Спорт

Жарыс жолына ардагерлер шықты

Облыс орталығында ардагерлер арасында желтоқсаншы Әлімхан Әбдіқалықов атындағы ерекше турнир ұйымдастырылды.

Аталмыш спорттық іс-шараға негізінен 70 пен 85 жас аралығынды ардагерлер қатысты. Үш күнге созылған турнир барысында шахмат пен дойбыдан, сондай-ақ бильярд пен волейболдан сайыстар өтті.

Бұл ретте волейбол жарысы ЖМК ауданындағы №45 мектепте ұйымдастырылғанын айту керек. Жақында дәл осы аудандағы Оралхан Бөкей атындағы №44 мектепте оқушылар арасындағы үстел теннисі мен қол күресі жарыстары да өткен болатын. Бұл додалардың ұйымдастырылуына да ел үлкендерінің қосқан үлесі аз емес.

Ал енді ардагерлер арасындағы бәсекенің қорытындыларына келсек, бұл жолы жүлделі орындардан көрінгендер ақшалай сыйлықтарға ие болып, дипломдармен және мақтау қағаздарымен марапатталды. Турнир соңынан іс-шараның басы-қасында жүрген азаматтар спортқа ден қойған ардагерлерге облыстық ақсақалдар кеңесінің Алғыс хаттарын  табыстады. Көптің көңілінен шыққан жиын фотоға түсумен қорытындыланды.

Хакім Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демекші, қаймағы бұзылмай отырған осындай ардагерлер ұйымдарының тыныс-тіршілігіне ел дән риза.

Әлібек Нұрмұхамедов

Осы айдарда

Back to top button