Жаздың алғашқы күні Шығыс Қазақстанда үш адам суға кетті. Қайғылы оқиғалар Өскемен мен Семей қалаларында тіркелді.
Қайтыс болғандардың үшеуі де шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түскен. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, оның екеуі (1994 және 2003 жылы туған) Ертіс өзеніне батып кеткен. Ал 2004 жылы туған тағы бір жас Семейдегі Семипалатинка өзеніне кетіп, көз жұмыпты.
Осылайша, соңғы бірнеше күнде облысымызда суға кеткен адамдардың саны төртеуге дейін жетіп отыр. Еске салайық, 31 мамыр күні Шемонайха қаласының іргесінен ағып өтетін Үбе өзенін кешіп өтпек болған 19 жастағы жігіт те судан ажал құшқан.
Осы ретте құтқарушылар тұрғындарға суға шомылу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін тағы бір мәрте ескертуде.
Нұржан Кенжеұлы