Алғыс

«Жасыл елдің» үздіктері кім?

Ынтымақ Толқын

Облыс орталығында «Жасыл ел» еңбек жасағының 18-ші маусымының жабылу салтанаты өтті. Жазғы демалысында тер төгіп, тынымсыз еңбек еткен жастардың жұмысы еленіп, аудандар арасындағы үздік штаб анықталды. Озып шыққандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жас буынды еңбекке баулып, табандылыққа үйрету – қай заманда болмасын басты назардағы мәселе. Елдің болашағына баланған қыз бен ұлдың босбелбеу болмауының бірден-бір кепілі – адал еңбек. Осындай мақсатпен сонау 2005 жылы құрылған «Жасыл ел» еңбек жасағы бүгінде табысты жұмыс істеп келеді. Еліміздің әр өңірінде жас буынды жұмысқа тартып, қала, аудан мен ауылдардың көркеюіне атсалысып жүр.

«Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары біздің өңірде де аз емес. Биыл осы жоба аясында облыста 16-29 жас аралығындағы 1200 жас жұмысқа алынып, қала мен аудандарды абаттандыруға, көгалдандыруға қатысты. Жаз бойы еңбек көрігін қыздырған ұл-қыздардың жұмысын бағалап, ерекше көзге түскендерін марапаттау рәсімі Өскеменде өткен жылды қорытындылау жиынында болды. Қатарынан озған үздіктерді 11 номинация бойынша атап өтті.

– Облыс көлемінде маусымның ашылу салтанатын өткізген едік. Енді жабылуына да жеттік. Биыл табысты жыл болды деп айта аламын. Себебі алға қойған жоспардың барлығы орындалды. Осы маусымда табандылық көрсетіп, көзге түскен үздіктерді марапаттап, бағалы сыйлықтарды тарту етпекпіз. «Үздік сарбаз», «Үздік штаб», «Үздік командир» сияқты жиыны 11 аталым белгіленді. Барлығы әділ өтті. Ешкімнің реніші болмайды деген ойдамын, – деді «Жасыл ел» еңбек жасақтары облыстық филиалының директоры Мақсат Кәрімбаев.

Облыс бойынша «Үздік штаб» номинациясын Жарма ауданы иеленді. Бұл аталымға ие болуға әбден лайық жұмыс атқарған жармалық «Жасыл ел» еңбек жасағы 18-ші маусымда жалпы саны 90 жасты жұмыспен қамтыған. Оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 28, аз қамтылған отбасылардан – 31, толық емек отбасылардан – 13 және Neet санатты жастардан екі адам бар.

– Жасыл елдің жабылу салтанатына арнайы Жарма ауданынан келдім. Біздің жұмысты елеп-ескеріп, марапатсыз қалдырмағанына ризамын. Осы жылды жақсы нәтижемен қорытындыладық. Келер жылы ауданда 100 жасты жұмысқа тартсақ деген жоспар бар, – дейді Жарма ауданы жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Айгерім Бауыржанқызы.

Айта кетелік, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының 18-ші маусымына 289 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ол өткен жылғымен салыстырғанда екі есе көп.

Биыл «Жасыл ел» сарбаздарының қатарына қосылуға 2,5 мыңнан астам өтініш қабылданып, оның ішінде 2211 адам жұмысқа тартылған. Бұлардың 39%-ы – аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан жастар..

 

 

 

 

Back to top button