Ел қорғаны

Жетінші рота һәм жетінші сәуір

Қай уақытта болмасын қазақтың қан майданнан шегінген жері жоқ шығар. Елдің тұтастығын сақтап, жерді қорғау жолында қанды жорықтан қалған емес-ті. Тайпалық заманнан басталған соғыскерлік әдет пен рух тамырымызды бойлап, сүйегімізге сіңген. Сондықтан соғыс десе атойлап алға шығатын батырларымыз көп болған-ды. Аттың жалында, түйенің қомында өткен арғы ғасырлардағы қанды жорықтарды айтпағанда, бергі жылдардың жүзінде де бейбітшілік жолында жанын қиған жауынгерлер көп болды. Солардың бір парасы тәжік-ауған соғысында ерлік көрсеткен еді.

Одақтық мүдде жолында оққа ұшқан 17 сарбазын отандастары ешқашан ұмытпақ емес. Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, 1993 жылы Тәжікстанда тұтанған азаматтық соғысты тілге тиек етуге тура келеді. Сол тұста жаңадан құрылған ТМД елдерінің басшылары ұйымға мүше Тәжікстанға қол ұшын беруге келісті. Елдің Ауғанстанмен шекараласатын аймағы қауіпті болғандықтан, бұл шептің қорғанысын нығайту үшін ТМД елдерінің Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей армиясынан жасақталған бітімгер жауынгерлері аттандырылды. Осылайша 500 адамнан құралған батальон кезек-кезек Тәжікстан Республикасының шекарасын қорғап жатты. Бітімгерлік майданға өз еркімен аттанған азаматтар 3 ай шекара күзетінде болып Отанына оралып отырған. Алайда 1995 жылдың көктемінде қайтуға тиісті сарбаздардың арман-мақсаты орындалмады. Жетінші ротадағы сарбаздар 7 сәуір күні шабуылға ұшырап 17 әскер мерт болады. Біз сол соғыс майданында болған Дәулет Елеусізов арқылы батырлардың ерлігін елге жеткізуді жөн көріп, әңгімелескен едік.

Бізге «горячая точкаға» барасыңдар деді

Қазір бейбіт өмірдің құшағында жүрген Елеусізов майдандастарын еске алғанда еріксіз күрсініп алды. Сәуірдің сол бір күні оқыс оқиғаға тап боларын ойламаған да екен. Өйткені оған дейін 1 ай шекара щебін күзеткенде бірде-бір рет мылтық дауысын есітемеген. Өздері де шүріппені баспаған. Болған оқиғаны Дәулет Елеусізов бала күнгі арманымен байланыстыра отырып бізге баяндап берді.

–  Біздің бала күнімізде ақпарат көзі телевизор мен газет-журнал ғана еді ғой. Тәуелсіздік алғанға дейін албаты дүниені көрсете бермейтін. Алайда егемендіктен кейін тәжік-ауған соғысын да көрсете бастады. Неге екенін білмеймін жаңалықтарды көрген сайын сол соғысқа барып, шекарасын қорғасам ғой деп ойлайтынмын. Ол кезде ауғандарды еліміздің жауы деп ойладық. Содан не керек, 1993 жылы қараша айында әскерге аттандым. Шымкент қаласындағы №5485 әскери бөліміне түстім. Ол әскери бөлімде арнайы оперативтік полк болды. Олар Қазақстанның кез келген жерінде қандайда бір жағдай болса 2 сағатта жете алатындай дайындықта болады. Қазіргі «Ұлттық ұлан» ол кезде Ішкі әскер болатын. Мен сол Ішкі әскерде борышымды өтеп жүргенмін. Содан бір күні біздің әскери бөлімнен тәжік-ауған соғысына бітімгерлік майданға баруға аттанам дегендерді тізімдеп жатқанын естідім. Содан бала күнгі арманым алдымнан шыққандай болып ең біріншіде тіркелдім. Алайда алғашқыда жассыңдар деп алмады. Содан әйтеу соңғы жылы тізімге іліктім. Бір жағы майдан көріп, екінші жағы ақша тауып қайту. Осылайша жетінші ротаның құрамында 1995 жылы тәжік-ауған шекарасына аттандым. Душанбе қаласына самолетпен түсіп, ары қарай тікұшақпен аттандық. Тәжікстанның шекарасындағы «фадкнов» деген ауыл орналасқан шекара аумағын бақылайтын болдық. Пяндж өзенінің арғы бетінде ауған ауылдары отыр да, бергі беті Тәжікстан ауылдары. Шекараны өзен ғана бөліп тұр. Төменнен жоғары қарай үш топқа бөлініп орналастық. Осылайша бұл жерде 1 ай күзетте болдық. Ешқандай атыс-шабыс болған жоқ. Тіпті кейде мылтығың оқыс атылып кетсе, түсініктеме жазуға тура келеді. Өйткені себепсіз елдің тыныштығын бұзған болып есептелесің. Біз Қазақстан ротасы болып есептелгеніміз болмаса, жоғары жақта орыстарға бағынамыз. Өйткені ТМД елдерінен келген роталарды орыстар басқарып, бұйрық береді. Бір күні жоғары жақтан «Уазикпен» әскери адамдар келіп келісім жасап, басқа жаққа ауысатынымызды айтып кетіпті. Оны біз рота басшыларынан естідік. Бір жерде жата беруден жалыққан бізге бұл әуел баста қуанышты жаңалықтай болды. Содан сәуірдің 5-і күні бұйрық беріліп, басқа жаққа баратынымыз айтылды. Сөйтіп 7 сәуір күні таңға жуық орталық отрядқа келдік. Сол жерден Ресейдің, Тәжікстанның және басқа да роталары қосылатынын естігенбіз.  Осылайша орталық отрядта біраз айналдық. Жалпы, отряд колоннасы жүргенде тікұшақ беру керек. Ол қаз-қатар қозғалған ротаның алды артын биіктен шолып отырады. Сол жерде тікұшақ берілмей жатқанын құлағымыз шалып қалды. Басты себеп тікұшаққа құятын солярка жоқ екен. Біраз уақыттан кейін тікұшақсыз жолға шығуға шешім қабылдағандарын айтты да, қозғалып кеттік. Жол бойы әнімізді салып, әзілімізді айтып мәз-мейрам отырдық. Түскі сағат 12-лер шамасында бір жерге келіп кілт тоқтадық. Алайда бізге ешқандай команда берілмеді. Сөйтсек, алдында айтқан «горячая точкаға» келіп тоқтаппыз. Рота бастықтары біз қоныстанатын жердің қаупін, ыңғайын бақылауға түсіп кетіпті. Біз үш «взвод» кетіп бара жатқанбыз, соның біреуін осында қалдырғалы жатыр дегенді естідік. Бір уақытта гүрс етіп алдыңғы машинаның жарылғанын естідік. Сол кезде барып бізге «соғыс» деген бұйрық берілді. Мен машинаның шет жағын ала отырған болатынмын. Өйткені мен «старший» едім. Ортада біздің керек-жарақ салынған үш-төрт қанар жатқан болатын. Сарбаздар сатыр-сұтыр сыртқа атылғанда менің аяғым әлгі қанарлардың астында қалды. Бір уақытта жалғыз қалыппын. Сарбаздардың барлығы машинаның далдасына шығып үлгерген. Олардың қасына барайын десем сыятын орын жоқ. Біздің артымызда отын-су, азық-түлік артқан машина тұрған болатын. Ол машинада шофер ғана еді. Сол шофер маған бері-бері деп айғайлағанын естідім. Бытыр-бытыр оқ атылғанда ес шығып кетті. Біздің алдымыздағы байланыс машинасы да отқа оранды. Содан шыққан қою түтіннің арасымен артқы машинаның далдасына шығып үлгердім. Басың қылт етсе снайпер жоқ қылады. Сол аралықта менің қасымдағы шофер біздің машинаны паналаған сарбаздарға: «андағы жерден тез кетіңдер, қазір жарып жібереді»  деп айғай салды. Сөйтіп болғанша граната орталарына келіп түсті. Сарбаздардың тоз-тозы шықты. Біреуінің басы жұлынып кеткен, біреуінің ішек-қарыны ақтарылып қалған дегендей. Енді біреуі жаралы жатыр. Көмекке ұмтылғандарын атып түсіреді. Автомат үш «оқшантайдан» кейін қызып кетіп атпай қалады екен. Тек бір-бірден ғана атуға болады. Сөйтіп, қасымдағы орыс «соңғы оқшантайды атпай-ақ қой, қасыңа келіп қалса ғана көресің, енді қалғаны күту» дегенді айтты. Алайда «мына жерден біз де кетпесек, қазір бұны да жарады» деді. Біз таудың шатқалында, жау әскері келесі беттегі тау үстіне орналасып алып төбеден оқ жаудырып тұрғандықтан жансақтау өте қиын. Бір уақытта сәл алыста бір тас тұрғанын көрдім де қою түтін бұрқ еткенде солай қарай ұмтылдым. Мен кете бере біз қалқалап отырған машинаның  бензобагы жарылып, қызыл жалын аспанға атылды. Осылай абыр-сабырмен есіміз шығып жүргенде сағат кеш болып қойыпты. Кешкі сағат 6 шамасында бізге орталықтан көмек келіп, жау жағының бетін қайтарды. Содан біраз уақыт өткен соң барып бізге жаралыларға көмектесу керек екендігі айтылды. Орталықтан келген машиналарға жаралыларды жинап салып бердік, ал қайтыс болғандарды алуға ол күні мүмкіндік болмады. Таң атқанша жау жақ жағаны аңдумен болдық. Бірақ ешқандай қарсы оқ атылмай тыныш болды. Ас-су ішпегелі екі күнге айналып бара жатқандықтан болар шөлге шыдамадық. Жағаға түсуге сескендік. Алайда таңға жуық үш-төрт сарбаз 5-6 каскаға су толтырып алып келді. Шөл қысқаны соншалық кір-кір каскадағы өзеннің лай суы бал татыды ғой. Ертеңінде таңға жуық тыныштық орнады деген соң барып оққа ұшқан сарбаздарды жинастырдық. Сол жолы бара жатқан 100 шақты сарбаздан 30-дан астам жауынгер жараланып, 17-сі қаза тапты. Содан кейін сол «горячая точкада» 2 ай болдым. Белгілі топтар өзенге тросс керіп қойып ары-бері есірткі өткізіп тұрған екен. Соғыс кезінде ол тросс үзіліп быт-шыты шықты. Сонымен шаруа аяқталғандай болды. Біраз күннен кейін қазақстандық генерал келіп, «Қорқып тұрғандарың кері қайтуларыңа болады» дегенді айтты. Алайда қайтып кетуге намысым да, арым да жібермеді. Сөйтіп, соңғы екі айды аман-есен өткеріп қайттық, –  деп есіне алды Дәулет Елеусізов.

Осылайша Тәуелсіз еліміздің әскери күштік құрамында болып, алғаш рет шетел шекарасында ұрысқа қатысып келген тәжік-ауған соғысының ардагері бір күндік ұрыс майданының майын тамызып айтып берді.

Ерліктері елдің есінде

Бұл майданға қатысқандардың қазір «басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс-қимылдар ардагері» деген арнайы статусы бар. Жыл сайын ерлікпен қаза тапқандарды еске алып, тірі қайтқан жауынгерлерге 7 сәуір күні құрмет көрсетіледі.

– Мен де тәжік-ауған шекарасында 1998 жылы үш ай болып қайттым. Бақытымызға орай, біз күзетте болған заставада ешқандай атыс-шабыс болмады. Шекараны сақтықпен күзетіп, бейбітшілік миссиямызды аман-есен атқарып қайттық. Соғыс ардагері ретінде жас сарбаздарға бұл күннің маңызы туралы жыл сайын баяндап береміз. Біраз жыл бұрын соғыс ардагері ретінде автобуспен тегін жүріп, өзге де жеңілдіктер жасалып тұратын. Бұл жеңілдіктер бірнеше жыл үзіліп қалып, бертін қайта жалғасын тауып келеді. Ең бастысы, ерлікпен қаза тапқан майдандастарымызды еске алып, ұрпаққа дәріптеп келеміз, – дейді басқа ел шекарасындағы ұрыс-қимылдарының ардагері, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты түзеу мекемелерін күзететін 6699 әскери бөлімінің старшинасы Бекжан Көшкінбаев.

Бүгінгі таңда тәжік-ауған соғысына қатысқандарға ай сайын 15 мың теңге жәрдемақы төленіп, өзге де жеңілдіктер көрсетіледі. Ерлікті дәріптеу іс-шараларымен қатар, бұл майданды арқау еткен «Қазбат» атты кинотуынды да жарық көрген болатын. Осылайша Ұлттық ұлан жыл сайын 7 сәуірді ерлікті еске алу күні ретінде өткізіп келеді.

Алтай Ғали-Асқа

 

Back to top button