Жастар жиналатын жер
Өскеменде Жастар қанаты кеңсесі ашылды. Мұнда жастарға түрлі кеңестер беріліп, бос уақытты тиімді өткізуге көмектеседі.
Бұл – облыстағы Қазақстан Халық партиясы атынан ашылған тұңғыш кеңсе. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарға түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Оқушылар мен студенттер сабаққа дайындалып, кеңсенің техникалық мүмкіндіктерін пайдалана алады. Интернет те бар. Кеңсенің ашылуына келген Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Анжела Горностаева бұл кеңсенің партия үшін де, қоғам үшін де маңызы зор екенін жеткізді.
– Білімді жастар кез келген елдің жарқын болашағы. Қазіргі қабылданып жатқан реформалар сапалы білім беруге бағытталады. Жастар қанатының ашылуына жиналған әрбіріңізге айтарым, сол реформаларды іске асыруда сіздерге зор үміт артамыз. Шағын және орта бизнесті бастапқы қолдау, жас отбасыларына көмек беру – Мемлекет басшысының назарында, – деді Анжела Горностаева.
Кеңсенің ашылу салтанатында жастарға қатысты жұмыстардың барысы да сөз болды
– Осы орталықты ашудағы басты мақсатымыз – жастардың саяси белсенділігін арттыру, оларды рухани, мәдени тұрғыда дамыту. Сонымен қатар жастардың баспанамен, жатақханамен, жұмыспен қамту сияқты мәселелерін бірлесіп шешуге күш саламыз. Біз әрқашан жастардың бастамасын қолдаймыз, – деді Қазақстан Халық партиясының орталық аппараты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрдәулет Оразханов.
Ынтымақ Толқын