Мәдениет

Жарты ғұмырын ұлы Абайды бейнелеуге арнапты

Жарты ғұмырын ұлы Абайды бейнелеуге арнапты


Риддерде Юрий Хабаров есімді ерекше суретші тұрады. Өмірінің саналы бөлігін музей ісіне арнаған қария Абай әлемін шығармашылығына өзек етіп келеді.
Юрийдің отбасы 1943 жылы өзге де алман әулеттерімен бірге Украинаның Донбасс өңірінен Аягөзге күшпен қоныстандырылыпты.
Солайша балалық шағы «Сталин» колхозындағы қазақтардың арасында өткен. Кейін Семейден жоғары білім алды. Болашақ педагогты Абай әлемі осы кезде баурайды. Аягөз қазақтарынан да ақынның нақылдарын көп естіп өскен Юрий Хабаров Семейдегі музейде Абай өміріне тікелей қатысы бар жәдігерлерді көріп, біржола зерттеуге кіріседі. Осы ой оны М.Әуезовтің роман-эпопеясын түпнұсқада оқуға да итермелеген. Ал суретшілік қабілетін арнайы үйірмеде шыңдайды. Оқу бітірісімен жолдама бойынша Риддерге келген Юрий көп өтпей шаһардың өлкетану музейін ашты. Осы музейде зейнетке шыққанша басшылық қызмет атқарған ол жұмыстан қолы қалт еткенде Абай әлеміне қалам тербейтін. 86 жастағы қария қолынан әл кеткенге дейін осы машығын тоқтатқан емес. Соның арқасында бүгін оның мұрағатында ақын өмірінен сыр шертетін майлы бояумен және акварельмен салынған 100-ден астам сурет сақтаулы тұр. Алғашқы 28 суретті өзі құрған музей әр данасын жеті мың теңгеден сатып алып, мәдени мұралар қатарына енгізген екен. Мұражай директоры Гүлнәр Бәкібаева осы суреттерді алып Абай ауданы мен Семей қаласында көрмелер өткізгендерін айтады.

– Қарауыл жұрты да, Семей қаласындағы әріптестеріміз де Юрий Хабаровтың суреттерін жылы қабылдады. Әйгерімнің көзін көрген қарауылдық қария Юрий Хабаров салған сурет өте ұқсайтынын айтып, тамсанған болатын, – дейді ол.

Мұражайдағы суреттерді көріп М.Әуезовтің «Абай жолы» романына саяхат жасағандай күй кештік. Абай тақырыбына адал суретшінің өзімен тілдескіміз келіп, үйіне іздеп бардық. Кәріліктен қаусап отырған қарт әңгіме оның суретшілігі жайында болатынын білгенде жадырап, қанаттанып шыға келді.

– Алғашында өзім салған бейнелер ойдан туындағандықтан «осы қалай болар екен?» деген күдік маза бермеді. Содан өзім салған суретке қарап алып, «Абай жолындағы» портреттік мәтіндерді оқимын. Істеп жүргенім бекер емес екеніне өзімді осылай сендірдім. Кейін Абайдың суреті барлық басылымдарға жариялана бастады. Осы кезде түпнұсқадан алшақ кетпегенімді байқап, түбегейлі Абай тақырыбына тұрақтадым. Кейде қарап отырсам, кейбір бейнелер Аягөздегі ауылдастарымнан алынған сияқты, – дейді Ю.Хабаров.

Суретші салған дүниелері іздеусіз қалар деп уайым шекпейтінін айтады.

– Бұл суреттерді мен атымды шығарып немесе пайда табу үшін салған жоқпын. Тек өзім үшін сыздым. «Абай айтқандай, өз сөзім өзімдікі», – дейді.
Қарияның айтуынша, жыл бұрын Өскеменнен бір адам Юрий қартты арнайы іздеп келіп, Абай тақырыбындағы суреттерін түгел сатып алуға уәде беріпті. Бірақ неге екені белгісіз, ол адам қайтып Ю.Хабаровқа хабарласпаған.

Альбомдарын кезек-кезек қолына алып, әр суретті қалай салғанын баяндап Юрий қарт бізді біршама бөгеді. Өмірінің жартысын қазақтың бас ақынын бейнелеуге арнаған қарияға біз де құрметпен қарадық.

Жарты ғұмырын ұлы Абайды бейнелеуге арнапты

Есімжан Нақтыбайұлы
Риддер.

Осы айдарда

Back to top button