Алғыс

Туристерге рухани демалыс сыйламақ

Бұқаралық ақпарат құралдары мен өнерпаздарға ұдайы қолдау көрсететін Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры Didar газетінің ұжымын Ұлыстың ұлы күні қарсаңында құттықтап, Алғыс хат пен сый-сыяпат табыстады.

– Біз қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп жүрген журналистер қауымының басын қосып, бір күндік спорттық мереке сыйлау мақсатында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында республика бойынща екі рет шағын футболдан турнир өткіздік. Былтыр мерзімді басылымдар жетпейтін мектептердің кітапханаларын республикалық газет-журналдарға жазып бердік. Бұған 1 миллион 200 мың теңге көлемінде ақша бөлдік. Бұл да қазақ баспасөзін қолдау мақсатында ұйымдастырылған іс екені белгілі. Осы қорымыздың аты аталған қаламгер Зейнолла Сәніктің атажұрты Үржар өңірі. Сондықтан Үржар, Тарбағатай аудандарына шығармашылықтан бөлек әлеуметтік қолдау көрсетіп тұрамыз. Мәселен, коронавирус өршіген тұста Үржардың Қабанбай ауылына медицина төсегі мен тыныс алу аппараттарын алып бердік. Ауданның талантты шәкірттеріне шәкіртақы тағайындадық. Осы секілді іс-шараларымызды насихаттаған Didar газетінің ұжымына зор алғыс айтып, ризалығымызды білдіргіміз келеді – дейді қордың қызметкері, журналист Жарқын Сәленұлы.

Аталмыш мәдениет қоры биыл да біраз игілікті істерді жоспарға енгізіп отыр.

– Журналистер мен өнер иелеріне спорт жарыстарын өткіземіз. Жыл соңында бізбен шығармашылық байланыста болған ақпарат құралдарына тағы да қолдау көрсетуге дайынбыз. Биыл біраз қаламгердің кітабын шығаруды жоспарладық. Карантин жағдайы түзелсе, Алакөлдің басында туристерге рухани демалыс сыйлау мақсатында айтыстың қара нары Жүрсін Ерманның 70 жасқа толуына орай үлкен айтыс өткізсек дейміз, – дейді Жарқын Сәленұлы.

Тасқын Болатұлы

Back to top button