жайып, көркейіп келеді. Соңғы төрт-бес жылдың бедерінде тұрғын үйлерді айтпағанның өзінде бірнеше әлеуметтік нысандар бой көтерді. Ертістің сол жағалауында әне-міне қазақ драма театрының ғимараты пайдалануға берілмек. Осы маңда Жеңіл атлетика, Орталық бассейн, Жекпе-жек сарайлары бой көтеріп, жұмыс істеп тұр. Бұл жерлерде республиканы былай қойып, халықаралық деңгейдегі ірі жарыстар өте бастады.
Біздің айтпағымыз – Жекпе-жек сарайы туралы. Аталмыш спорттық ғимараттың пайдалануға берілгеніне бірер жылдың жүзі болып қалғанымен әлі күнге дейін оның атауы жоқ. Қатарындағы Жеңіл атлетика сарайына бірден Ольга Рыпакованың есімі берілді. Ана бір жылы Спорт сарайы Борис Александровтың атын иеленді. Қазір қала тұрғындары Жекпе-жек сарайының қалай деп аталарын күтуде.
Қаладағы ұлтжанды қарияларымыздың бастары қосылған жерде осы мәселе туралы жиі сөз қозғалатын болып жүр. Олар бұл спорт ғимаратына Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі лайықты деп санайды. Айтты айтпады, сонау патша заманында төрткүл дүниені шарлап, француз күресінен әлем чемпионы атанған, қазіргі ережесіз жекпе-жекте қолданылып жүрген жапонның джу-джицу күресінің айла-тәсілдерін сол заманда жетік меңгерген аты аңызға айналған бабамыздың есімі дәл осы Спорт сарайына сұранып-ақ тұр емес пе?!
Оның үстіне Қажымұқан атамыздың Ұлы Отан соғысы жылдарында жиған-терген бар қаражатын әскери ұшақ жасатуға жұмсағанын да естен шығармағанымыз абзал. Алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында аталмыш ғимараттың маңдайына «Қажымұқан атындағы Жекпе-жек сарайы» деп жазылып тұрса, бұл да оның жеңіске қосқан үлесін ұмытпағанымыз болар еді. Құзырлы мекемелердің тізгінін ұстаған азаматтар осы мәселеге назар аударып, оң көзқарас танытар болса, құба-құп дер едік.
Мұрат Әміренов,
ардагер журналист.
Өскемен.