Білім

Жас өнертапқыштар ортамызда жүр

Жас өнертапқыштар ортамызда жүр

Облыс орталығында «Инновациялық технологиялар – мүмкіндіктер кеңістігі» атты фестиваль ұйымдастырылды. Облысымыздағы ғылымға бейім оқушылар өздері жасап шығарған немесе жетілдіріп жатқан жобаларын қалың жұртшылықтың назарына ұсынды.
Фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаев жас өнертапқыштардың жұмыстарымен танысып, көрмедегі ең озық жобаларды тамашалады.
– Инновациялық технологиялар ғарыштық жылдамдықпен дамып жатқан кезеңде өскелең ұрпақ өнертапқыштыққа бейім болуы керек. Дәл осы сала мемлекет дамуының айқын көрсеткіші болып табылады. Біздің облыс – осы тұрғыдан алғанда елімізде көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Оқу үрдісіне инновациялық технологияларды енгізіп, шәкірттерін ғылыми жаңалықтар ашуға баулып жатқан мектептерге алғысым шексіз. Оқушылардың ойынан шыққан бүгінгі жобалар ертең еліміздің қажетіне жарап, ел игілігіне ұсынылсын деген тілек айтқым келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жекпе-жек сарайының ат шаптырым алаңында өткен фестиваль-көрмеде таңғалдыратын дүниелер бар екен. Балалардың ақыл-қиялымен сырттан жану қозғалтқышы, ағаш тамырынан сабын жасау, арнайы бағдарламалар арқылы 3D анимациялар жасау сияқты жобалар расында да қызық.
Глубокое ауданының Бобровка ауылынан келген жас өнертапқыш, 7-сынып оқушысы Никита Джепаров тұрмыстық жағдайда биогаз отынын өндіру жобасын алға тартты.
-Ауылда не көп, үйдегі төрт түліктен қалатын органикалық қалдық көп. Осыны отынға айналдырудың ең оңай жолын ойлап таптым. Биогаз өндірудің бұрыннан айтылып, жасалып жүрген әдістері бар, бірақ ол – күрделі әдіс. Мен кәдімгі пластикалық ыдыс пен құбырлар арқылы азғана уақыттың ішінде үйде тамақ пісіруге болатын инновациялық жобаны ұсынамын, – дейді ол.
Ал қазақ-түрік лицейінің 10 сынып оқушысы Мәди Алпысов қураған ағаштың немесе сексеуілдің күлінен сақар сабын жасап, оны бояғыштар мен хош иістендіргіштер арқылы күнделікті тұрмыста пайдалануға болатынын айтады.
-Бұл – кәдімгі ата-бабаларымыз қолданған сақар сабын. Бірақ ол сабынды қазір шетелдің түрлі-түсті сабындары алмастырған. Заманауи сабындардың барлығы химиялық жолмен өндірілетіні белгілі. Мен ұсынған жоба экологиялық қауіпсіз және арзан, сонымен қатар, әдемі, хош иісті, – дейді Мәди Алпысов.
Тарбағатайдың Ақмектебінен келген Әділ Тоқтарбеков тесла трансформаторлары арқылы алыс қашықтықтарға тоқты сымсыз жеткізу жобасын көрсетті, ал өскемендік оқушы Александр Герцог жанар-жағармай талғамайтын, қажет болса күн энергиясымен де қозғала беретін сырттан жану қозғалтқышын ойлап тауыпты.
Мұндағы көрме «Ғылыми ойын-сауық», «Инженерия», «Жалпыға бірдей бөлім», «Ғылыммен – болашаққа» деп аталатын төрт сектордан құралған. Әрқайсысының өз тақырыбына сай өзгешелігі бар. Фестиваль тамашалап жүрген қалың жұртшылықтың арасында Франциядан келген «Europasia» халықаралық білім беру қоғамдастығының президенті Алекс Кассильд, әйгілі «Intell» компаниясының өкілі Аида Дәрменова сынды құрметті меймандар да бар.
Бұл фестиваль алда келе жатқан «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында өткізіліп жатқанын да естеріңізге сала кетейік. Әлемдік деңгейдегі ғылыми жобалардың барлығы осындай шағын бәйгелерден бастау алатыны белгілі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміздегі инновациялық технологиялардың дамуына осындай бастамалар себепші болады. Сол себептен де ғылымға икемі бар балалардың тырнақалды туындыларына үлкен қолдау қажет.
Фестиваль соңында «IT-ұстаз – 2016» байқауының қорытындысы шығарылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова жеңімпаздардың есімін атады. 3-орынды Өскемендегі №1 мектеп-лицейінің мұғалімі Евгения Кузьмина, 2-орынды Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектептің ұстазы Гүлайым Әбсейітова, 1-орынды Семейдегі Чернышевский атындағы орта мектептің ұстазы Надина Фадина иеленді. Бас жүлде Құмаш Нұрғалиев атындағы № 43 мектептің мұғалімі Жанна Баймұхамбетоваға бұйырды.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button