Жастардың бастамаларын қолдайды
Шығыста Тұңғыш Президент – Елбасы қорының күндері өтті. Облыс әкімдігі мен қордың арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың аясында өткен іс-шара С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінен бастау алды.
Иә, қазір не көп? Түрлі қорлар көп. Әр қордың мақсаты да әртүрлі. Бірақ жанарында ұшқыны, жүрегінде оты бар талантты, дарынды жастарды қолдайтын қорлар некен-саяқ. Солардың бірі әрі бірегейі – Тұңғыш Президент қоры. Міне, осы қордың өкілдері Шығысқа арнайы келіп, Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аймақтың студент жастарымен кездесу өткізді.
– Бүгін бізде ерекше күн. Өйткені, Тұңғыш Президент – Елбасы қорының Шығыс аймағындағы күндері өтуде. Әрине, күн Шығыстан атады. Ең негізгі бастамалар да Шығыстан бастау алып жатады. Облыс әкімі Даниал Ахметов қыркүйекте өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты конференцияда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біздің облысты Алтын Алтай деп атауды ұсынған болатын. Сондықтан да осы қордың делегация өкілдеріне Шығысқа, Алтын Алтайға қош келдіңіздер дегім келеді. Әрине, еліміздің жастары өте талантты. Бірақ Шығыста ең дарынды, ең білімді, ең креативті жастар өте көп дер едім. Шығыс жастарының бір ерекшелігі, қазақ, орыс, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерген. Сондықтан да осы жастарды Тұңғыш Президент – Елбасы қорының жобаларына белсенді қатысуға шақырамын, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры М. Төлеген.
Тұңғыш Президент қорының баспасөз қызметінің басшысы Ақерке Берлібай облыс жастарының қордың «Method PRO» атты IT-жобасына өте белсенділікпен қатысқанын ерекше атап айтты. Соның нәтижесінде жас бағдарламашылар индустрияның үздік мамандарынан кәсіби түрде білім алу мүмкіндігіне ие болыпты. Сондай-ақ өңір жастары қазақстандық жас старттық жобалардың ғаламдық нарыққа шығуына жол ашатын «Smart Zholy» бағдарламасына да қатысқан.
– Тұңғыш Президент қоры жастардың бастамаларына қолдау білдіру үшін құрылған. Қор бірнеше бағытта жұмыс істейді. Ғылыми, шығармашылық жобалардан басқа, IT саласындағы және әлеуметтік жобаларымыз бар, – дейді қордың жанындағы жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Сухраб Жапаров. Ол өз сөзінде ғылым, IT, мәдениет, оның ішінде журналистика мен әдебиет саласындағы конкурстар мен гранттарға, студенттік стипендияларға қалай өтініш беріп, қалай қол жеткізуге болатынын да әңгімелеп берді.
Сондай-ақ Тұңғыш Президент қорының тұрақты серіктесі, мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев қордың қазақ тілін тегін оқытуға арналған жобалары туралы әңгімеледі. Мысалы, «Soyle.kz» онлайн курсын бүгінде 100 мыңнан астам адам пайдаланып отырған көрінеді. Ал балаларға арналған «Bala. Soyle. kz» онлайн-курсын да күніне мың жарымға жуық бала пайдаланады екен. Сондай-ақ Азат Шауеев «Abaialemi.kz» онлайн энциклопедиясы, «Tattialma.kz» балалар әдебиеті сайты, «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық онлайн ойыны, «Менің Казақстаным», «Ұлы тұлғалар», «Қазақстан мерекелері» мобильді қосымшалары туралы да жастарға жан-жақты мағлұмат берді.
Қордың жанындағы шығармашыл жастар кеңесі төрағасының орынбасары Гауһар Тасбергенова залдағы талантты жастардың көңіліне үміт отын жақты. Ол өз сөзінде бүгінде есімі елге ғана емес, шетелдік тыңдармандарға кеңінен танымал опера әншісі, семейлік жерлесіміз Медет Шотабаевтың қор грантының арқасында Мәскеудегі халықаралық конкурсқа қатысып, биік табысқа қол жеткізгенін тілге тиек етті.
Түстен кейін студент жастар Қордың баспасөз қызметінің басшысы Ақерке Берлібайдың «Әлеуметтік медиа: SMM және PR сандық әлемдегі үздік тәжірибелер» тақырыбындағы шеберлік сыныбы мен «FinTech Group» компаниясының өкілдері Шоқан Құсайынов пен Абзал Оспановтың Қазақстандағы «блокчейнді» дамытудың болашағы туралы семинарына қатысты.
Мейрамтай Иманғали