ҚоғамТОП

Жасөспірімдер қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүреді

Енді өскемендік жасөспірімдер қоғамдық көліктерде бұрынғыдай 15 жасқа дейін емес, 18 жасқа дейін жеңілдікпен жүре алады.

Аталған жеңілдікті қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Жол ақысын жол картасымен төлеу кезінде жасөспірімдер үшін көлік тарифі 45 теңге болады.

– 15 пен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандарға жол жүру құнының елу пайызына жеңілдік қарастырылған. Аталған жеңілдік 2023 жылғы желтоқсаннан бастап Өскеменнің барлық тұрақты қалалық маршруттарында (трамвай, автобус) қолданылады. Жеңілдікті көлік картасын алу үшін өтініш жазып, жеке басын куәландыратын құжатты немесе баланың туу туралы куәлігін, оқу орнынан анықтама, сондай-ақ 3х4 немесе 4х5 форматтағы фотосын ұсыну қажет, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахымбаева.

Картаны «Өскемен жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС-нен Жібек жолы көшесі, 3 мекенжайы бойынша алуға болады.

 

Екі жылда 200 мың гектардан астам жер қайтарылды

 

Облыста екі жыл ішінде 200 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Өңірде пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жер қатынастары басқармасының ақпараты бойынша, 2022 жылдан бастап қайтарылған жер көлемі 226,3 мың гектарға жетті.

Биыл мемлекеттік меншікке 9,1 мың га жер қайтарылды, оның ішінде Алтай ауданында – 0,3 мың га, Глубокое ауданында – 0,2 мың га, Зайсан ауданында – 2,7 мың га, Күршім ауданында – 5,3 мың га, Ұлан ауданында – 0,6 мың га.

– Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жұмыс Президент тапсырмасын орындау шеңберінде жүргізіліп жатыр. Қайтарылған жерлерді айналымға тарту да маңызды міндет. Бүгінде мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің 30,3 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылды, оның ішінде 20,8 мың га халыққа, 9,5 мың га агроқұрылымдарға конкурстық негізде берілді, – деп хабарлады жер қатынастары басқармасы.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button