Партия өкілдері Өскемендегі «Зерек» орталығында университеттер мен колледждердің білім алушыларымен кездесті. Жалынды жастар жиналған бұл диалог алаңы «Bir tolqynda» деп аталды.
Облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова мен Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Арайлым Есімбекова, сондай-ақ «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері кездесуде жаңа саяси платформадағы және Президент Жолдауындағы жастарды қолдау жөніндегі негізгі міндеттер туралы айтып, Мемлекет басшысының ұлтты біріктіретін жеті қағидасын талқыға салды.
– Мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Айталық, сапалы білім алу үшін түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Оның бірден-бір дәлелі – оқу граттары санының жыл сайын артуы, – деді Сайрангүл Ахметуәлиқызы. – Сонымен қатар жас мамандарды баспанамен қамту, жұмысқа орналастыру сынды мәселер мемлекет назарынан тыс қалған емес.
Партияның кезектен тыс ХХІV съезіне делегат ретінде қатысқан спикерлердің айтуынша, мемлекет бірегей қолдау шараларын ұсынып отырған қазіргі кезде әрбір жас білім алып, кәсіп ашып, талмай ізденуі қажет-ақ.
Еркін форматта өткен кездесуде жастар өздерін толғандырған сұрақтарына нақты жауаптар ала алды.