Жарты ғасырлық мектеп жасанып, жаңғырып жатыр
Зайсан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 50 жылдық мерейтойы ел есінде ұзақ сақталатындай атап өтілді. Осы мектепте білім берген, жас ұрпақтың қанат қағуына лайықты үлес қосқан, сонау Мәскеуден келген Наталья Сабатаева, Астана, Алматы, Тараз, Семей және Өскеменнен жиналған қонақтар жаңарып, жасарған нұр Зайсанның келбетін, орталық алаңдағы Бәйтеректі, ауданда пайдалануға берілген бірнеше спорт модульдері мен саябақты, көркіне көз тоятын заманауи қонақүйлер мен сауда орындарын тамашалап, ризашылықтарын білдірді. Республикамыздың түкпір-түкпірлерінде жүрген шәкірттерімен қауышқан бапкерлер Наталья Сабатаева, Мақсұт Сармантаев, Шорман Мазақов, Қалимолда Саданов, Ғалым Мұқатаев, Ғазиз Найзабаев, түлектер – Нұрлан Қасымжанов, Файзолда Қойшыманов, Арыстанбек Әкімтаев, Ермек Игиликов, Руслан Қайролданов кездесуде сол бір қимас шақтарын еске алды.
Мектеп директоры С.Бодаев құттықтау сөз сөйледі. Бұдан кейін мінбеге көтерілген Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов өңірде денешынықтыруға және спортпен шұғылдануға тамаша мүмкіндіктер туғызылып отырғанын атап өтті. Салтанатты жиналыс аяқталғаннан кейін, осында әр жылдары тәлім-тәрбие алып шыққан түлектер, ардагер спортшылар бір ғасырдан артық тарихы бар бұрынғы спорт мектебінің ескі ғимараты – қазіргі күрес залына саяхат жасады. Қазіргі заманға сай салынған ғимаратта аудан жастарының спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Бұдан соң жаңадан бой көтерген жекпе-жек спорт модулінің салтанатты ашылуы басталып кетті. Бұл – аудандағы алтыншы спорт нысаны. Онда балалардың еркін, грек-рим күресі, дзюдо және басқа да спорт түрлерімен жаттығуына жағдай жасалған. Модульдің ашылу салтанатына арнайы келген ауданның бұрынғы әкімі, қазір облыс әкімі аппаратының басшысы Алмас Оңдақанов спорт мектебінің ұжымын 50 жылдық мерейтойларымен құттықтап, облыстық спорт басқармасының алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарын табыс етті. Сондай-ақ, осы мектепте 40 жылдан артық еңбек етіп, 35 жыл директор болған ардагер ұстаз Ғалым Мұқатаевқа облыс әкімдігінің мадақтама қағазы тапсырылды.1970-74 жылдары волейболдан жаттықтырушы болған, мектептің 50 жылдық мерекесіне арнайы Мәскеу қаласынан ат терлетіп келген Наталья Сабатаеваның жүрекжарды лебізі көпшілікті тебірентті.
Жаңадан ашылған ғимараттың лентасын Мақсұт Сармантаев және ардагер жаттықтырушы, көп жылдар бойы спорт мектебінің директоры қызметін атқарған Шорман Мазақов қиды. Бұдан кейін ән мен күйге кезек берілді.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.