ЖаңалықтарКәсіпкерлік

«Жайлы мектептерді» өзіміз жабдықтаймыз

Облыстың Кәсіпкерлер палатасы «Жайлы мектеп» жобасына жергілікті өнім өндірушілерді тартуды көздеп отыр.

Шығыстың кәсіпкерлері мектеп жиһазының көрмесінде өздерінің тәжірибелік үлгілері мен баға бойынша ұсыныстарын таныстыруға тиіс, деп хабарлайды Didar ақпарат.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында тапсырыс беруші Samruk-Kazyna Construction АҚ-ның тапсырмасы бойынша жиһаз өндіретін бірнеше кәсіпорын белгіленіп, олардың өнімдері туралы фото және видеоесептер әзірленді.

Облыстық білім басқармасының бюджеттік жоспарлау және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Жанғазы Әліпбаев пен Кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Іңкәр Аманбаева өңірдің жиһаз өндіруші кәсіпкерлерін Өскемен қаласының математика, физика және информатика бағытындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейіне апарып, өнім үлгілерімен таныстырды.

– Біздің міндетіміз – жобаны іске асыруда жергілікті тауар өндірушілерді барынша көбірек қатыстыру. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, оған жергілікті өнімдерді енгізу қажет. Кәсіпкерлерге материал мен дизайн таңдауда шектеу жоқ. Ең бастысы сапасы сәйкес келуге тиіс, – деп түсіндірді Іңкәр Аманбаева.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында өтетін мектеп жиһаздарының көрмесі қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Жиһаз өндірушілер қосымша ақпарат алу үшін Кәсіпкерлер палатасына жүгінсе болады.

Мадина Амангелдіқызы

Осы айдарда

Back to top button