Білім

Жекеменшік балабақшаның берері мол

Жекеменшік балабақшаның берері мол
Аудан орталығындағы «Болашақ» балабақшасы заман талабына сай жабдықталуы мен тәлім-тәрбие беру жағынан мемлекет құзырындағы сәбилер үйінен ешқандай кем түспейді. Кейде тіпті озық па дейсің. Ауласы гүлге көмкерілген балабақшаға балаларға арналып ағаштардан жасалынған түрлі ойын ойнау құралдары да ерекше сән-салтанат беріп тұр.

Біз мұнда келгенде, балдырғандар түскі тамақтан кейін тынығуға жатып қалған екен. Атшаптырым ауладан тек тәрбиешілер мен қызметшілерді ғана кездестірдік. Балабақша меңгерушісі Ә.Тұрлыбекова еңбек демалысында болғандықтан, оның міндетін уақытша атқарушы Надира Кекілдіковаға жолығып, жекеменшік балабақшаның қазіргі жағдайы туралы әңгімелескен болатынбыз.
Оның айтуынша, балабақша 50 балаға арналған екен. Екі топ бар. Нақтылай кетсек, екі жарым және үш жастағы сәбилер тобы мен алты жасқа дейінгі үлкендер тобы бар мұнда. Кішкентай балдырғандардың жан-жақты дамып, толысып өсуі үшін бұл мекемеде барлық жағдай жасалыныпты.
«Сізге балалардың жағдайының қаншалықты деңгейде қамтамасыз етілгендігін көрсетейін, таныстырайын» деген соң, Надира Тұрсынғалиқызымен жатын, ойын ойнайтын және білім алатын бөлмелерді араладық. Балабақшада үлкендер тобы ойын ойнап қана қоймай, мектепке баруға да дайындалатын көрінеді. Осы ересек бүлдіршіндер мұндағы тәрбиеші мұғалімдерден әріп үйренумен қатар, ағылшын, орыс, қазақ тіліне жаттығып, білім алады екен. Екі топтың да ойлау қабілетін дамыту, саусақ ойындары, үстел үсті ойындары және ұлттық ойындар, яғни асық, көкпар, сондай-ақ теңге алу ойындарына бейімдеу күнделікті кестемен жүргізіледі.
Біздің қасымызға келген топ тәрбиешісі Анар Қабасовадан өз қарамағындағы балдырғандардың қал-жайын, олардың түрлі ойын мен білімге талпынысы жөнінде сұрадық.
-Менің тобымдағы балалар жоғарғы топқа жататындықтан, оларға музыкамен ән айттыруға, биге баулуға көп көңіл бөлеміз. Бұлай ету олардың жан-жақты болып өсуіне көп көмегін тигізеді. Денешынықтыруға да машықтандырамыз. Сонымен қатар мектеп табалдырығын аттайтын мезгілге дейін әріп танытып, әліпбиді оқи алатын дәрежеге дейін жеткізу заман талабы болған соң, латын әліпбиімен таныстыру, оның әрбір әріптерін оқыту-тоқыту міндеті тұр. Балалардың денсаулығын үнемі тексеріп, бақылауда ұстаймыз. Бұған арнайы медбике және психолог мамандарын жұмысқа қабылдағанбыз, – дейді ол.
Надира Тұрсынғалиқызының айтуынша, ұжымда 23 адам қызмет етуде. Төртеуі жоғары білімді. Осы жылдың сәуірінде мекемеде аудандық балабақшалар арасындағы семинар болып өтіпті. Оған өңірдегі балабақшалардың жетекшілері мен мұғалімдері және тәрбиешілері қатысқан екен. Балдырғандарға дұрыс тәрбие мен білім берудің тәжірибелері талқыланып, тоғыз тақырып бойынша қызу пікірталас болған. Көптеген озық тәжірибелер ортаға салыныпты. Мұндай ғибраты мен берері мол пайдалы семинар алдағы кезде де жалғасын табатынын айтады. Әрине, өз ісінің маманы болу оңай емес. Біз бұл балабақшаның жасөспірімдерді дұрыс тәрбиелеп, уақыт талабына орай, білімді азаматтар мен азаматшаларды түлетіп өсіреріне нық сенеміз.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button