Жас ақындар Тәуелсіздікті жырлады
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен облыстық ішкі саясат басқармасы бірлесіп «Тәуелсіздік толғауым» атты жас ақындардың мүшәйрасын өткізді.
Алдын ала жарияланған мүшәйраға 19 бен 25 жас аралығындағы 25 үміткерден өлеңдер түскен. Байқау шарты бойынша олар бір тақырыпты тәуелсіздікке арнаса, екінші өлең еркін тақырыпта болды.
Ұйымдастырушылар келіп түскен өлеңдердің ішінен 9 үміткерді ақтық сынға шақырып, жырларын қазылар алқасының талқысына салған. Үміткерлердің қатарында мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, сондай-ақ, мектеп оқушылары да бар. Бұл шара А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтті. Мүшәйра басталмас бұрын аталмыш кітапхана қызметкері жастарды төл әдебиетімізге тарту мақсатында «Ақындық өнер» атты өңірімізге белгілі ақындар туралы кітап көрмесін ұйымдастырды.
– Өңірімізде әртүрлі шаралар өтіп жатады, десе де, жас ақындар арасындағы мүшәйралар сирек. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы шараны қолға алып отырмыз. Тәуелсіздік дейтін қасиетті ұғымды жастар қалай жырлайтынын көргіміз келді, әрі олардың шығармашылығын қолдайық дедік. Ендігі міндет қазылар алқасының еншісінде, өнерлеріңізге әділ бағасын береді деп сенемін. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, – деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.
Жас ақындардың шабысына облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Раушан Алдабергенова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысының бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Мұратхан Кенжеханұлы, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының бас әдіскері Гүлжан Солтанғалиева, А.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың өлкетанушы-кітапханашысы Зиза Слямова баға берді.
Шынын айту керек, ұйымдастырылуы мен жарнамасына қарап бұл мүшәйрадан сондай жоғары деңгей күткен едік. Бірақ қара үзіп шыққан ақын болмады. Үміткерлердің көбі өлең құрылысының ерекшелігін толық меңгермегені қынжылтты.
Қазылар алқасы ақылдаса келе, Ұлан ауданы Бозанбай орта мектебінен келген Жансая Сейітке бірінші орынды берді. Екінші орынды Катонқарағай ауданы Юбилейное орта мектебінің оқушысы Бұлбұл Талапхан еншіледі. Үшінші орын Өскемен қаласы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының оқушысы Нұрболат Советхановқа бұйырды. Бұдан бөлек жүлдеге ілінбесе де, жырдан алынбаған еншісі бар екенін аңғартқан өскемендік Құндыз Тасқынбек, жармалық Самал Мәден, катонқарағайлық Мерей Жарқынбек сынды жас ақындар халықтың ыстық ықыласына бөленді. Айтпақшы, бұл мүшәйраға өлеңін жіберіп үлгермей қалған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенттері Балауса Қожаева мен Тасқын Болатұлы өз өлеңдерін қазылар алқасының назарына ұсынды. Бірақ бағаланған жоқ. Әйтпегенде бүгінде өлеңге өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгірген қос ақын жүлделі орындардан көрінер ме еді, кім білсін?! Алда әлі талай жарыстар бар деп жұбаттық оларды. Жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табысталды.
Арман Марқа