Жақсымен болған бір күнің

Алдымен Қуаныш хабарласқан. Сол бұрынғы әдеті, елпілдеп тұр.
– Аға, Ақжардың біраз адамдарының қолына Шәкерхан атамыздың бір керемет кітабы түсіпті, соны көріп шапанымыздың шалғайы желпілдеп жатыр! Сонау Сауыр-Сайқан мен байырғы Барқытбел, қос Арғанаты мен қарт Қалба арасын мекендеген бәйжігіт бабамыз жайында екен. Енді соны алқап, автормен кездесу өткізіп, ол кісінің толайым туындысын жұртшылыққа жақсылап таныстырсақ деген ойымыз бар. Сондай бір үлкен дайындыққа кірісіп те кеттік! – дейді сөз-сөйлем араларындағы үтір-нүктелерін алып тастап.
Ол кезде Қуаныш айтып отырған құнды еңбектің екінші легі Өскеменде іркіліп қалған. Оны естіген інілері – Сержан мен Шалқар қалаға қосарлай ат шаптырып, оларға бұ жақтан Сәкен жалғасып, әл-әзір бояуы кебе қоймаған жарты мыңдай таралымын түгелдей теңдеп кеткен. «Ел-жұртқа өзіміз әйгілейміз, өзіміз таратамыз!» депті.
Ертеңінде сол Сержанның өзі хабарласқан.
– Аға, кітапты жеткізіп алдық, бұ жақта сұраушы көп. Біреуден ұрлап алғандай үн-түнсіз үлестіре салмайық деп… Ел-жұртты жинап, ағамызды халқымен қауыштырып, кітапты жөн-жосығымен көп алдында таныстырайық деп… Сол үшін өзіңізден ақыл-кеңес сұрайық деп…
– Ақылды ақсақалдан сұрамаушы ма еді? – деймін әдейі. – Автордың өзі не дейді?
– Ой, ол кісіні білесіз ғой, елді дүрліктіріп соның не қажеті бар, қойыңдар! – деп отыр. Обшым, қызық адам өзі, – дейді алқынып. – Айтыңызшы, көндіріңізші. Бәрін өзіміз ұйымдастырамыз, өзіміз көтеріп аламыз! Көлігі де дайын, келсе болды бізге!
«Інілеріңіздің меселін қайтармаңыз, кітабыңыздың мұқабасын туған жеріңізге апарып ашыңыз» дедік Шәкеңе. Жөн сөзге тоқтайтын адам ғой, көп бәлсінген жоқ. Іле «онда сен де барасың, кітаптың сарашысы сен емессің бе?» деп шаужайымыздан шап берді. Қапелімде шегінуге жер қалмады, «Құп!» дедік. Сыйлы ағаның қошеметін қолпаштап, ел жаққа баратын болдық! Көңіл түкпірінен мақтаныштың кептері пыр деп ұшты…
… Иә, бұл әңгіменің (сол сапардың) әлқиссасы осылай басталған. Шәкерхан аға да шабандамай, «Үкілі найза ұстанған үш Бәйжігіттің» таралымын үстеп қойған. Ал Ақжарда бес сатының ел таныған бес ұлы бас қосып ұйымдастыру алқасын құрып, міндеттерін жіктеп-жіліктеп, игілікті істің иін қандырып жатты. Сержан мен Қуаныштың жанына Талғат пен Төлеген, Қуат қажы мен Алтынбек, ақ дастарқанын айқара ашып Клара қарындасымыз қосылған. Ауыл әкімі – Асқар бауырымыз қуана құптаған, атқамінер азаматтар қоштаған. Жақсының жанына ерген, қолдарындағы барын берген дегендей…
Бесаспап Қуаныш шағын баннер жасатып, көзге түсер жерге іліп тастады. Үйіндегі компьютер мен түрлі-түсті принтерді іске қосып, шақыру билетін безендірді. Көнетоздау шайтанарбасына аяқ артып, үйді-үйге өзі таратты. Елге сөзі жүретін Төлеген болса, кітаптың бір данасын қолына ұстап алып, арқасүйер ағаларын адақтап шықты. Ойдың нәрін, сөздің мәнін түсінетін көкірек көзі ояу жұртты құлағдар етті. Оны көрген қараша халық ертеңгі күні елген тұтқа болар арлы азаматтарының әсерлі әрекетіне риза болды. Ұландарының ұлағатты ісін қолдады.
***
«Бір жақсылық бір жақсылықты жетелеп жүреді» деген рас. Қарт қаламгер кітабының тұсаукесері алты жұмық, бес сатының айбынын асырар қос қуанышпен астасып кетті. Сол күні Ақжардағы әкімдік үйі алдында ұлы Абайдың асқақ мүсіні орын теуіп, Маңырақ ауылында ер Дәулетбай мен оның ақиық ақын ұлы – Әрімжанның еңселі ескерткіштері бой көтерді. Ал мәдениет үйінде қазақ журналистикасының қадірменді ақсақалы, қос қанатты қаламгер – Шәкерхан Әзмұханбетовтің жаңа кітабының таныстырылымы өтіп жатты. Барқытбелдің баурайын жайлаған қараша жұрт бір күнде үш бірдей мерекенің куәсі болды. Өнер атты қасиетті ұғымның қадірі артты. Талантқа тағзым жасалды. Жиналған қауым «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегенді жоққа шығарды. Шәкерхан ағамыздың кеудесіне «Ауданның Құрметті азаматы» деген белгі тағып, ер-тұрманы келіскен қара қасқа тұлпарды көлденең тартты. Арқасына жеті бірдей шапан жапты (біз оны жақсы ырымға баладық).
Алымдысын ардақтай білетін, дарындысын салмақтай білетін аудан басшысы – Ділдәбектей інімізге, өнегелі ісімен өзгеден оқ бойы озық жүрген Асқар бауырымызға, ақжайлау көңілін айқара ашып тастаған атажұртқа дән риза болдық! Олар ұйымдастырған мерекеге, қаймағы бұзылмаған берекеге марқайдық!
Сөйтіп, пейілі тарылмаған елімнің пейіш өлкесінен мәртебем өсіп, мәз болып қайттым!
Соның әсерінен болар, «Шығыс шеңберіне» түскен соң, біразға дейін әңгіме жібі сабақталмады. Жеңіл көлік қалақтай жазушыны қапсыра құшақтап алып, жер апшысын қуыра заулап келеді. Ауыздығымен алысқан көк дөнен көңіл де қалысар емес. Көзімнің қиығымен Шәкеңе қарап қоямын. Қарт Қалбаның жолбарыс жон жоталарына қарап, әлдебір ойға шомып отыр екен…
***
Қозға су құйсаң, мор шығады. Ол – болмастың қылығы. Қуана білгенге құт дариды. Ол – солмастың пиғылы. Болар елдің баласы бірін-бірі «батыр» дейді, «ақын» дейді, «жаныма жақын» дейді.Міне, ірілік деген – осы!
Шілденің сол күні жүрегіме мөр болып басылды. Көкірегімде жаңа тыныс ашылды. Көңілім тасыды. Ел бізге қуанды, біз жұртшылыққа сүйсіндік!
«Жақсымен болған бір күнің жаманның өтіп кеткен өміріндей…».
Тілімнің ұшына осы сөздер орала берді. Неткен данышпандық десеңізші! Расында солай…
Жұмағазы Игісін.