Кәсіпкерлік

Жастарға жеңілдікпен несие беріледі

Еліміз үшін кәсіпкерлікті дамыту – басты міндеттердің бірі. Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытуға қатысты тапсырмасына орай бірнеше жоба іске асуда. Осыған байланысты жеңілдікпен микрокредит берудің жаңа тетігі әзірленді.

Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында жас кәсіпкерлерге жеңілдікпен кредит берілмек. Жеңілдікпен берілетін микрокредитке тек 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар ғана қол жеткізе алады. Осы жас аралығындағы кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен айналысатын жастар мүмкіндікті пайдалана алады. Олар тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыра алуы қажет. Сонда ғана конкурстық негізде берілетін микрокредитке қол жеткізе алады.

Микрокредиттер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы 5 млн теңгеге дейін және ол үшін кепілдің болуы міндетті. Жастарға жеңілдікпен берілетін микрокредит кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Мүмкіндікті пайдалана білген адамға алдағы жылда жастарға берілетін микрокредит үшін әжептәуір ақша қарастырылып отыр. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылға арналған республикалық бюджетте жастарды микрокредиттеудің осы тетігін іске асыру үшін 28 млрд теңгеден астам қаражат беру көзделген. Егер мүмкіндік толығымен пайдаланылса, 5,7 мыңнан астам жасты жеңілдетілген микрокредитпен қамтамасыз етуге болады.

 Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button