Жас математиктер бас қосты
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да жас математиктердің Тұрсынбек Жантасовты еске алуға арналған дәстүрлі «Жас математик» облыстық олимпиадасы болып өтті.
Ауыл мектептерінің 11-ші сынып оқушылары арасында осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған бұл сайысқа облысымыздың 12 ауданынан 23 оқушы қатысып, бақтарын сынады.
Өткен жылдардың нәтижесіне зер салсақ, олимпиадаға 2011 жылы қатысқан оқушылардың бесеуі бірінші ондыққа енсе, өткен жылы қатысқан оқушылардың төртеуі бүгінде ШҚМТУ-да оқып жүрген көрінеді.
Екі турдан тұратын олимпиаданың бірінші кезеңі – қашықтық турға қатысушыларға электрондық пошта арқылы бекітілген мерзімге дейін орындалуы тиіс тапсырмалар жіберіледі. Екінші – көзбе-көз туры ШҚМТУ-да өтіп, оған Жарма, Зайсан, Глубокое, Күршім, Зырян аудандарынан 10 оқушы қатысты. Бұл жолы әсіресе, Зайсан ауданы ерекше белсенділік танытып, сайысқа бес бірдей үміткерін үкілеп қосқан екен.
Физика-математика ғылымдарының докторы Н.Хисамиев төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Жарма ауданындағы Георгиевка орта мектебінің оқушысы Айнұр Тұрдыбек, екінші орынды Зайсан ауданы, Қаратал орта мектебінен Перизат Мұқаева, үшінші орынды тағы бір жармалық оқушы (Георгиевка орта мектебі) Амангүл Бекешева иеленді. Жүлделі орын алғандарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар, ал 4-10 орын алғандарға алғыс хаттар мен ақшалай көтермелеу сыйлықтары табыс етілді.
– Тұрсынбек Ғизатұлы – математик, ШҚМТУ-да қазақ тілінде оқыту факультетінің тұңғыш деканы. Бар күш-жігерін адамдарға қайырымдылық жасауға, ұлттық кадрлар қалыптастыруға, әсіресе, ауылдан келген қазақ студенттеріне ағасындай қамқор, әкесіндей сыншы бола жүріп, олардың білікті инженер, саналы азамат болып шығуларына өмірін сарп еткен ұлағатты ұстаз еді. Тұрекеңнің көптеген шәкірттері бүгінде еліміздің сан саласында беделді қызметкерлер. Осы олимпиадаға демеушілік жасап отырғандар да солар, – дейді бастамашыл топтың және ұйымдастыру комитетінің мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты Жанбай Өзденбаев. – Бүгінгі сайыста оза шауып, олжалы болған дарынды жастарымыз да болашақта сауатты маман, жақсы адам болады деп үміттенеміз.