Спорт

Жас теннисшілер бәсекесі тартысқа толы болды

Өскеменде теннистен 10 жасқа дейінгі балалар арасындағы KTF Ust-Kamenogorsk Masters 10&under қорытынды турнирі мәресіне жетті. Әдеттегідей облыс орталығындағы «Smash» теннис орталығында өткен додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік жас теннисшілер қатысты.

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған жарыстың ойындары теннис орталығына жиналған жанкүйер қауымның көңілінен шыққаны анық. Бұл ретте биылғы бәсекеге барлығы 16 теннисші қатысқанын айту керек. Оның сегізі – ұл, қалғаны – қыздар.

– Қазір елімізде жас теннисшілерді қолдауға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Қорытынды турнирге жолдама алған балаларды сол бағдарламалардың болашақ қатысушылары ретінде де қарастырудамыз. Сонымен қатар жарыс нәтижелері бойынша алғашқы төрт орыннан көрінген спортшылардың келесі жылы Еуропада өтетін турнирлерге қатысу мүмкіндігіне ие болатынын да айтқан абзал. Сондықтан болар, бұл жарыстың кез келген ойыны қызықты да тартысты өтеді, – дейді республикалық Теннис федерациясының «10-ға дейінгі теннис» даму бағдарламасының үйлестірушісі Руслан Арепринцев.

Расымен де, қатысушылардың барлығы өрімдей жас болғанына қарамастан, турнирдің түгелдей дерлік ойыны тартысқа толы болды.

Бұл бәсекеде өзін жақсы қырынан көрсете білгендердің бірі – жерлесіміз Лев Югай. Өскемендік жас теннисшінің спорттың осы бір түрін жанына серік еткеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында жеткен жетістігі аз емес.

– Маған аталмыш спорт түрінің нақты осы бір тұсы ұнайды деп айта алмаймын. Қай қырынан алып қарасаң да, бәрі жақсы. Әсіресе жекелей сында өнер көрсеткенді ұнатамын, өйткені мұндай ойындарда бәрі де тек қана өзіңе байланысты екенін түсінесің. Сондықтан жеңіске жету үшін ештеңеден аянып қалмайсың, – дейді талапты жас.

Осы ретте мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысқан жерлесіміз ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсете білгенін айту керек. Ұлдар арасындағы бәсекенің қорытындысы бойынша Лев Югай алдына тек қарағандылық Темірлан Жантеміровті ғана жіберіп, жүлделі екінші орыннан көрінді.

– Жарыста топ жаруыма сәл ғана жетпей қалды. Алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалып, міндетті түрде бірінші болуға тырысамын, – дейді жерлесіміз.

Жалпы, бұл – соңғы уақытта Өскеменде ұйымдастырылған алғашқы жарыс емес. Естеріңізге салайық, осыдан біраз бұрын қаладағы теннис орталығының корттарында 16 мен 18 жасқа дейінгі спортшылар қатысқан бәсекелер де өткен болатын.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button