Абай күні

Бүгін – Абай күні

10 тамыз – «Абай күні» рухани мерекесіне орай  Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада  2-10 тамыз аралығында танымдық-тағылымдық шаралар  апталығы өтті.           

– Республикалық Абай күні аясында дәстүр бойынша елімізде түрлі іс-шаралар өтеді. Абай – алып мұхит. Оның әр сөзі – біздің ұлттық қазынамыз. Сол себепті біздің кітапхана бір күнмен шектелмей, Абай атамыздың туған күніне арнап аптаның әр күнінде тақырыптық шаралар ұйымдастырды, – деді кітапхана директорының орынбасары Жанат Мәуітқызы.

Апталықты қызықты өткізу үшін кітапхана қызметкерлері көп ізденіпті. Кітапхананың витринасына Абай атамыздың дүниежүзіндегі мүсіндері туралы ақпарат қойылған. Қай елде, қай қалада, қай жылы қойылғаны туралы мәліметтер мен ескерткіштің суреттері ілінген.

– Көшеде кетіп бара жатқандар да витринадан көріп, мағлұмат алады. Кейбіреуі асығып, кітапханаға кірмеулері де мүмкін. Қазақтың мақтанышына айналған ұлы ақынымыздың ескерткіштері Еуропаның біраз елдерінде орнатылған. Мысалы, Парижде, Германияда, Түркияда тіпті үш ескерткіші бар екен. Бір қызығы, қандастарымыз көп мына тұрған Моңғолияда хакімнің бірде-бір мүсіні жоқ. Үндістанда, ТМД-ның бірқатар елдерінде бар. Электронды кітап оқитын оқырмандарымыз бар, солар үшін арнайы ролик жасадық, онда да осы мүсіндер туралы ақпаратпен қоса жанына сол тілде аударылған кітапты қойдық. Кітапхананың сайтында өзіміздің ІТ-мамандарымыз Гугл-картаға ескерткіштер бар қалаларды белгілеп қойды. Енді кез келген адам Гугл-картадан осы ақпаратты көре алады және ол бірнеше тілге аударылған, – деп жалғастырды Жанат Мәуітқызы.

«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін!» деп аталған алғашқы күні кітап көрмесі ұйымдастырылыпты. Оған Абай шығармашылығы, өмірбаяны және ақын туралы ғылыми-зерттеу еңбектері, баспасөзде жарияланған мақалалар, көркем проза, поэзия кітаптары қойылған. Абайдың алғашқы туындысы Петерборда 1909 жылы жарық көрген. Шығармалары әлемнің 113 тіліне аударылған. Оқырмандар осындай тың ақпараттарды естіп, білді.

Кәмал Естай

Back to top button