Жас сарбаздар ант қабылдады
Ынтымақ ТОЛҚЫН
Өскемен гарнизоны жас сарбаздармен толықты. Еліміздің он үш аймағынан жиналған төрт жүзге жуық сарбаз облыс орталығында әскери ант қабылдады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімі Отан алдындағы борышын өтеуге келген жастарды қабылдады. Қарулы Күштердің қатарына іліккен жігіттер Өскемендегі облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында ашық аспан астында ант қабылдады. Салтанатты жиынға әскерилер мен ата-аналар және қала тұрғындары қатысты.
–Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сарбаздар бізге бір ай бұрын келді. Осы уақыт ішінде оларға әскери өмірдің алғашқы баспалдағы болатын саптық жүріс пен әскери тәртіпті таныстырып үлгердік. Бүгін сарбаздар ант қабылдауда. Олардың елге қызмет ететін бір жыл уақытында бар білгенімізді, әскери ұрыс тактикаларын, қару-жарақ ұстауды толықтай үйрететін боламыз. Біздің әскери бөлімге келген сарбаздар Отан алдындағы борышын абыроймен атқарады деп сенемін, –дейді Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Азамат Жұмағазиев.
Бұл жолғы Ант қабылдау рәсімі бұрынғыдан ерекше өтті. Табиғаты әсем, көрсе көз тоярлық жасыл желектің ортасында мұндай шара алғаш рет өткізіліп отыр. Шараға қатысқан ата-аналар қауымы да өзгеше өткен жиынға тәнті болды. Ал жас сарбаздар бір ай ішінде меңгерген әскери ұрыс тәсілдерін, саптық жүрістерін паш етіп, жоғары деңгей көрсете білді.
–Бүгін немерем Отан алдындағы борышын өтеуге ант қабылдады. Осы шара үшін Шымкенттен арнайы келдім. Немеремнің Шығыс жеріне келгеніне де қатты қуанып тұрмын. Табиғаты әсем, көркем жерімізді қорғайтын болады. Құдай қаласа, өз борышын абыроймен атқарып шығатынына сенімдімін. Мен де кезінде дәл осылардай сапқа тұрып, сарбаз болдым. Ауған соғысын да көрдім. Енді осы Отан қорғау деген абыройлы міндет немереме жүктелді, –дейді Ауған соғысының ардагері Азимат Тойханов.
Облыс орталығында ант қабылдаған 400-ге жуық сарбаздың жиырма үші шығыс өңірінің тумалары. Биылғы ант қабылдаудың ерекшелігі де осында жатыр. Елімізде алғаш рет жас сарбаздар өзге облыстарға кетпей, өз өңірлерінде әскери борышын өтемек.
–Бүгін Отан алдында ант қабылдадым. Шара жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Сапқа тұрған бір ай уақыт ішінде сержанттар мен офицерлер бізге әскери өмірді үйретуде. Нәтижесін көрдіңіздер. Барлығының көңілінен шықты деп ойлаймын. Отан алдындағы қасиетті борышымды елімнің қай бұрышына апарса да орындауға дайынмын. Алайда өзімнің туған жерімді қорғау бұйырған екен. Оған өте қуаныштымын, – деді жас сарбаз Мирас Серікұлы.
Әскери ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу. Ант қабылдаған сарбаздар әскери мерзім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерін атқаруға кірісетін болады.