Экономика

«Жасыл технология» мен «Жасыл экономикаға» таңдау жасалды

«Жасыл технология» мен «Жасыл экономикаға» таңдау жасалды

Өскеменде 21-22 мамыр күндері екінші рет Өскемен ЭКСПО-2015 халықаралық көрмесі өтті. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Барнаул қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары Александр Алексеенко, ШҰАА Алтай округінің сыртқы экономикалық қызметтер басқармасының басшысы Ерборат Байқадам және Ямайка, Канада, Жапония, Польша, Ресей елдерінің ғалымдары қатысқан көрме болашақтың энергиясы бола аларлық, баламалы қуат көздерін алуға, «жасыл экономика» мен «жасыл технологиялардың» дамуына жол салатын тағы бірнеше тың, жаңа жобаларды жұртшылыққа паш етті.

Бізде торийдің мол қоры бар

«Алтай» технопаркіне алыс, жақыннан келген көрме қонақтары Назарбаев зияткерлік мектебінің, Семей, Өскемен қалалары колледждері оқушылары, студенттерінің, Павлодар, Семей қалалары және облыс бизнесмендерінің, кәсіпорындарының ғылыми жобаларымен танысып, олардың баламалы қуат көзін, жаңа технологияларды дамыту жолындағы жетістіктері мен табыстарын тамашалады.
Өскемендік ғалым Сергей Плотниковтың торий реакторынан электр энергиясын алу жобасы жапониялық ғалым, мамандармен бірге жасалып жатыр. Реакторды жасап шығарып, өндіріске енгізуге көп жыл кеткенімен, торийден алынатын қуат көзі қай жағынан болса да тиімді болып тұр, әлемде торийден энергия өндіру көмір мен уранға қарағанда әлдеқайда арзанға түсіп, әрі қауіпсіз, экологиялық жағынан таза саналып келеді. Жобаны жүзеге асыруға бел байлап отырған Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ мамандары сирек кездесетін металдардан алынатын торий шикізатының қоры Шығыс Қазақстан облысының өзінде де мол екендігін анықтаған. Бұл ерекшелік торийді өзімізде өндіріп, өңдеп, тиімді энергия өндірудің кешенді өндірісін құруға мүмкіндік бермек. Геологиялық зерттеу жұмыстары әрі қарай жүргізілуде.
ШҚМТУ-дың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Олег Гавриленконың айтуынша, Қазақстанда, соның ішінде біздің облыста торий қазба орындарының көп кездесіп отыруы бұл жобаның облыс үшін де, еліміз үшін де болашағы зор болатындығын көрсетеді.
Семейлік оқушылар Мәди Раисов пен Әлия Тұманбаеваның физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабековтың жетекшілігмен жұмыс істеп жатқан жобалары да термоядролық реактор арқылы баламалы энергия алуға бағытталып отыр.
Ал «Катонқарағай бұғы паркі» ЖШС-нің Катонқарағай ауылының маңындағы Сарымсақты өзеніне салғалы отырған шағын суэлектр стансасының құрылысы биыл басталмақ көрінеді. Қытайлық инвесторлардың қаржысына салынатын СЭС-тің қуаты – 200 кв/сағ. Стансаны үш жылда іске қосуға ниеттеніп отырған жоба иелері «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысудан да үмітті.
«Техцентр» ЖШС директоры Валерий Ильиннің жобасы аймақта алғашқы күн электр стансасын құруға арналып отыр. Жобаны «жасыл экономикаға» жеткізетін «жасыл технологияның» дәл өзі деп айтуға әбден болатындай. Жоба авторы көрмеге келушілерге күн электр стансасынан алынатын болашақтың энергиясының артықшылығы алдымен оның шығын шығармайтындығында, өзін-өзі аз уақыт ішінде ақтап қана қоймай, қоршаған ортаны сақтап қалуға жағдай жасайтындығында екендігін айтып, әңгімелеп берді.
Халықаралық көрмеге қатысуға талпынып, жобаларын ұсынған мектеп оқушыларының табыстары да атап айтуға тұрарлықтай екен. Солардың бірі – №1 Белоусовка орта мектебі оқушысының КСРО өнертапқышы атағына ие болған Анатолий Ковшиктің жетекшілігімен жасаған жозыланған өсімдіктердің тұқымын алуға арналған құрылғының үлгісі жобасы. Арнайы құрылғы жоғары сапалы өсімдік тұқымын алдыртып, егін түсімін арттырмақ.

Өзара ынтымақтастықтың тигізіп отырған ықпалы айрықша

«Өскемен Экспо-2015» көрмесінің пленарлық отырысын ашып, шаһарымызда бас қосқан ғалымдар мен мәртебелі қонақтарға ыстық ықыласын білдірген облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аймақта «жасыл экономиканы» дамытып, жаңа технологияларды енгізуге орай атқарылып жатқан шаралардың қатары көптігін, осы бағыттағы аймақ әлеуетінің зор екендігін атап айтты. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі көрсеткіштерінің жылдан-жылға көтеріліп келе жатқанын, елімізде шығарылатын инновациялық өнімдердің 25 пайызы біздің өңірде өндіріліп отырғанын жеткізді. Инновациялық белсенді кәсіпорындар қатары 100-ден асып отыр.
Дегенмен, өндіріліп жатқан электр қуатының 70 пайызын энергияны көп жұмсайтын ірі кәсіпорындарымыз пайдаланып келеді. Сондықтан баламалы энергия көзін табу, жаңартылған қуат көзіне көшу, энергия үнемдеу мәселелері облыс үшін айрықша маңызға ие. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне алдын -ала дайындық алаңына айналып келе жатқан «Өскемен Экспо-2015» көрмесі осы бағыттағы тың бастамалар мен жаңа жобалардың жүзеге асуына, өндіріске енгізіліп, елге қызмет етуіне серпін бермек. Көрмеге келген әр ел ғалымдарының осы арнадағы ізденістері мен ынтымақтастығы, біріккен іс-қимылы бұл іске одан әрі қозғау салып, әлемдік проблемаларды шешуге ықпал етпек.
Барнаул қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары Александр Алексеенко «жасыл технологияларды» жетілдіруде шекаралас ынтымақтастықтың тиімділігі мен ықпалы екі есе табысты болатынын мәлімдеді.
– Екіжақты келісіп, бірлесе атқарған әрекет Үлкен Алтайдың тамаша табиғатын сақтап қалуға септігін тигізеді. Алтай өлкесі де қосымша қуат көзін табуды қажет етеді, тас көмір, электр энергиясына зәрулік бар. Жаңартылған энергия көзін дамыту, табу, құрудың маңызы біз үшін де ерекше, – деген ол «Жасыл экономика» саласында көршілес Шығыс Қазақстанмен бұдан былай да тығыз байланыста, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді.
Жапонияның Акита қаласы университетінің доценті Масахико Бесшо да қазақстандықтармен, оның ішінде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары, магистранттарымен кремнийден күн батареяларын алу бағытында бірнеше жылдан бері өзара берік байланыста жұмыс істеп жатқандарын баяндады. Жапондықтар бірлескен жоба аясында кремнийді қарапайым да тиімді жолмен алудың тәсілін жасауда.
Әл-Фарәби атындағы ҚазҰУ ректорының стратегиялық даму жөніндегі кеңесшісі Евгений Ан «жасыл экономиканы» өркендетуге ғылыми қоғамдастықтың күшін біріктіруге байланысты нақтылы ұсыныстарын білдіріп, ел ғалымдары мен оқымыстыларының назарын ынтымақтаса жұмыс істеуге аударды.
Алтай мемлекеттік университетінің доценті Ирина Ротанова Алтай өлкесінде экотуризмді дамытуға айрықша ден қойылып жатқанын, «жасыл экономиканың» ажырамас бір бөлігі болып табылатын экологияны, табиғи қорықтарды сақтап, кеңейтуде Шығыс Қазақстанда да ауқымды шаралар атқарылып отырғанын атап өтіп, бұл ретте шығысқазақстандықтармен тәжірибе бөлісуге ынталылығын білдірді. Алтай өлкесінде бүгінде жаңадан Белокуриха табиғи паркі құрылып, Горная Колывань сияқты ірі ұлттық парктер құру жобасы қолға алынып жатыр. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің басты тақырыбы болып отырған болашақтың энергиясын алу осы жасыл табиғатты сақтап, қорғаумен, тиімді пайдаланумен тығыз байланысты.
Кеңесте сөз алған, әріптестерінің алдында ой өрбіткен ғалымдар мен мамандар, саясаткерлер мен бизнесмендер әлемдік экономиканы өркендетудің басты кілті болып отырған «жасыл технологияларды», баламалы қуат көздерін игеруге қатысты проблемаларды да көтерді. Өскемендік кәсіпкер Мұқан Ағзамов жаңа жобалардың қолдау таппай, жол ортада қалып жатқанын айтып, аграрлық саладағы жаңалықтар мен ізденістерге көңіл бөлуді өтінді.
«Өскемен Экспо-2015» көрмесіне қатысуға келіп түскен 44 жобаның арасынан жеңімпаз деп танылғандарға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов арнайы сертификат тапсырып, марапаттады. «Дәстүрлі және баламалы энергетикадағы таза технологиялар» секциясы бойынша Александр Бакланов пен Анатолий Ковшик, «Тау-кен, металлургия саласындағы жасыл технологиялар» секциясы бойынша Тамара Бондарева мен Анатолий Вавилов, «Экотуризм және аймақты тұрақты дамыту» секциясында Алексей Михеев пен Маржан Тоғызова, жас ғалымдардың арасынан Алмас Зайнолдин, Мәди Раисов, Әлия Тұманбаева «Өскемен Экспо-2015» көрмесінің жеңімпаздары атанды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button