Спорт

Жас биатлоншылардың қарымы мықты

Риддер – еліміздегі қысқы спорттың астанасы. Жуырда осы қалада отандық биатлонның даңқын асқақтатқан спортшы Инна Можевитинаның құрметіне арналған жарыс өтті.

Инна Витальевна – бүкіл өмірін биатлонға арнаған адам. Ол бұл спорт түрімен 1996 жылдан айналыса бастады, ал қазір 37 жасында ол өзінің барлық күш-қуатын жергілікті балаларды жаттықтыруға жұмсап жүр, шәкірттері арасында мерген әрі шаңғы тебуде алдына жан салмайтын көптеген балалар бар.

Инна Можевитина – жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының алтын медалін иеленген алғашқы қазақстандық биатлоншы. 2004 жылдың қаңтарында ол Францияда бір алтын және екі қола медаль жеңіп алды. Содан кейін жекелей жарыста және спринтте үшінші болды. Ал оны чемпион атандырған қуалау жарысындағы жетістігі еді. Шын мәнінде, ол қазақстандық биатлонды әлемге тұңғыш рет таныстырған болатын. Галина Вишневская тек оның жолын жалғастырды.

Биыл Инна Можевитинаға арналған балалар биатлонынан Риддер қаласының ашық біріншілігі шаһар орталығындағы Матрёнин Соколок тауында өтті, атыс алаңы осы шоқының бөктеріндегі бұрынғы карьерде орналасты. Жарысқа Риддер мен Өскеменнен төрт жас санаты бойынша жүзден астам ұлдар мен қыздар қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша 2014 жылы туғандар және одан кішілер арасында Богдан Дудченко мен Елизавета Рыбак, 2012-2013 жылы туғандар арасында Давид Сподин мен Елизавета Тихомирова, 2010-2011 жылы туғандар арасында Егор Немцев пен Варвара Небогатова, 2008-2009 жылы туғандар арасында Леонид Жулин мен Александра Бедырева алғашқы болды. Бұлардың бәрі де – Риддердің өрендері.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button