Жастар театрының сахнасында тұңғыш мюзикл

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының жанынан құрылған «Жастар театры» тағы бір жаңа туындының тұсауын кесті. Әзірбайжандық драматург У.Ғаджыбековтің «Аршын мал алан» мюзиклін Грузиядан арнайы шақыртылған режиссер Гоча Хвичиа сахналады. Қойылымның тұсаукесеріне облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова арнайы қатысты.
Жаңа қойылым басталмас бұрын журналистер үшін арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Оған Жастар театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлпан Тоқаева, мюзиклді сахналау үшін сонау Грузиядан арнайы шақыртылған режиссер Гоча Хвичиа мен басты рөлдерді сомдаған актерлер қатысты. Ұлпан Тоқаеваның айтуынша, бұл Жастар театрының тарихындағы алғашқы мюзикл көрінеді. Сондай-ақ ол өз сөзінде грузиялық режиссермен бірге қоян-қолтық жұмыс істеу театр актерлері үшін үлкен бір мектеп болғанын ерекше атап өтті.
– Бұл жерде бар қиындық рөлде емес, жанрда болып тұр. Өйткені комедияның өзі өте қиын жанр. Ал бұл комедиялық қана қойылым емес, әрі мюзикл. Мюзикл дегеніңіз мүлдем бөлек жанр. Дегенмен бір айдың ішінде мюзиклдің барлық қыр-сырын зерттеп, алға қойған мақсатқа жетуге тырыстық. Грузиялық режиссерден біз көп нәрсені үйрендік. Бұл кісі өте еңбекқор. Содан кейін өзіндік бір стилі бар екенін де байқадық. Ойымыз бір жерден шыққандай болды, – дейді мюзиклде басты кейіпкер Әскердің рөлін сомдаған актер Айдос Нұрмағамбетов.
Режиссер Гоча Хвичиа Грузияның белді театр режиссерлерінің бірі көрінеді. Осы уақытқа дейін 30-ға жуық спектакль қойған ол көптеген республикалық, халықаралық театр фестивальдерінің жүлдегері екен. Өзі жетекшілік ететін «Мульти-пульти әлемі» театрының қойған музыкалық спектаклімен Ресей, Қазақстан, Белорусь, Украина, Әзірбайжан, Франция, Кипр елдерін аралап, өнер көрсетіп, театр мамандарының жоғары бағасына ие болыпты. Баспасөз мәслихатында ол Жастар театрының актерлерімен бірлесе жұмыс істегеніне риза екенін жеткізді.
Иә, сонымен көрермен тағатсыздана күткен жаңа туындының шымылдығы да түрілді. Бір ғасырға таяу тарихы бар қойылымды Жастар театрының актерлері қалай сахналайды екен деген сауал көрерменнің әрбірінің көкірегінде болғаны айтпаса де түсінікті. Кезінде бұл музыкалық шығарманы Семейдің Абай атындағы театрының әртістері де сәтті қойған болатын. Барлық оқиға жас көпес Әскердің үйленбек болған ниетінен бастау алады. Бірақ қалыптасқан салт бойынша үйленгенше жігіттің болашақ жарының жүзін көруге рұқсат етілмейді. Ал Әскердің оған көнгісі жоқ. Тығырықтан шығар жолды досы Сүлеймен табады. Оның «үй-үйді аралап кездеме сататын аршын малшы бол» деген ақылы көңіліне қона кетеді. Осыдан кейін шым-шытырық оқиғалар желісі көрерменді өзіне баурап, тартып әкетеді. Ақыры қалыңдық іздеген Әскер Сұлтанбектің Гүлчахра атты қызын бір көргеннен ұнатып қалады. Бірақ бір кедергі бар, ол қыздың әкесі – Cұлтанбек. Қос ғашық бірге болу үшін талай кедергіден өтеді. Атақты бекті көндіру үшін айлаға да барады. Бірақ бәрі де сәтті аяқталады.
Әрине, Жастар театры актерлерінің мюзиклдің сәтті шығуы үшін барын салғаны байқалып тұр. Десе де қойылымның «әттең-ай» дейтін тұстары да болмай қалған жоқ. Әсіресе жас көпес Әскердің досы Сүлейменнің үстелдің үстіне шығып кететін тұсы көрерменнің көзіне ерсі көрінгені әбден шындық. Ең бастысы, бұл театр ғой. Ал театрда мұндай көрініске қалайша жол беруге болады? Сосын шығыс халықтарының мұндай әдепсіздікке ешқашан жол бермегені анық. Содан кейін осынау мюзиклден не әзірбайжанға, не қазаққа, не грузинге тән ұлттық өрнекті байқай алмағанымызды да айта кеткеніміз дұрыс шығар. Жастардың биін көбінесе жеңіл-желпі флешмобтың биіне ұқсатық.
Қалай десек те, мюзикл көрерменге жол тартты. Көрермен қауымның жүзінен ризашылықты байқағандай болдық. Қойылым соңында облыс әкімшілігінің атынан Жастар театрының ұжымына ықылыс гүлі табыс етілді. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова театр актерлерімен бірге естелікке суретке түсті.
Мейрамтай Иманғали