Білім

Жазғы лагерьлер оқушыларды қабылдауға дайын ба?

Айжанат Бақытқызы

 Биыл облыста қанша бала мектеп бітіреді, «Алтын белгіге» үміткерлер саны қанша, түлектер кешін жасауға бола ма, неше мектеп күрделі жөндеуден өтеді және жазғы лагерьлер оқушыларды қабылдауға дайын ба? Бұл туралы облыстың білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылының аяқталуы жайлы өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Шаухина мен басқарманың мектепке дейінгі жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Бұлбұл Қозыбаева айтып берді.

Динара Тоқсанбайқызының айтуынша, биылғы оқу жылының соңында облыста  96383 бала контингентімен 342 мемлекеттік мектеп жұмыс істеуде. Оның ішінде 147 – мемлекеттік тілде, 101 – орыс тілінде, 94 – аралас мектеп.

9-сынып түлектері – 8793, оның ішінде ерекше үлгідегі аттестатқа 789 үміткер, 4066 оқушы колледжге түсуді жоспарлап отыр. 11-сынып түлектерінің саны-3810, оның ішінде Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға 83% қатысады. Биыл «Алтын белгіге» үміткерлер саны 281, үздік аттестатқа – 378.

-Мектептердегі 9 және 11 сыныптарға арналған мемлекеттік емтихандар 2-19 маусым аралығында дәстүрлі форматта өтеді. Қазіргі уақытта емтихан тапсырмалары әзірленуде. «Алтын белгіге» үміткерлердің құжаттарының талаптарға сәйкестігі арнайы комиссиямен тексерілді. Денсаулық жағдайы және басқа да себептер бойынша емтихандардан босатылған оқушылардың тізімі дайындалуда. Емтихандарды өткізу шарттарын дайындау бақылауда,-деді Динара Шаухина.

Бұлбұл Жомартқызының айтуынша, мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде 203 балабақша мен 190 шағын орталық жұмыс істейді. Биыл да әдеттегідей жазғы кезеңде кезекші топтардың жұмысы ұйымдастырылады.

Бірінші сәуірден басталған балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін тіркеу тамызға дейін жалғасады. Қазіргі таңда жоспарланған 9404 бірінші сынып оқушыларының 63,8% өтініш берген.

Жаңа оқулықтар сатып алуға 450 млн. теңге қарастырылған. Оқу-ағарту Министрлігі оқулықтар тізбесін бекіткеннен кейін облыстан өтінім қалыптастырылып, оқулықтар сатып алынатын болады.

Биыл өңірдегі үш мектепті күрделі жөндеу (Катонқарағайдағы Жамбыл орта мектебі, Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылындағы А.Байтұрсынов орта мектебі мен Ақжар ауылындағы К.Билялов атындағы мектеп-лицейі) және 23 білім беру мекемесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланып отырғандығы айтылды. Бұл мақсатқа 1,1 млрд. теңге қарастырылған. Жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін демалыс уақытында жүргізіледі.

Динара Тоқсанбайқызы айтып өткендей, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі 41 колледжде 17727 студент оқиды. Биыл 101 мамандық бойынша 4455 студент колледжді бітіріп шығады.

Алдағы оқу жылына 5930 мемлекеттік тапсырыс орны, оның ішінде нысаналы мемлекеттік тапсырыс бойынша 900 орын бөлінген. Қабылдау комиссияларының жұмысы 25 маусымнан басталады. Қабылдау бейіндік бағалардың орташа балы бойынша ақпараттық жүйе арқылы «Ақша студентпен бірге» тетігі бойынша жүзеге асырылады.

Білім басқармасының оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін анықтауға бағытталған жұмыстарын да атап өткен жөн. Биыл дарынды оқушыларымыз 51 медаль жеңіп алған, оның ішінде 1 гран-при, 13 алтын, 36 күміс және 31 қола.

Облыс құрамасы 2-7 сынып оқушыларына арналған «Зерде» республикалық зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауында жалпыкомандалық 1-орынға ие болып «Үздік олимпиадалық команда» номинациясымен марапатталды. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада оқушыларымыз «Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша жалпы командалық екінші орынға ие болғандығын зор мақтанышпен айтуға болады.

-Жазғы демалыспен және сауықтырумен 1-10 сынып оқушыларын 99,9%, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды 100% қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға жалпыға бірдей білім беру қорынан 98,6 млн. теңге қарастырылған. Биыл 418 жазғы лагерь жұмыс істейді. Қала сыртындағы лагерьлерде сумен жабдықтау нысандарын дератизациялау, дезинсекциялау, тазарту, жуу және дезинфекциялау, кенеге қарсы іс-шаралар, лагерьлерді ашу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды мен рұқсат беру құжаттарын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі тұрақты бақылауда,-деді Динара Шаухина.

Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі, облыстық білім басқармасы және аудандық білім бөлімдерінің нұсқаулығына байланысты 9, 11 сынып түлектеріне және жалпы басқа да сынып оқушылары мен ата-аналары немесе ұстаздары болып, дастархан жаюға, банкет жасауға және қыдыруды ұйымдастыруға қатаң тыйым салынатындығы баса айтылды.

Осы айдарда

Back to top button