Жарты сағатқа артық үзіліс беріледі
Облыстағы шағын ауылдардың мектеп оқушыларына 30 минуттық артық үзіліс берілмек. Бұл балаларға үйлеріне барып тамақтанып алуы үшін жасалған мүмкіндік.
«Альтернативті тамақтану» деген ресми атауға ие жарты сағаттық демалыс өңірдегі 83 шағын комплектілі мектепте жүзеге асырылмақ. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиевтің айтуынша, бала саны өте аз білім ошақтарында асхана немесе буфет сияқты тамақтану орындары жұмыс істемейді. Ал арнайы ас ішетін бөлмемен қамтылмаған мектептерде балаларды ауқаттандыруға рұқсат берілмейді. Сондықтан білім саласының басшылары осындай қадамға барып отыр. Бұл бір жағынан тиімді де, өйткені шағын комплектілі мектептер сәйкесінше шағын ауылдарда ғана бар.
Ендеше оқушының үйіне жүгіріп барып, жүрек жалғап алуына 30 минут артығымен жеткілікті дейді мамандар.