Білім

Жас болса жасаған жобалары топ жарып жүр

  Еліміздегі беделді де жетекші оқу орындарының бірінен саналатын Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті көптеген дарынды студенттерінің қанатын қатайтып, қолдау білдіріп, ары қарай да ғылыми, инновациялық және сәулеттік жобалармен терең шұғылдануына мүмкіндік беруде. Тіпті, олардың арасында халықаралық байқауларда топ жарғандары да жетерлік.

Студенттің жобасы үздік деп танылды

Сондай дарынды да білімді жастардың бірі – Серік Сейітқанов екінші курс магистранты. Бала жасынан өнерге, сурет салуға бейім болған ол бакалавр мамандығын да осы оқу орнында мемлекеттік грантпен «Архитектура, сәулет және дизайн» мамандығы бойынша бес жыл оқып, үздік тәмамдаған. 2019 жылы магитратураға түскен. Қазір енді оқуын оқи жүріп, түрлі сәулеттік жобаларды жүзеге асырып жүрген жайы бар. Бұл мақсатта өзінің туысқан ағаларымен бірлесіп, жеке ЖШС-те құрған екен. Соңғы жасаған жобаларының бірі – еліміз бойынша жиырмаға тарта филиалдары бар «KAZ Minerals» компаниясының өңірдегі Ақтоғай филиалының кіре беріс белгісі саналатын еңселі монументі. Серіктің жобасы компания жариялаған, қатысушылары шектелмеген үлкен конкурста бас жүлде – Гран-приді жеңіп алған. Енді компания 2022 жылы Ақтоғайда жеңімпаз жобаны іске асыруды жоспарлауда. Алайда, жоба жүзеге асқанша оны көпшілікке жариялауға болмайды, құрия саналады екен.  Айтпақшы, бұл конкурста оның тағы бір жобасы ұйымдастырушылардың жоғары бағасын алып, бірінші орынға ие болыпты.

Серіктің өзі 1996 жылы Өскемен қаласында дүниеге келгенімен, әкесі мен шешесі де, аталары да қасиетті Тарбағатай өңірінің тумалары. Орта білімді облыс орталығындағы қазақ-түрік лицейінен алған. Бұл жерде де талай республикалық білім жарыстары мен ғылыми байқауларға қатысқан. Жас жобалаушыдан алда қандай жоспарлары барлығын сұрадық.

– Әрине, осы бағыттағы білімімді жетілдіре беру – басты мақсатым. Қазір BIM деген бағдарлама (Білімді ақпараттық моделдеу) бойынша білім алып жатырмын. Бұл мамандық Қазақстандағы сәулет және құрылыс саласында соңғы екі жылдан бері ғана оқытылуда. Көрші Ресейдің өзінде де соңғы бес жылдың көлемінде ғана оқу бағдарламасына енгізілген. Былайша айтқанда, жобалаудағы технологиялар деген сөз ғой. Яғни, сәулеттік жобаларды ақпараттандыру және цифрландыру сияқты заманауи технологиялардың көмегімен жүзеге асыру. Бұл мамандықтың әлеуеті өте жоғары, тек сәулет пен құрылысқа ғана емес, қаржы экономикасына да көп пайдасы бар. Сондықтан уақыт жағынан да қаншалықты үнемдеуге болатындығын зерттеп, осы тақырыпта диссертациялық жұмысымды бастадым. Бұйырса, қорғап шығарыма сенімдімін, – дейді Серік.

ТМД арасында топ жарды

Серіктің тағы бір шоқтығы биік жеңісі – ТМД студенттерінің арасында өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атануы. Биылғы наурыз айында екінші рет ұйымдастырылған білімділер додасына ол соңғы бес-алты жыл көлемінде жасаған ғылыми жобаларын, барлық жетістіктерін, алған дипломдарын саралап жіберген екен. Нәтижесінде қазылар алқасы Шығыстағы техникалық университет студентінің еңбегін жоғары бағалап, бірінші дәрежелі дипломға, арнайы медальға ие болды. Өкінішке орай, әлемдік пандемияға байланысты республикадағы Министрлер үйінде жоспарланған марапаттау рәсімі тек онлайн өткізілді. Ал марапаты жақында ғана қолына тиді. Серік пен бірге оның ғылыми жобаларда бірге жұмыс істеген жетекшілері де бұл байқауда марапатқа, Алғыс хат пен дипломға ие болыпты. Аталған халықаралық байқауды ұйымдастыруды республикалық «Бөбек» қоры қаржыландыратынын атап өткен орынды.

Жалпы, Серікпен әңгімелесіп отырып байқағанымыз, мақтанғанды жаны сүймейтіндігі, аз сөйлеп, көп іс тындыратындардың қатарынан екендігі болды. Суыртпақтап отырып, сыр тартпасаң, маған десе әлемдік байқаудан бірінші орын алып келсе де, өзі бастап айта қоймайды екен.

– Иә, бұл менде бала жастан бар. Мақтанғанды жаным сүймейді. Студент кезде көптеген жарыстарға, ғылыми жобаларға қатысып, жеңімпаз болдым. Бірақ, оларды осы мен оқитын кафедрадағы оқытушылар мен курстастарымнан басқа ешкім де білген емес. Тіпті, осыған дейін сұхбат та бермеппін. Сіз менен бірінші болып сұхбат алып отырсыз, – дейді Серіктің өзі ақырын күлімсіреп.

АҚШ пен Өскеменде қатар оқыды

Серік Өскемендегі техникалық университет қабырғасында студент бола жүріп, бір мезгілде қатарынан шетелде де білім алған дарынды студенттің бірі. Мәселен, 2015-2016 жылдары бакалавр кезінде екінші курсты жарты жыл оқып, Польшада бітірсе, төртінші курсты 2018-2019 жылдарда АҚШ-та тәмамдаған. Алғашқысында арнайы бағдарламаның арқасында барып қалса, екінші жолы білімі мен тәжірибесі толыққан ол ел мен жер көргісі келіп, өзі ұмтылып, сұранып барған. Мұнда да университеттегі ұстаздарының көмегіне көп сүйенген. Америкада бір жыл болып, әрі оқып, әрі жұмыс істеген. Ал техникалық университеттегі оқуын қашықтықтан қатар алып отырған.

– Мен үшін бір қиындығы сол болды. Таңертеңнен кешке дейін сабақ оқумен болдым. Түске дейін АҚШ-тың сабағында болсам, келе сала ауқаттанып алып, түстен кешке дейін өзімнің сабағыма кірісем. Екі ел арасындағы уақыт айырмашылығы да аз емес. Алайда, оқу бағдарламасынан еш қалмадым, мұғалімдер де түсіністік таныта білді. Соның арқасында бәрі ойдағыдай болды, – дейді Серік.

Серік өзінің білімге деген құштарлығының арқасында өзінің қатарластары мен замандастарына бәріне де ешқандай қаржысыз қол жеткізуге болатындығын дәлелдеген қазақтың бір баласы. Мәселен, оның дарыны мен құлшынысын бағалағандықтан, Америка жеріндегі бір жыл бойғы тұратын жері мен тамағын, жолақысын, тағы да басқа шығындарын түгелімен еліміздің Білім және ғылым министрлігі және техникалық университет көтеріп алған. Білімді студент өз қалтасынан бір тиын да шығармаған. Түсінгеніміздей, арнайы бағдарлама аясында жыл сайын Қазақстан бойынша екі балаға Серік сияқты шетелде оқып келуге мүмкіндік жасалған. Ал қай елдің университетіне жіберуді университет басшылығы ішкі саясаттарына сай өздері таңдауға құқылы.

Бір жыл бойы ел бетін, туыстарды, курстастарды көрмей шетелде жүру жас жігітке оңай емес, әрине. Серіктен ол жақ пен бұл жақтағы жоғары білім берудің айрмашылығы мен ұқсастықтарын сұрадық.

– Мен АҚШ-тың астанасы Вашингтондағы LADO халықаралық институтында білім алдым. Жалпы, білім алу ол жақта барлық жағынан өзгеше. Оқытушы мен студент арасында өте тығыз байланыс орнаған, білім деңгейі өте жоғары. Бізбен салыстыра алмайсың. Маған ұнағаны, дәріс тыңдауда болсын, емтихан, сынақ тапсыру кезінде болсын студенттер білім алуға өте адал. Олар тек өздері үшін білім алып жатқанын өте жақсы түсінеді және өз уақытын толықтай білім алуға жұмсайды. Бізде, студенттердің көп уақыты босқа өтетіні өкінішті. Біз барған жылы 18 мемлекеттен студенттер оқыдық. Оқу тек ағылшынша. Шамамның келгенінше тырысып, Қазақстанның атына сын келтірмей, үздік оқуға тырыстым, – дейді кейіпкеріміз.

Үйдің тұңғышы Серік ана тілімен қатар ағылшын, түрік және орыс тілдерін жетік меңгерген. Бұл ретте өзі оқыған қазақ-түрік лицейіне және осындай биік дәрежеге жеткізген университеттегі оқытушылары, техника ғылымдарының кандидаттары Бекболат Махиевке және Александр Хапинге алғысы шексіз екенін айтады.

Жастарды жасқанбауға шақырады

– Біздің жастарымыз көбінде тіл білмейміз деп жасқанады. Ал шетелге оқуға тіл білмей-ақ та баруға болады. Тіл үйрену де сол бағдарлама ішіне кіретінін білмейді. Сондықтан еш қорықпау керек. Өзім қатарлас жастарға соны айтқым, үйреткім келеді. Қазір менен кейінгі қарындасым да алты жыл бойы шетелде білім алды. Одан кейін кенже інім бар. Әке-шешеміз біздің барынша білім алуымызға мүмкіндік жасады. Енді соның нәтижесін ата-анама, елімізге көрсетсем деймін. Осыған дейін елімізден көп ұсыныстар болды, Түркиядан ұсыныс түсті. Алайда, мен осы Шығыста қалып, туған жерімде қызмет етуді жөн санадым, – дейді жас жобалаушы Серік Сейітқанов.

Қазіргі уақытта Серік өзі дүниеге келген Өскемен қаласында алдағы уақытта орнатылуы тиіс бірқатар сәулеттік жобаларды, шағын архитектуралық формаларды әзірлеуге кірісіп кеткен.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button