Мәдениет

Жаяу Мұсаның 93 жасында түскен фотосы табылды

Жаяу Мұсаның 93 жасында түскен  фотосы табылды

Қазақ халқының әйгілі әнші-сазгері, ақын Жаяу Мұса Байжанбайұлының 93 жасында түскен, бұрын белгісіз болып келген фотосуреті Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайында салтанатты түрде таныстырылды. Мұражай директоры Жандос Әубәкір Жаяу Мұса фотосуретінің ғылыми іссапардың нәтижесінде табылғандығын мәлімдеді.
-Ресей Ғылым академиясының Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының архивінде сақтаулы этнограф Ф.Фиельструптың жеке архивінен 1927 жылы Қазақстан жеріне ұйымдастырылған экспедиция жазбалары зерттелген еді. Солардың ішінен қазақтың тұрмысы мен салт-дәстүрін бейнелеген 150-ден аса фотосуреттердің ішінен Шәкерім Құдайбердіұлының құс ұстап түскен фотосуретінің түпнұсқасы табылғаны туралы хабарланған болатын. Көп фотосуреттің ішінен егде жастағы қарияның жеке фотосуретінің сырт жағында «Джаяу Муса, 93 лет от роду. Семипалатинская губ., Павлодарский уезд, Баянаульский р., ур. Ащысу. Казахи – Аргын, Айдабол. 1927, Фиельструп» деп жазылған, – дейді Абай мұражайы директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева.
Оның айтуынша, этнограф ғалымның 1927 жылғы күнделігінен: «9 июля, суббота. Кружили вокруг горы Семиз-Бугы. Привал сделали в ауле у реки Ащысу. Приехали повидаться со стариком 93 лет, бывшим певцом» деген жазу кездескен. Осы екі дерек бұл фотосуреттегі бейненің қазақ әншісі Жаяу Мұса екендігін дәлелдейді дейді мұражай қызметкерлері.
Абай мұражайы қызметкерлерінің ізденіс, зерттеулерінің нәтижесінде табылған Жаяу Мұсаның бұл фотосуреті қазақ өнері мен тарихын зерттеушілер мен жалпы өнерсүйер қауым үшін құнды олжа екені даусыз.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button