Білім

«Жас қыран» мықтылығын дәлелдеді

Жерлестеріміз «Айбын-2020» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының жеңімпазы атанды.

Биыл еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты әскери-патриоттық жастар жиыны онлайн форматта өтіп, барлық конкурс пен жарыс «Aibyn» мобильді қосымшасында ұйымдастырылды.

«Айбын» – бірегей іс-шара, оның мақсаты – елдегі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын жетілдіру, жас ұрпақтың бойында Отанын қорғауға дайын азаматтың патриоттық сезімдері мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.

Биылғы іс-шара үш кезеңнен тұрды. Оның біріншісінде жастар «IQazaqstan» интеллектуалды викторинасында бақ сынап, жалпы пәндер бойынша және логикалық 30 сұраққа жауап беруі керек болды. Мұнда ағымдағы жылы аталып өтетін айтулы даталар да назардан тыс қалмады. Ал «Жылдам. Биік. Күшті» деп аталған екінші турда қатысушылардың физикалық дайындықтары тексерілді. «Алға, Қазақстан!» деген атауға ие болған шешуші кезеңде командалар қазылар алқасының назарына патриоттық тақырыпта түсірілген ұзақтығы бір минуттан аспайтын бейнебаяндарын ұсынды.

Жалпы, «Айбын-2020» жастар жиынына еліміздің барлық облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан 17 команда қатысқанын айту керек. Қуантарлығы, бұл жолғы іс-шарада облысымыздың намысын қорғаған Семей қаласының Шәкәрім атындағы көпсалалы гимназиясының «Жас қыран» әскери-патриоттық клубының командасы тамаша өнер көрсетіп, бірінші орыннан көріне білді.

Дегенмен, «жас қырандықтар» мұнымен тоқтап қалмақ емес, талапты жастар жаңа белестерді бағындыру үшін талмай еңбектенуге әзірміз, дейді.

Наргиза Омарқанова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button