Жазықсыз жандарды жазадан арашалады
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан өрімдей жастарды және сол жастарға араша түсіп, қорған болған азаматтарды бүгінгі күннің мақтанышы әрі елінің үнемі еске алып, үлгі тұтар батырлары деуге болады. Сондай ердің бірі – Жарма ауданының тумасы, генерал-майор Мұрат Қалматаев.
Ол 1936 жылы 8 қыркүйекте Былқылдақ ауылында дүниеге келген. 1959 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, аудандық, облыстық комсомол, партия ұйымдарында басшылық қызмет атқарады. 1983 жылы Қазақ КСР ІІМ-нің саяси бөлім басшысы болып тағайындалады. 1986 жылы қарашада генерал-майор атағын алады.
Сол жылы бірінші хатшы Д.Қонаев қызметтен алынып, орнына Колбин келеді. Міне, осы келеңсіз іске бүкіл Қазақстан халқы наразы болса, жастар жағы намыстанады. «Бұл іс – партияның саясатына жат әрекет» деп наразылық танытып, жаппай көтеріліске шыққан да – жастар.
Ал мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі азаматтардың іс-әрекеті өрескел болды. Олар алаңға шыққандарды аяусыз жазалады. Жас жігіттерді соққының астына алды. Қыздардың шашын жұлып, мұз жастандырды, есінен тандырды.
Мұндай жазаны көрген Мұрат Дүйсенбіұлы жастарға ара түсіп, Мәскеуден келген ішкі істер министрінің орынбасарымен сөзге келіседі. Артынша Мұратты сотқа бермек болып, дау-дамай басталады. Ақыры 1988 жылы қаңтарда Мұратты Ауғанстанға соғысқа жөнелтеді. Содан 1989 жылы Кеңес әскерін кері қайтару жарлығы шығып, елге аман оралады. Бір жылға жуық жұмыссыз жүріп, 90-шы жылдары Семей облыстық ішкі істер басқармасына бастық болып келеді. 1995 жылы еліміздің ішкі істер министріне кеңесші болып тағайындалған соң Алматы қаласына қоныс аударады.
Адал да абыройлы еңбегі үшін 8 рет КСРО орден-медальдарымен марапатталады.
Мұрат Қалматаев Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат ретінде сайлаушылармен кездесуге келгенде Жарма ауданының халқы ерекше құрмет көрсетіп, ықылас білдірген еді. Сол кезде көп алдында маған сөз бергенде оған арнау өлеңімді оқып берген едім.
Ауған соғысының ардагері, қоғам қайраткері 2016 жылы 16 маусымда дүниеден қайтты. Қара нардай қайтпас қайсар мінезді ердің есімін елі ұмытпайды, бүкіл желтоқсаншылардың көкейінде мәңгі сақталады.
Мәуітқазы Зүкенов, ардагер журналист
Өскемен.