Білім

Жас ғалымдар инновациялық жобаларын ұсынды

Жас  ғалымдар инновациялық жобаларын ұсынды

Кеше облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да «Жастардың шығармашылығы – Қазақстанның инновациялық дамуына» атты ІІ халықаралық техникалық-ғылыми конференция өтті. Конференцияда алыс-жақын шетел мен Қазақстанның қалаларынан келген озық ойлы студенттер, магистранттар және жас ғалымдар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды.
Қазақстанның дамуына, гүлденуіне бағытталған II халықаралық конференцияда Алматыдан, Ақтөбеден, Семейден келген жас ғалымдармен қатар, Ресейдің Санк-Петербург мемлекеттік университетінен, Тәжікстанның комерция университетінен келген жас студенттер қатысып, баяндама жасады. «Міндеттерді конфейерлік түрде жасауды басқарудың автоматтандырылған жүйесі», «Түсті металлургиядағы қатты қалдықтардың құрамын, физика-химиялық және каталитикалық қасиетін зерттеу», «Вельцпештерінен таскөмір шайырын ұстап қалу жүйесі», «Қабатты жүйелерін әзірлеуде қалау массивтерінің төзімділік қасиеттерін жақсарту» сынды тақырыптарда оқылған баяндамаларға тәжірибелі үлкен ғалымдар да өз ой-пікірлерін қосты.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың айтуынша, «Қазцинк», «ҮМЗ» және «ТМК» ЖШС-терімен бірлесіп, ауқымды он жоба қолға алынып жатыр. Маңызды жобаларды ұсынған өңірдің жас ғалымдары мен студенттер екен.
– Конференцияның жастар үшін маңызы зор. Өйткені, Өскемен өнеркәсіпті қалалардың бірі. Жалпы облысымызда 100-ден астам өндірістік кәсіпорындар бар екен. Сондықтан да, ғалымдарды шеттен іздемей, өзіміздегі жастардың талабын ұштауымыз керек. Биылдың өзінде жас ғалымдардың қатысуымен үлкен-үлкен он жоба бастап жатырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде өтіп жатқан II халықаралық ғылыми-техникалық конференцияда сөз алған «Машинажасау» мамандығының докторанты Алина Ким қазіргі кездегі энергия және ресурс үнемдеу мәселелері жөнінде сөз қозғады. Оның айтуынша, энергия мен ресурстарды үнемдеу мәселелері барынша өткір болғандықтан, елеу үрдістері технологиясының дамуы аса көкейтесті болып табылады. Елеу үрдісінің тиімділігін арттыру үшін өнімділігі жоғары және аз қуат тұтынатын жаңа классификациялаушы құрылғыны енгізу қажет, сонымен қатар, сұрыптаушы агрегаттардың жаңасын жасау, қолда барын жаңарту керек.
Ал «Техникалық физика» мамандығының докторанты Аманжол Тұрлыбекұлы детонациялық жүктелу салдарынан өзгеретін болаттың төзімділігі туралы айтты. Студенттің айтуынша, сыртқы детонацияда физикалық үрдістер көп жылдан бері зерттеліп келеді. Алайда, әлі күнге дейін өзгерістердің себеп-салдары анықталған жоқ екен. Бүгінде Аманжол Тұрлыбекұлы жетекшісі Сергей Плотниковпен бірлесіп болаттың құрамындағы өзгерістерді бүге-шігесіне дейін зерттеп жүрген көрінеді. Алматыдан келген \”Менеджмент\” мамандығының студенті Александр Симонов қаладағы қолданылмай жатқан жерлерді кеңінен пайдаланып, ауылшаруашылық өнімдерін өсіруді ұсынды. А.Симонов жасаған жобаның мақсаты – сауда орындарының шатырларына жылыжай салып, халықты балғын өнімдерімен қамту. Бірақ мұндай жылыжайлар Еуропа елдеріне тапсырыс беру арқылы жасалады екен. Бағасы да көлеміне қарай әртүрлі.

Мерей Қайнаров

Осы айдарда

Back to top button