Мәдениет

\”Елбасы жолы\” әркімді асқақ арманға бастайды

"Елбасы жолы" әркімді асқақ арманға бастайды

Шығыс жұрты еліміздің барлық өңірлерінде бір мезетте үлкен экрандардан көрсетілген «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалпыұлттық таныстырылымын облыс орталығындағы Үлбі мәдениет сарайында тамашалады. Көрермендер қатарында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та болды.

«От өзен» және «Теміртау» атты екі фильмнен құралған бұл киноэпопея осыдан біраз жыл бұрын түсіріліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Балалық шағымның аспаны» фильмінің жалғасы сынды әсер қалдырды біздерге. Иә, бұл жолы да Елбасының жалынды жастық шағын белгілі актер Нұрлан Әлімжанов сомдапты.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Ақиқаттың ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты кітаптарының ізімен түсірген көркем фильмнің сценарийін Шахимардан Құсайынов пен Рүстем Әбдірашев бірлесіп жазған екен.
Көрген жанның көңіліне нұр сыйлайтын бұл туынды Нұрсұлтан Әбішұлының 1958-1968 жылдар аралығындағы студенттік кезеңі мен алғашқы еңбек жолындағы 10 жылды бейнелеген.

Түсірілім қыраны көкті шарлаған, сұлу табиғаты жан біткенді арбаған Үшқоңырдағы жылқышы ауылынан бастау алады. Жылқы бағып, әке ақылын көңілге тоқып өскен Сұлтанның туған жеріндегі тасбұлақтан мейірлене жұтуы әрбір жанның туған жерге деген сағынышын бүлк еткізеді. Бұдан кейін Теміртаудағы металл өңдейтін зауытқа арнайы жолдамамен келген бозбала жұмыстың ауырлығына мойымай, ыстық-суықтан жасқанбай, беріле еңбек еткені, сол кездегі Теміртаудың қоғамдық өміріндегі кейбір келеңсіз жағдайлар фильмде нанымды көрсетілген.

Алған бетінен қайтпайтын арманшыл жас қос алақаны мүйізгекке айналғанша еңбектеніп, сол жерден Украинаның Днепродзержинск қаласына оқуға аттанады. Өзге елде жүріп те өз намысы мен қазақтың абыройын аяққа таптатпаған алғыр жас сұлу қаладағы студенттік кезеңінде көптеген достар табады, азғана жылдың ішінде-ақ спорт бойынша елеулі нәтижеге қол жеткізеді. Міне, осы бір көріністердің барлығы әсіресе, бүгінгі жас ұрпаққа, студенттерге керемет өнеге болары сөзсіз. Оқуын жақсы тәмамдаған жас «Ер – туған жеріне» деген ұстаныммен, ештеңеге алаң болмай Қарағандыға қайтады. Еселі еңбек етеді, сол еңбегімен елге танылады. Біртіндеп өрлей бастайды…
Фильмдегі ең әсерлі шыққан тағы бір көрініс – Сұлтанның Сара есімді қызбен арадағы махаббаты бейнеленген тұстары. Иә, бұл кадрлар ет жүректі пенденің сезім қылын бір сәтке дір еткізбей қалмасы анық. Ал оның өндіріс орнында мүгедек болып қалған дос үшін жанын сала жүгіргені, оны баспаналы еткен ерлігі мен достыққа адалдығы – кез келген адам үлгі алатын тамаша құндылық.

… Иә, мөлдір махаббат, адал достық, асыл мұрат, асқақ арман бейнеленген туындыдағы Елбасының ерлік тұнған өмір жолы бүгінгі жастарға да, ертеңгі ұрпаққа да үлгі-өнеге болары ақиқат.
Біз аталған фильм көрсетіліп болған тұста оны тамашалап шыққан бірер адамды сөзге тартқан едік.

Фрунзе Жақсылықов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы:

– Фильмді бастан-аяқ, ерекше сезіммен көріп шықтым. Ешқандай боямасыз, әдемі әрі әсерлі түсірілген. Шынын айтсам, осы бір фильмді тамашалау арқылы өзімнің бозбала дәуіріме қайта бір саяхат жасап қайтқандай болдым. Қойылымда Елбасының да қарапайым отбасынан шыққандығы, оны осындай биік шыңға тек талмай атқарған еңбегі ғана жеткізгені нанымды көрсетілген. Өз басым бұл фильмді көрген кез келген жас өзінің болашағының іргетасы дұрыс қаланса, барлық жетістіктерге қол жеткізуге болатынын әбден сезінді деп ойлаймын.

Еркін Бейбіт, Өскемен қалалық жастар орталығының маманы:

– Тамаша туынды. Үш сағатқа жуық уақыттың қалай тез өтіп кеткенін сезбей де қалдық. Елбасымыздың өнегелі өмір жолы әрбір талапты жасқа сөзсіз өнеге болады. Президентіміздің еңбекке, сабаққа, спортқа, қоғамдық өмірге белсене араласып жүргенін көріп отырып, барлығына қалай уақыт жеткізгеніне таңғалдым. Біз бұл жолы елін сүйген Елбасымыздың жалынға толы жастық шағының бір бөлшегін, яғни, он жылын ғана көрдік. Мен Елбасымыздың одан кейінгі өмір жолының да көркем фильмге арқау болатынына сенемін және сол бір сәтті асыға күтемін.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button