Абай күні

Жас офицерлер Абайдың шығармашылығымен жан-жақты танысты

Абай – алып мұхит

 

10 тамыз – «Абай күні» рухани мерекесіне орай  Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада  2-10 тамыз аралығында танымдық-тағылымдық шаралар  апталығы өтті.           

Дәл осы күні қалалық полиция басқармасының жас офицерлері арнайы экскурсияға келіп, кітапхана жұмысымен және Абайдың шығармашылығымен жан-жақты танысты.

Кітапхананың бұқаралық құралдар бөлімінің меңгерушісі Таңнұр Башай кітапхананың қабырғасына 3D форматында салынған «Абай жолы» кітабы туралы, Абайдың шығармашылығы туралы тың деректерді жеткізді. Жас полицейлер келесі залда орналасқан мемлекеттік рәміздер туралы білімдерін кеңейтіп, «Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйіне – қашықтан (онлайн) 3D саяхат жасау мүмкіндігін беретін VR-студияның жұмысымен танысты.

– Бүгін біз үшін  рухани толысу күні болды. Әрине, Абай атамыздың шығармаларымен бала кезімізден таныспыз. «Абай жолы» шығармасын мектеп кезінен оқып, зерделегенбіз. Алайда жаңа, бұрын естімеген тың деректерге қанықтық. Кітапхананың заманауи технологиялармен жұмыс істейтініне тәнті болдық. Кітапхана кинотеатрында Абай атамыздың өмірі мен шығармашылығына қатысты викториналық ойынға қатысып, білімімізді жетілдіре түстік, – деп бөлісті Өскемен қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің инспекторы Қуаныш Қаныбекұлы. Айтпақшы, тағы бір жас офицер караокеде Абайдың әнін салып, әуелетті.

Жанат Мәуітқызы кітапханаға экскурсия жасау үшін басқа да мекемелер мен басқармалардан өтініштер түсіп жатқанын айтты.

Апталық аясында Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ ұлттық ойыны бойынша шеберлік сыныбы өтті. Досжан есімді бапкер осы ойынға қызыққан балалардан бастап, үлкендерге дейін тоғызқұмалақ ойнаудың қыр-сырын үйретті. Кітапхананың кинозалында «Абай әндері», «Құнанбай» көркем фильмдері мен  «Абай» деректі фильмі көрсетілді.

Кәмал Естай

Back to top button